20 Мамыр, 2011

Тасқын зардаптарын жою жауапкершілікті талап етеді

334 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Биылғы көктемде Батыс Қазақстан облысында болған су тасқынының зардаптарын толық қалпына келтіру мәселе­ле­ріне арналған үкіметтік жедел кеңес қалада жүріп жатқан құрылыс басында өткізілді. Облысқа арнайы келген Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов  мәселені төтесінен қойып, бүгінгі іс­тің жай-күйі қандай деп бірінші вице-премьер Ө.Шөкеевке сауал тастады. Кең де жайлы, жұмсақ кабинетте емес, құрылыс прорабы­ның шағын жұмыс орнында ол Үкі­мет басшысына тиісті хабарлама жасады. Өйткені, Ө.Шөкеев түс ауа ұшып келіп, тасқын су зардаптарына көбірек ұшыраған Тасқала, Зеленов аудандарында және Орал қаласында болып, Үкі­мет басшысының сауалында ай­тылғандай, бүгінгі істің жай-күйі­мен танысқан еді. Қазір облыста тасқыннан келген шығынның мөл­шері түбегейлі анықталды.  Ақ­жайық аймағында орын алған үлкен табиғат апатына бай­ла­ныс­ты Үкімет төрт қаулы шығарды.  Соңғы төртінші қаулыға сәйкес үкіметтік резервтен 6 миллиард 680 миллион теңге бөлінді. «Са­мұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 5 миллиард теңге ауда­рылды. Жалпы сомасы 17 миллиард 372 миллион теңге қаражат тасқын су зардаптарын жоюға, жаңа құрылыстар салуға жетеді деп есептеліп отыр. Яғни, қанша сұ­ралса, сондай көлемдегі қара­жат Орал өңіріне жөнелтілді, – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Бұдан әрі ол өзі аралаған ау­мақ­тардағы құрылыстардың жай-күйіне тоқталды. Оның қысқаша мән-жайы төмендегідей. Тасқала ауданының орталығы жаңадан тұр­ғызылатын бес бірдей көше­мен толықпақ. Ал Зеленов ауда­нының орталығы Пере­мет­ный кентінде барлық жаңа құ­ры­лыс­тың іргетасы әзір. Тас қа­лау жұ­мыс­тары басталуда. Жаңа шағын аудандарда су құбыры жүйе­лерін тарту жұмыстары аяқталған. Со­ны­мен бірге жол салу, жылу жүй­е­лерін жүргізу және жарық­тан­ды­ру жұмыстары қатар атқары­лу­да. Қазір Орал қала­сы­ның 5-ші ша­ғын ауданында да құ­рылыс жұ­мыс­тары қызу қар­қын­мен бастал­ды. Мұндағы сал­ы­на­тын жаңа ны­сан­дар саны жетеу. Қазіргі жұмыс ырғағы белгіленген кестеге сай. Мердігер ұйымдар құрылысты 1 қыркүйекке дейін аяқтауды көздеп отыр. Бұған дейінгі деректерде облыста тасқын судан бүлінген тұрғын үйлер мен саяжайлар, әлеуметтік нысандар, мектептер мен балабақшалар саны айтылған болатын. Әрі оны біз бұған дейінгі материалдарымызда бірнеше дүркін көрсетіп жазған едік. Алайда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл деректерге онша қанағаттанбай, тасқыннан нақты қанша адам зардап шеккенін анық­­таған жөн болатынын жеткізді. Бұл мәселеге түсінік берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов не тұрақты мекен-жайы, не тіркелген белгілі бір тұрағы жоқ адамдардың  қазіргі кезде көбейіп отырғанын айтты. Осы мәселеге байланысты заңдық-құқықтық тұрғыдан тексеру жұмыстары қолға алынды, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. Бұдан әрі Премьер-Министр көкейіндегі кезекті сауалын Орал қаласының әкімі С.Оразовқа ба­ғыттап, облыс орталығындағы эва­­куациялық қосындардың бү­гін­гі тыныс-тіршілігін білгісі келетінін жеткізді. – Бүгінгі күні қаладағы төрт эвакуациялық қосында мыңнан астам адам уақытша тұрып жа­тыр. Оларға қажетті барлық тұр­мыстық жағдайлар туғызылған. Әрқайсысына бөлек папка ашыл­ған,  деді Үкімет басшысының сауалына орай қала мэрі. Эвакуациялық қосындағы уа­қыт­ша тұрғындардың жәй-күйі туралы әңгіме  қозғалғанда Кәрім Қажымқанұлы оларды түгелдей дерлік еңбекке орналастыруға ық­пал жасау қажеттілігін жергілікті атқарушы органдар бас­шыларына шегелей тапсырды. Содан соң Премьер-Министр К.Мәсімов Төтенше жағдайлар министрі В.Божкоға биыл Орал өңірінде болған тасқын судан қандай тағылым мен сабақ алдыңдар деген сауал қойды. Бұл сауалға министр биылғы көктемде мұнда егемендікпен бір­ге тұсауы кесілген ми­нистр­ліктің құтқару қызметі тұңғыш рет жауапты сыннан өтті. Әрине бәрі керемет дей алмаймыз. Жетпей, олқы түскен тұстарымыз да бар екенін білдік. Сондай-ақ төтенше жағдай бір ғана схема бойынша  іс-қимыл танытудан бас тарту қажеттілігін айқын көр­сетіп берді. Мұның бәрі біз үшін үлкен сабақ болмақ. Нен­дей істің де минусы мен плю­сы болуы заңдылық. Осы тұр­ғыда біз бү­гінде талдау-сарап­тамалық жұ­мыс­тарын жүргізу­деміз деп жауап қайтарды. Өз кезегінде жергілікті мердігерлер Александр Потиченко мен Валентина Михно құрылысқа іркіліс туғызатындай факторлар жоқ екенін айтты. Олардың ой­ларын толықтырған Үкімет бас­шысы Орал өңіріндегі ауқымды да алып құрылыс жұмыстарына тек жергілікті мердігерлер тарты­лып отырғанын айтты. Осы ар­қылы қосымша жұмыс орындары пайда болғаны туралы мәлімдеді. Бұл жердегі барлық жауапкершілік облыс басшысына жүк­телетінін жеткізді. Орал қаласындағы құрылыс басында өткен жедел кеңесті қо­ры­тындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тасқынның алғашқы күнінен Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев облыстағы жағ­дайды тікелей өзі бақылауға алып, батысқазақстандықтарға қа­жетті барлық көмекті көрсет­кені туралы айтып берді. Сәті түс­кен уақытта Мемлекет бас­шысы Батыс Қазақстан облысына келіп, қалпына келтіру жұмыс­тарының нәтижелерімен таныса­тын болады,  деді ол.  Сондай-ақ  К.Мә­сімов тасқын су зардап­тарын қалпына келтіру ісінің жай-күйімен танысу үшін Ақжайыққа арнайы келген сапарында бұл мәселеге қатысты қандай да бір болмасын қоятын кінәсі мен айта қаларлықтай ескертуі жоқ екенін мәлімдеді. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.