24 Мамыр, 2011

Олар алыстап барады

674 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қарқынмен дамып келе жат­қан Қа­зақ­станның жетістіктері тек атажұрттағыларға ға­на емес, бүкіл әлемде шашырап жүрген иісі қазақтың мақтанышына айнал­ды. Қазақ халқының рухы кө­теріліп, болашаққа нық сеніммен қадам басқаны көңілге қуаныш ұя­ла­тады. Бұл – биліктің қазіргі ұстанған саясаты дұ­рыс екен­дігінің айғағы. Иә, көші-қон саясатының ба­ғыт-бағдары да жат жұртта қал­ған қарапайым қазақтарды атамекенге оралуға жетектеуде. Осы арада өзім жайлы аздап айта кетейін. 2001 жылы әкем Кеңес дүние сал­ды, Өзбекстан Республикасы Навои об­лы­сы, Тамдыбұлақ ауданында тұрған ол көзі тірісінде «Біз қазақпыз. Ерте ме, кеш пе, Қазақ еліне ат басын бұ­рыңдар, өзге елде сұлтан болған­ша, өз еліңде ұлтан бол деген», деп құлағымызға сіңіре беретін. Өзімізге белгілі, қуғын-сүргін, аштық және соғыс жылдары бала-шағасының шыбын жаны үшін елден жыраққа кетуге мәжбүр болған қазақтың біраз ұрпағы өзбек жерін мекендейді. Ресми деректерге қара­ғанда, саны бір миллионға жуық. Ал шын мә­нінде үш миллионнан асып жы­ғылады. Қазақтар Ташкент, Навои, Жызақ, Сыр­дария облыстары мен Қара­қал­пақ­стан автономиялы республика­сында ты­ғыз қоныс­танған. Олар өздерінің тілін, әдет-ғұрпы мен салтын қатты сақ­тайды. Бірақ қазақ­тар­дың тыныс-тірлігіне көз жіберсең, жүре­гің сыздайды. Соңғы жылдары қа­зақтардың жаппай Қазақстанға көшуіне байланысты қазақ мектептері жабылып, жыл сайын 40-50 мың қазақ балалары лаж­сыз өзбек мектептерге баруға мәжбүр болуда. Сондықтан да Тамдыбұ­лақ ауда­нының қазақтары соңғы 7-8 жылдың ішін­де Қазақстанға жаппай қоныс аудара бастады. Көш қамына енді кірісіп жат­қандары да аз емес. Мен көшіп-келмес бұрын, яғни 2005 жылы Астана қала­сында өткен екінші құрылтайға қатыс­тым. Бірінші рет қазақ жерін өз көзіммен кө­ріп, осыншама ұлан-байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап, ұрпағына мұра етіп қалдырған ата-бабаларыма алғысым шексіз болды. Әдемі ғимараттарды тамаша­ла­дық, дүние жүзінен келген қазақ бауырлармен таныстым, керемет концерттердің куәсі бол­дым. Ескендір ағаның «Қайда жүр­сем атамекен, көкейімде жа­тады екен, күннің нұры ұясына қимай оны батады екен» деген өлеңін тыңдап, көзіме жас келді, мерейім үстем болды. Әсем Астананы кө­ріп, қазақ болып туғаныма қуандым, ба­қыт­тан басым айналды. Мен өзбек жерінде не істеп жүрмін деген сұрақ содан кей­ін-ақ көкейімде ызыңдап маза бермеді. Ташкентке қайтып келіп, дереу ше­ка­рашы офицер, аға лей­тенанттық қыз­мет­тен босадым. «Мурод ака, сизни қозо­клар ишка омайдилар» деген өзбек бауы­рымның қолын қысып қоштас­тым. Сөй­тіп, қайдасың туған жер деп Астанадан бір-ақ шықтым. Көші-қон басқармасына құжат тап­сыру, құжат толты­рудың ма­шақатты, құдай сақ­тасын, дұш­паныма тілемес едім. Түсін­бегенімді сұрамақ­шы болып, көрші кеңсеге кірсем, жеті-сегіз әйел, үш-төрт ер адам – бәрі қазақ, бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп отыр. Түсінбегенімді сұрап едім «Кто тебя сюда пригласил, иди отсюда» деді, ша­шын сарыға бояп алған қазақ қызы. «Қа­зақ­станға орысша сөйлеу үшін келгенім жоқ» деп едім, құжа­тымды лақтырып жіберді. Кеше үстіне басып кірген орыстан басқа да сан ұлт өкіл­деріне қайдан кел­дің, неге кел­дің деп сұрамаған ортақшыл қазақтың енді бүгін, екі өкпесін қолына алып, жүрегі лүпілдеп ата жұртына жеткен қандасына қыр көрсетуі, лапылдап келген жүректі су сепкендей басқаны да ұмытыла қойған жоқ. Жарайды, қазақ тілін білмейтіндерді мәңгүрт десек, тілін біле тұра ештеңе ұқпаған­дарды не дейміз! Өткен жылғы халық санағы көрсетіп бергеніндей, елі­міздегі негізгі ұлт – қазақ­тардың үлес салмағы 67%-ға жетті. Бұл нәтижеге шеттен келген 1 миллион қан­дас­тарымыз­дың есебінен жетіп отырға­нымыз мәлім. Дегенмен, көші-қон саласының түйткіл­дері әлі де шаш етектен. Бас­пасөз бетінде жарияланған ма­қа­лаларға қарағанда, көші-қон квотасы кейбіреулер үшін та­быс көзіне айналған көрінеді. Тіпті көші-қонға қатысты бар­лық құжаттар қолдан жасалып, өмірде жоқ Гогольдің «Өлі жандары» секілді адамдарға квота төленіп келгенін қайтерсің. Әсіресе, солтүстік пен ба­тыста бұл тіпті кәсіпке айна­лып кеткен сияқты. Заңдағы ең үлкен кемшілік – оралман мен Қазақстан үкіметі арасында ар­найы келісім-шартқа отыру туралы баптың жоқтығы дейді білетін адамдар. Әлемде үш мемлекет Израиль еврейлерді, Германия немістерді, Қазақстан қазақ­тарды атамекеніне көшіруге мүмкін­дік тудырып отыр. Бірақ, Израиль мен Германияда көшіп келушіден ұсыныс түскенде, ол адамның келетін жерін, істейтін қызметін және баласының оқитын мектебін дайын­дайды да, кейін оны шақырады. Бізде ондай жүйе қалыптаспаған. Біздің қазақтар өздері келіп, көші-қон квотасына енеді. Енді өз басыма келетін болсам, 2006 жылы азаматтық ал­дым, Ақмола облысының Ал­тынай деген қызына үйлендім. 2007 жылы Алуа деген қызды, 2009 жылы Аманат атты ұлды болдым. Барлық ауыртпалық­тар мен қиындықтар құдайға шүкір, артта қалды. Өзімді тура Астанада туғандай сезінем, оралман деген атым да өшіп барады. Бірақ басқа елде жау­таңдап қалған ағайынды аяй­мын. Өйткені, әл-ауқаты барлар көшіп алды, көше алмайтындар не істерін білмей сол жақта қалып қойды. Сол ауылда қал­ған ағайынның тағдыры не болмақ? Соны ойлағанда жү­регім шымырлайды. Сыртта жүріп өзбектеніп, қытайланып, моңғол­данып жатқан қандас­тарымыз күнделікті күйбең тірлікпен өмірлерін өткізіп жатыр. Бірақ олар күннен күнге қазақ­тан алыстап бара жатқандай... Жұмамұрат ШӘМШІ, тарих ғылымдарының кандидаты.