Кеше елордадағы «Radisson SAS» қонақ үйінде Астана Еуразиялық экономикалық қауымдастығы интеграциялық комитетінің мәдениет жөніндегі кеңесінің ІІ отырысы өтті.
Мәжіліске ЕурАзЭҚ-ке мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері мен орынбасарлары қатысты. Жиынға қатысқан қонақтардың ішінде Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының өкілдері де болды.
Мәжілісті Еуразиялық экономикалық қауымдастығы Интеграциялық комитетінің төрағасы Александр Авдеев ашты. Ал алғашқы сөз кезегін алған ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде: «ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің кеңесі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен елімізде екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы ірі халықаралық ұйымға төрағалық еткен Қазақстан бұл жолы Ислам конференциясына төрағалық етпек. Бұл ретте, осы жерде сіздерді қабылдап, кезекті отырысты өткізіп отырғанымызға қуаныштымыз», – дей келе ол жыл сайын елімізде халықаралық конкурстар, театр фестивальдері, «Еуразия» кинофестивалі өтіп тұратынына, жуырда ғана оныншы Мәскеу Пасхальді фестивалі шеңберінде Санкт-Петербургтегі В.Гергиев жетекшілік ететін Мария театрының симфониялық оркестрінің кеші Астана мен Алматы қалаларында өткендігіне тоқталды. Одан әрі ол қонақтарды кешке қарай «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің Өнер фестиваліне, сондай-ақ ЕурАзЭҚ халықтары мәдениеттері ІІ фестивалінің ашылу салтанатына қатысуға шақыруды да ұмытпады.
Бұдан соң мәжілісте Еуразия экономикалық қауымдастығы Интеграциялық комитетіне мүше мемлекеттерден келген мәдениет өкілдері келелі мәселелерді ортаға салып, оның шешу жолдарын қарастырды. Онда ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттердің мәдениет саласына байланысы туралы келісім жобасы, жобаның негізгі бағыттары мен оларды жүзеге асыру жолдары, ЕурАзЭҚ халықтарының ІІ Мәдениет фестивалі, ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің хатшылығымен өзара түсіністік туралы меморандумның орындалу барысы туралы сөз болды. Сондай-ақ, БҰҰ білім, ғылым және мәдениет жөніндегі (ЮНЕСКО) хатшылығымен арадағы мәдениет саласына қатысты мәселелерге байланысты да әңгіме қозғалды.
Және Кеңестің іс-жоспарының стратегиялық бағыт-бағдары талқыланып, қоғамдастықтың жалпы мәдени кеңістігін қалыптастыруға бағытталған мәдениет саласы бойынша интеграцияланудың нақты механизмдерін анықтау мәселесі де сөз болды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.