ПАРЛАМЕНТ
«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Соңғы уақыттары қоғамда көп талқыланып, айтылып жүрген әңгіме Мұстафа Шоқайға қатысты десек, қателеспейтініміз анық. Оған Қазақстан ғана емес, шет мемлекеттердің көрсетіп жатқан құрметтеріне ендігі кезде құлақ үйреніп қалды. Бір өкініштісі, шет мемлекеттердің көрсетіп жатқан құрметтеріне халық болып қуана алмай, жеке-дара мемлекет ретінде алғысымызды айта алмай отырмыз. Тіпті Ресей тарапы 2008 жылы М.Шоқайды Санкт-Петербург қаласының мәдениеті, ғылымы және өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Петербург тұлғасы» атты медальмен марапаттағанын енді ғана естіп, біліп отырмыз. Өткен жылы арысымыздың құрметіне Париж қаласында саябақ ашылып, мүсіні қойылғанда да қатты қуана алған жоқпыз. Франциядағы М.Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамы болса ескерткішін салып, кино түсіру ниеттерін білдірді. Қысқасы, бәрін жіпке тізер болсақ, ұзаққа кетеміз. Бір сөзбен айтқанда, М.Шоқайға Еуропа елдері жүрген-тұрған жерлерінің бәріне ескерткіш-тақта орнатып, өз тілдерінде кітаптарын шығарып, еске алу шараларын, конференциялар өткізіп, барлық құрметтерін көрсетуде аянбауда. Біле білгенге қазақтың ешбір тұлғасы Еуропада мұндай құрмет көрмеді. Еуропада тұңғыш рет қазақтың тұлғасына мүсін орнатылуының өзі неге тұрады?! Ал біздегі жағдайға келсек, Алматы қаласынан бір мектептің атын береміз деген шешім шыққанына екі жыл өтсе де, орындалмай отырғаны таңғалдырады. Неге М.Шоқайға бір мектептің атын осынша күттіріп қоямыз? Осы күнге дейін: «М.Шоқай кім?» дегенге елімізде нақты жауап жоқ. Әлемге үкімін жүргізген Түрік қағанаты тектес түркі халықтарының бірлігін көздеген Түркістан идеясынан әлемдік алып державалар зәредей қорыққан. Тіпті Кеңес өкіметі кезінде оның атын атаудың өзіне тыйым салынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. М.Шоқайға әлі баға бере алмағанымызға қарағанда, бұл идеядан қорқыныш әлі де сейілмегендігін байқаймыз. Түркістан деген ұлы мақсатты мұрат еткенімен, әрбір түркі мемлекетінің жеке тәуелсіз ел болғанын қалаған. Ортақ одақ құруды көздемеген. М.Шоқайдың ұлылығы сонда, ол ұстанған позициясынан ешқашан ауытқып көрмеген. Большевиктердің ниетін түсінгендіктен, о бастан-ақ Кеңес өкіметін мойындамады. М.Шоқай тәуелсіз Түркістанның азаматы болды және сол азаматтығын өмірінің соңына дейін қорғап, күресті. Жеті-сегіз тілді еркін меңгергендіктен, Париж, Лондон, Варшава, т.б. сияқты қалаларда баяндамалар жасап, сол уақыттағы АҚШ-тан бастап Батыс Еуропа елдерінің басты басылымдарында сауатты еңбектері жарияланып, әлемдік ауқымдағы саясатқа баға беріп отырды. Еуропа елдерін айтпағанның өзінде Американың беделді университеттерінде бірнеше қайтара еңбегі жарияланды (Кембридж, 1957, 1964 жж., Беркли, 1960 ж., Оксфорд, 1986 ж.,). Ресей Ғылым академиясының «Шетелдегi орыстардың қоғамдық ой-пiкiрлерi» атты энциклопедиясында қазақтардан тек М.Шоқайға ғана мақалалар арналған. Осы арада ерекше атап өтерлік мәселе, оның әлемдік ауқымдағы саясаткер екендігі мойындалып, Лондондағы әлемнің озық ойлылары ғана баяндама жасайтын халықаралық істер бойынша Корольдік институтында 1933 жылы 27 наурызда баяндама жасауы. Осы аталған іс-әрекеттерінің бәрінде Түркістанды әлемге танытуға тырысып қана қоймай, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалады. Қазақтардың ғана емес, түркі-мұсылман халықтарының да мұң-мұқтажын жоқтап, күрескен жеке-дара қайраткер ретінде туысқан халықтар арасында қандай құрметке болса да лайық. Қазақ тарихында ғана емес, әлем тарихында ізін қалдырған осындай дара тұлғаны тудырған қазақ халқы да бақытты. Тек осындай бақытымызды бағалай білуіміз керек. Сондықтан тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай тәуелсіздікпен мағыналас болып кеткен М.Шоқай тұлғасын асқақтату мақсатында ел Үкіметі біраз жұмыс атқаруы тиіс деп білеміз. Мәселен, солардың бір-екеуін атасақ, Алматыдағы бір мектепке жеделдетіп есімін беру, әлемде шашылып жатқан мұраларын жинап, мұражай ашу керек. Мысалға, түркиялық азамат Тимур Коджаоғлыда М.Шоқайдың паспорты бар, Париж қаласындағы Әлім Алмат деген азаматта жазба машинкасы, хаттары, естеліктері, суреттері, түркиялық Ахат Андижанда суреттері мен хаттары, Музаффер Акчорада хаттары бар. Осы азаматтардың бәрі жеке қолға бермейміз, мұражайы ашылса береміз деп отыр. Сондай-ақ, Париждегі Шығыс тілдері және өркениеттері институтында М.Шоқайдың жеке мұрағаты тұр. Астанада ескерткіші қойылса, тіптен ғанибет... Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.