«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі мақсаттарының бірі денсаулық сақтау саласында 2015 жылға қарай еліміздегі туберкулез ауруын 10 пайызға, 2020 жылға қарай 20 пайызға дейін төмендету міндеті қойылған. Бұл мақсатқа денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандар дайындау мен саламатты өмір салтын ұстану бағытында мемлекеттік шаралар кешенін іске асыру арқылы жетуге болады.
Бүгінде туберкулезбен ауыратындар мен өлім жағдайына жететіндер саны азайды дегенімізбен, бұл мәселе әлі өткір жағдайда тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық есептеулері бойынша, 100 мың тұрғынның 50-і туберкулез дертіне шалдыққандар екендігі анықталған. Ал Қазақстан Республикасында соңғы жылдары туберкулез ауруымен тіркелгендердің көрсеткіші 2-3 есеге жоғары болып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстан туберкулез дерті бойынша ТМД және Еуропа елдері арасында алдыңғы орында тұр.
Экологиялық жағдайдың нашарлауы, көші-қон үдерістері, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, өткен жылдардағы денсаулық сақтау саласының жеткілікті қаржыландырылмауы, соның ішінде туберкулезге қарсы іс-шаралардың толық жүргізілмеуі елдегі эпидемиологиялық жағдайдың әлдеқайда нашарлауына алып келді. Егер бұрын негізінен туберкулезбен әлеуметтік жағдайы төмен адамдар көбірек ауыратын болса, енді қазір ауқатты адамдардың да осы дертке шалдығатыны анықталып отыр. Сондықтан, бүгінгі таңда туберкулезге қарсы іс-шаралардың барлық деңгейде кешенді түрде орындалуы талап етілетіні сөзсіз.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылындағы туберкулез ауруханасы 1932 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қамыстан өрілген ғимарат бүгінде апатты жағдайда тұр. Төбесінен су тамшылап, қабырғалары қақырап, санитарлық-техникалық құрал-жабдықтары таттанып кеткен, ем-шара жасайтын кабинеттері санитарлық тәртіп пен ережелер талаптарына сай емес. Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірге барған сапарында аталған аурухананы барып көрдік, оның апатты жағдайда тұрғанын анық байқадық.
Бұл ғимарат күрделі жөндеуге де жатпайды. Жаңа заманға лайықты 70 орындық аудандық аурухана кешенін салу қажет. Бірнеше жыл бойы облыс басшылары республикалық бюджеттен жаңа құрылысқа қаржы бөлу мәселесін қойып келеді. Өйткені, жергілікті бюджеттің кірісі бұл мәселені қамтамасыз ете алмайды. Жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттары да, техникалық-экономикалық негіздемесі де дайын.
Енді ел Үкіметі Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылындағы туберкулез ауруханасының құрылысын қаржыландыру мәселесін қарап, аталған құрылыс нысанын 2012-2014 жылдарға арналған басымдық берілген инвестициялық жобалар тізімі бойынша салу үшін шығыстар көзделуіне ықпал етсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Кеше Сенат Төрағасының орынбасары М.Көпеевтің қатысуымен «Қоршаған ортаға эмиссиядан түсетін қаражатты өңірлік деңгейде тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Динар НӨКЕТАЕВА, Мәжіліс депутаты.