21 Мамыр, 2011

Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі облыстық бөлімшесінің төрағасы Амантай ӘЛІХАН: Көші-қон мәселесін оңайлату қажет

493 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
– Амантай, біздер шет елдердегі қазақтарға қазақ елі, жері ауадай қажет дейміз. Олар­дың байырғы отан­да­ры­на, ата-бабалары өмір сүрген елге қайта оралулары керек деп отырмыз. Бүгінгі күні осы үрдіс қалай жүріп жатыр? – Жиырма жылға жуық жал­ға­сқан көш үрдісі барысында шет елдерде тұратын мыңдаған от­басылар атамекенге келіп қо­ныс­танды. Бірақ, жалпы осы көш үрдісінде оралман ағайындардың арасы қазір екіге бөлініп қалған­дай. Өйткені, осында келген қан­дастар шетте қалған туыс-туған­дарын, көршілерін, ағайын туыс­тарын ойлап алаңдаумен жүр. Өздігінен көшіп келуге мүм­кін­дігі жоқ Моңғолиядағы көп ба­лалы қазақ отбасылары ата­ме­кенге жетсек деген арман-үміт­пен, күтумен өмір сүруде. Осы­дан екі жыл бұрын Прези­денттің «Оралмандардың 2009-2011 жыл­дарға арналған көшіп келу квота­сы туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлықты негізге ала оты­рып, Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының және орал­ман­дардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің жергілікті бөлімшесі арқылы еліміздің Кө­ші-қон коми­тетінің қолдауымен, өткен жыл­дың қыркүйек айына дейін Моң­ғолияның Баян-Өлгей, Қобда ай­мақтарынан 112 отба­сы, яғни 567 адам көшіріліп әке­лін­ді. Олар об­лыстың аудан, ауыл­да­рында тұра­тын туыс-туған­дарына қосыл­ды, яғни солар тұратын елді мекендерге қоныстанды. – Алайда, қандастарымызға құқық қорғау орындары тара­пы­нан қиындықтар, кедергілер көп кездеседі деп естиміз. – Еліміздің Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау ми­нистрі­нің аты­нан тұрмыс тіршілігі өте ауыр, кедейленген, көп ба­лалы оралмандар отбасын қа­был­дау ісін жеделдету туралы құзырлы ми­нистрліктерге, соның ішінде Ішкі істер министрлігіне де кезінде арнайы хат жолданған бола­тын. Кейбір шаралар қолға алы­нып жатқан­мен, оралман­дар­дың құжаттарын ресімдеу бары­сын­да әлі де түрлі қайшылықтар туын­дап отыр. Оралмандарды қа­был­дап алып, орналастыру құ­жат­­­тарын ресімдеу барысында әу­ре-сарсаң көп. Алдымен елімізге кел­ген шет ел азаматтары 5 жұ­мыс күнінің ішін­де тұрақты тұра­тын жеріндегі көші-қон по­ли­­ция­сына барып көші-қон кар­точ­­ка­сын тіркетуге мін­детті. Алай­да, олар көп жағ­дай­да 5 күннің ішінде үлгер­мей­ді. Бұлай бол­ған­да оларға әкім­шілік іс қозғалып, айып­­пұл са­лы­нады немесе төл­құ­жатына қара мөр басылып, елі­міздің аумағы­нан шығарылады. Осының сал­дарынан шет елдерден тұрақты тұруға келген қан­дастарымыз қиын жағдайға тап болуда. Тіркелген көші-қон кар­точ­касының уақыты қажет жағ­дайда 3 айдан кейін қайтадан ұза­р­уы тиіс. Олай болмаған жағ­дайда жоға­ры­да айтылған шара қолданы­ла­ды. Мысалы, 1986 жы­лы туған Сайран Данагүл деген кісінің Моң­ғолиядан отбасын кө­шіріп әкелу үшін алдын ала келіп, жер ыңғайын байқастап жүр­генде көші-қон карточкасының тіркеу уақыты өтіп кетіпті. Со­ған орай әкімшілік жауапқа тарты­лып, 5 жылда елге жіберілмесін деген шешім қабылданып, Қазақ­стан аумағынан шығарылып жіберілген екен. Қазір оның отбасы елге көшіп келіп тұрып жатыр, ал, өзі келе алмай отыр. Мұндай жағ­дайлар өте көбейіп кетті. Не істеуге болады? Біздіңше, сырт­тан келген қазақтарға белгілі же­ңіл­дік болуы қажет сияқты. Әдет­те көшіп келген отбасының барлық мүшелерін келген күні тексеріп, фотоға түсіріп, сосын тұрақты тіркеуге рұқсат алу үшін құжат­тарын қалдырған сәтте та­ғы да санай бастайды. Дұрыс-ақ делік. Тіркеуге рұқсат келген соң, аза­маттыққа құжаттарын тапсырар сәт­те тағы да адам­дарды түгел әке­ліп көрсетуді талап етеді. Осы­лай оралмандарды әуре-сар­саңға түсіріп, шаршатып бітіреді. Оралман отбасының тұ­рақ­ты тіркеуге қалдырылған құ­жаттарын құқық қорғау орын­дары, прокуратура, ұлттық қауіп­сіздік мекемелері арқылы шамамен бір, бір жарым айдай уақыт тексереді. Тұрақты тіркеуге рұқ­сат берілген соң ҚР азаматтығын алу үшін құжаттарын тапсырып, анықтама беру үшін ҰҚ мекемелері тағы екі аптадай уақыт тексереді. Шет елдегі қазақтардың балалары еліміздің түрлі жоғар­ы оқу орындарында студенттік визамен оқып жатыр. Шет елдерде тұра­тын ата-аналары атамекенге кө­шіп келсе олардың бала­лары­мен қосылуына мүмкіндік жоқ. Өйткені, өз отбасының құ­ра­мына қосылып, тұрақты тіркеуге тұ­руы­на рұқсат берілмей отыр. Заң, актілер көрсеткіштері, стандарттар сақталмайды. Аудан, қала­лар­­дағы көші-қон полиция ма­ман­дары өз білермендігімен орал­­ман­дардан заңда белгіленбеген сан түр­лі құжаттарды талап етіп, олар­ды әуре-сарсаңға салып отырғаны да жаны бар сөз. – Өз ана тілдерінде сөйлей алмайтын қыз-жігіттердің сырт­тан келген ағайындарға салқын көзқарастарын байқап та, естіп жүрміз. Жалпы, осындай құжат рәсімдейтін жерлерде елін, жерін сүйетін патриот қыз-жігіттердің немесе қандастар жағдайын білетін мамандардың отырғаны дұрыс сияқты. Осыған қалай қарайсыз? – Айтқаныңыз айдай келсе дейміз. Біріншіден, оралман от­ба­сының барлық мүшелері шет ел тіліндегі құжаттарын мем­лекеттік тілге 4 дана етіп ау­дар­тып, нотариуспен куәлан­дырып, тиісті мекемелерге тапсыруға тиісті. Аударма, нотариус қызметі үшін бір оралман отбасы шамамен 20-25 мың теңге қаражатын жұмсайды. Нотариус құжаттың рас­тығын емес, тек аударма­шы­ның қолын ғана куәландырады. Оралманның құжатын қабылдап отырған әрбір құзырлы мекеме мамандары құ­жат­тарды түп нұс­қасымен салыс­тыра тексеріп ала­тындықтан, но­тариустың куәлан­діруі не үшін қажет? Оралман­ның шетелдік пас­­портына көші-қон полиция мекемелері мөр ба­сып, әртүрлі белгілер соғады. Бұлай жасауға шет елдердің заңы бойынша тыйым салынған. Мәсе­лен, Моңғо­лия­ның шет елдік пас­портының бірінші бетінде осыған байланысты арнайы ескерту жа­зылған. Келген оралмандардың тұр­мыс жағдайының аса жақсы емес екендігін жоғарыда айттық. Олар тұрақты тіркеуі шыққанға дейін көп балалы отбасын асырау үшін әр облыста тұратын туыстарын са­ғалап, уақытша жалдамалы жұ­мыс істеп, өз нәпақасын табу үшін жанталасуда. Қырсыққанда, уақытша тұрған жерінен нота­риу­спен куәландырып жіберілген құжаттарын көші-қон полиция мамандары қабылдамайды. Басқа облыстарда тұрақты тіркеуде тұр­ған жекелеген адамдар көшіп келген отбасына қосылу үшін тіркеуден шығып, кету парағын алып келсе де тіркеуге тұра алмай сандалады. Өйткені, олардан қосымша құжаттар талап етіледі. Онымен бірге біліктілігі, жұмыс жауапкершілігі төмен, оралман­дар­ға мін тағып, қырын қарай­тын мамандар да көп. Құжат­тарын уақтылы ресімдемей, текке сандалтып қоятындар да кездеседі. Ең қиыны, көбісі мемлекеттік тілді білмейді, дұрыс түсінік, ақыл-кеңес беруге құлық­сыз. Жалпы құжаттарды қабыл­дау, шешу, берудің заңды мерзімі сақталмайды, себепсіз кешіктіріледі. Оған басшылық тарапы­нан да бақылау, тексеру қойылмайды. – Ал, сонда біздің облыста оралмандарға бас-көз болатын ешкім жоқ па? – Мәселенің мәнісі былай, жалпы бұрынғы көші-қон департаменті жыл сайын белгіленген квотаны орындау үшін жан-жақты, нақты шаралар ұйымдас­тырмай, кім келеді деп қол қу­сы­рып, селқос күтіп отыратын еді. Соның салдарынан облыста соң­ғы 3 жылда квотаның орындалуы 50 пайызға да жетпей қалды. Кө­ші-қон департаментінің жұмысы көшіп келген отбасыларға оралман мәртебесін беру, белгіленген қаражатты төлеумен ғана шектеліп отырды. Қандастарымыздың бейтаныс жаңа ортаға бейімделіп, орналасуынан, олардың ары қарайғы тағдырынан, өмір тіршілігінен де бейхабар болды. Орал­мандардың құжаттарын қабыл­дап, ресімдеу барысында Моң­ғолиядан келген кейбір адам­дар­дың аты-жөнін өзгертіп жіберген жағдай да болды. Оны респуб­ли­калық оралмандардың дерек қо­ры тек ғана орыс тілінде қабыл­дайды, сондықтан адамдардың аты-жөнін ауыстырамыз деп тү­сіндірді. Осыдан барып Өсерхан – Усерхан, Төлеген – Тулугун, Көжек – Кужек, Өрик – Урик, Өмиргүл – Умиргул, Өмирбек – Умирбек, Төпөн-Тупун болып өзгеріп, сол адамдардың дип­ломы, еңбек кітапшасы, әскери билеті, балаларының туу туралы куәліктері, неке куәліктері жа­рам­сыз болып қалған жағдайы да кездесті. Қазақ есімдерінің жа­зылу нормасының жоқтығынан емес, құжатты қабылдау, беру, тіркеу мекемелеріндегі маман­дар­дың сауатсыздығының кесірінен келген ағайындар зардап шегуде. Осы үрдіс әлі шешімін таппай жылдар бойы оралмандарды әу­ре-сарсаңға түсіріп, олар мемлекеттен бөлінген жәрдемақы, ба­ла­ларға берілетін көмекке қол жеткізе алмай жүрген жағдайлар да кездеседі. Ол ол ма, келген қандастарымызға негізсіз талап қойып, сенімсіздік білдіріп, тергеуге алатын жағдайлар да орын алды. Мәселен, оларға келген елдерінен берілген кейбір туу, неке және ажырасу, қайтыс болған­дығы туралы куәліктер сот және асыраушы туралы шешімдер, архив анықтамалары сияқты түрлі құжаттарына сенбей, сол елдердегі ҚР елшіліктерінен қосымша кепілдеме қағаз әкелуді талап етіп ұсынған құжаттарын қабылда­ма­ды. Алайда, елшіліктер мұндай к­е­­пілдеме бермейді. Ал мұның бәрі елге енді келген қандас­тары­мыз үшін әуре-сарсаң емей, немене?! – Айтпақшы, сырттан келген қайсыбір ағайынның аты-жөндері, тегі сол келген жағы­ның құжаттарында дұрыс жа­зылмаған дейді. Бұл мәселе де қиындық тудыратын болар? – Дұрыс жазылмауы сол елдің қолданыстағы жазу, ғаріптердің ерекшелігіне байланысты болса керек. Мәселен, Қытайдағы қа­зақ­тардың аты-жөні төте жазумен және хансуша жазылады. Тө­те жазу бойынша біршама дұрыс жазылғанмен, өзге тілде мүлде қате жазылып келеді. Батылды Батли, Гүлмайраны Гуламайала, Нұргүлді Нулгули, Мұратты Мулати, Қайратты Хайлати деп олардың бұрмалап жіберетіні байқалып жүр. Және де олардың көбісінің төлқұжатында тегі, әке­сінің аты көрсетілмеген, бір ғана өз есімі жазылған. Моңғолияда кириллица болғанмен, алфавит са­ны 35. Төлқұжатта әуелі әкесі­нің аты, сосын өзінің есімі жазы­лады, тегі мүлде жазылмайды. Олар бір ғана Жақсылық деген атты Жагслаг, Жагаслаг, Жагаслага, Жах­сылах, Жаксылых, Жагс­лых деп мың құбылтып жаза береді. Қо­рыта айтқанда, алыс шет елдерден келген қазақтардың кө­бі­сінің аты-жөні бұрмаланып, қа­те жа­зыл­ған. Бұл түсінікті жағ­дай, сол үшін мынау қалай деп оларды кінәлау тіпті де орынсыз болар. Елге оралған әр қазақ өзге елде бұрмаланып, қате жазылған аты-жөндерін дұрыстап жазды­рып алуды басты мақсатының бірі санайды. Ата-анасының азан ша­қырып қойған есімін ана тілінде дұрыстап жаздырып алғанға не жетсін. Бірақ ол қуанышы қас-қа­ғым сәтте су сепкендей басы­лады. Өйткені, бұлай жасауға заң тұр­ғысында еш мүмкіндік жоқ. Қай мекемеге барса да бұл мәсе­леге жауапты құрылымдар біз еш нәр­сені өзгерте алмаймыз, заң солай деп шарасыздық танытады. Мәсе­лені жоғарғы құзырлы ор­ган­дар­дың назарына ұсынудан қаш­қақ­тайды. Талап қойған аға­йынды дау­кес, арызқой деп мін тағады. Со­ны­мен бұрмалан­ған аты-жөн елімізге келгенде де өз­гер­мейді, алынбас қа­малға айна­лады. Баяғы жартас, сол жартас күйінде қалады. – «Оралман отбасылары берілген ақшаны алып, келген жағына қайта кетіпті» деген сөздер де естіліп қалады. – Үкімет тарапынан берілетін қаражат қалалық жерді былай қойғанда, ауылдық жерден баспана сатып алуға жетпейді. Орал­манды мекемелер жұмысқа қа­был­дай бермейді. Соның сал­дары­нан шеттен келген қандас­тарымыз елдегі баспанасыздар мен жұмыссыздар қатарына қо­сы­лып, кедейлердің санын молайтуда. Ол ол ма, келген қандас­тарымызға сенімсіздік танытып, оларды алаяқтар деп кінәлау белең алып барады. Әңгіме ар­қауы олар жалған құжаттармен келіп, квотаға бөлінген мил­лион­даған қаржыны алып тайып тұ­рыпты-мыс дегенге саяды. Мұн­дай жағдайлар мүмкін болған да шығар. Алайда, ешкімді білмейтін, танымайтын оралман өзгенің көмегінсіз бұлай істеуі мүмкін бе?.. Заң жүзінде берілетін ақ­шаны алу үшін де сан түрлі мекемелер арқылы ондаған құжат жинау қажет екендігін сіздер білесіздер ғой. Квота мен азамат­тыққа қол жеткізу үшін кем дегенде 6 айдан 1 жыл уақыт қажет. Осы уақытта не баспанасы, не жұ­мысы, не азаматтығы жоқ көп ба­ла­лы, тұрмысы төмен оралман от­басы квота бойынша алатын қара­жатын жұмсап қояды. Ары қарай күн көруге еш мүмкіндігі қалмаған соң үйренген жеріне қайтып кетеді. Мұндай жағдай аз емес. – Амантай сіздің өзіңіз де Моңғолиядан көшіп келген екенсіз... – Елге көшіп келгелі 19 жыл болды. Жұбайым екеуміз содан бері еңбек етіп жатырмыз. Алты балам бар. Барлығы жоғары оқу орын­дарын әр түрлі маман­дық­тар бо­йынша бітірді, көбісі 2 мамандық игерді, түрлі салада еңбек етіп жа­тыр. Немере, жиендер өсіп жа­тыр. Елге келгенде 8 жан едік. Қазір 30-дан астық, иншалла. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.