Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы аясындағы Ұлттық комиссияның аймақаралық форумы Қазақстан бастамасымен өтті
БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мәдениеттердің жақындасу жылының аяқталуына орай биылғы жылдың сәуірінде Франция астанасы Парижде Ұлттық комиссияның қорытынды аймақаралық форумы өтті. Аталмыш форум Қазақстанның бастамасы негізінде ЮНЕСКО-ның жетекшілік етуімен өткізілді.
Форум жұмысына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің өкілдері қатысты. Аталмыш жиынға қатысушылар қоғамда туындайтын барлық мәселелерді тек жұмыла және өзара ынтымақтастық жағдайында ғана шешу мүмкін деген ортақ байлам жасады. Олар екі күнде жыл бойы жинақталған тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстан жағынан атқарылған біршама іс-шаралар жайлы айтылды.
Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы аясындағы жобаларға 74 іс-шара (конференциялар, семинарлар, форумдар, симпозиумдар, көрмелер, фестивальдер) енген десек, қабылданған республикалық жоспардың ішінен Орталық Азия елдерінің ІІІ халықаралық театрлар фестивалін ерекше атап өту керек. Бұл фестивальде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттерінің және Қазақстанның театрлары спектакльдермен, жанрлардың әртүрлілігімен, актерлердің шебер ойындарымен көрерменнің көңілінен шықты. Шетелдік авторлардың қойылымдарымен қатар, Шыңғыс хан, Томирис, Мұстафа Шоқай сынды тарихи тұлғаларға арналған қойылымдар да болды. Аталған фестиваль айқын мәдени оқиға ғана болып қоймай, елдердің тарихи ортақтығын көрсетуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолы» атты ІІІ халықаралық музыка фестивалі мен «Қорқыт және дала әуендері» атты түркітілді халықтардың халықаралық фольклорлық-музыкалық фестивалі жылы қабылданды.
Қырғызстаннан, Ресейден келген атақты ғалымдардың, Украина, Палестина және ОАР елшіліктерінің өкілдерінің қатысуымен өткен «Қазақстан – бейбітшілік пен келісім аумағы» атты ғылыми-практикалық конференция үлкен қолдауға ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстанда өткен халықаралық деңгейдегі дәстүрлі іс-шараларды атап өтпеуге болмайды. Бұл орайда «Опералия» халықаралық фестивалі, қуыршақ театрының халықаралық фестивалі, «Еуразия» халықаралық кинофестивалі, «Ұлы дала әуені» дәстүрлі өнерінің халықаралық фестивалін атап өтуге болады. Өткен жылы Қазақстанда Сауд Арабия Корольдігінің, Оман Сұлтандығының, Беларусь пен Үндістанның мәдениет күндері ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлер кеңесінің жуық күндері өтетін отырысына біздің еліміз мәдениеттер арасындағы диалог мәселелері, төзімділікті нығайту және мүше мемлекеттердің қысым көрсетудің барлық түрлерімен күресу бойынша күштерін жалғастыру сияқты сұрақтарды шығаруға ниетті.
Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы шеңберінде өткен іс-шаралар қорытындылары бойынша барлық қатысушылар бүгінгі әлемде мәдениетаралық диалог нәтижесі әр мемлекеттің тікелей қолдау көрсетуі мен ниетіне байланысты екендігін бірауыздан атап өтті.
Олар сондай-ақ, диалогқа, мәдени өзара байланысуға, басқа мәдени құндылықтарға төзімді қарым-қатынаста болуға ешқандай балама жоқтығын да атап көрсетті. Бұл іс-шараның маңызды жағы қатысушылар мәдениетаралық диалогты кеңейту мен тереңдету қажеттігі туралы ұсыныстарын жеткізді. Онымен қоса, Қазақстан тарапынан мәдениетаралық диалогтың онжылдығын қатысушылар санын көбейтіп өткізу керек деген ой айтылды. Сондай-ақ, мәдениетаралық диалогты терең негізделген іс-шаралар стратегиясына айналдыру мақсатымен сараптамалық, ғылыми құрылымын нығайту туралы ұсыныс жасалды.
Осылайша, Қазақстан мәдени және өркениеттік диалогты сақтау мен дамытуға өз үлесін белсенді түрде жалғастыруға дайын екендігін білдірді.
Ғазиз ТЕЛЕБАЕВ, Мәдениет вице-министрі.