25 Мамыр, 2011

«Баршаңыздың назарыңызға!!!»

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Алматы қаласында баршақалалық дабыл қағылып, оқу-тәжірибелік сейсможаттығу шарасы өткізілді. Таңертеңгі сағат 10-да басталған бұл шара араға минуттарды тастап, біршама уақытқа дейін созылды. Қаланың Думан, Шаңырақ секілді шал­ғай аудандарында төтенше жағдайлар департаментінің маман­дары ел ішінде болып, дабылды дауыс күшейткіштер арқылы таратты. Телерадио арналары да бұл шараға өз үлестерін қосты. Күнілгері хабардар болған­дықтан, аңыраған дабыл үні­нен шошымай, ерінсек те жо­ғарғы қабаттан төмен түсіп, да­лаға беттедік. Қанша рет дабыл қа­ғылса, сонша рет түсіп-шық­тық. Неге? Тәртіп – баршаға ортақ. Рас, бұл енді азаматтық талап болар. Дегенмен, «мына дабыл менің қамым үшін со­ғыл­ды ғой», деген ойдан кейін қанша жерден қызылкөз пенде болсаң да, әрі­сі – ел, берісі – қала басшы­лы­ғының бұл шара­сын қызу қуаттайсың. Алматыдағы мамыр айы­ның басындағы сілкіністен кейін қала жұртшылығы да, көп­теген мекемелер мен ұйым­дар да бар қадари-қалінше зілзала кезінде жан сақтаудың амал-тәсілін меңгеруге көшкен. Телеарналарда да елді шошытып алмай тиянақты насихат жүр­гізу жұмыстары жолға қойылды. Байқағанымыз, қазір қала жұрты әу бастағыдай ретті-ретсіз өре түрегелмей, әр нәрсеге байып­пен қарап, әрбір ақпараттың аны­ғын аңдайтын болған. Себебі, қала билігі елмен қарым-қа­тынас орнатудың барша апаттың алдын алуға сеп екенін енді түй­сінді. Әу баста абдырап қалған басшылық та, халық та біраз сар­саңға түскенін кімнен жасырайық? Жапон жерінде Құдайдың құтты күні 3-4 баллдық сілкініс болып жататынын теледидардан көріп те үлгердік. Сонда бір жапонның жансауғалай қашқа­нын, елді еліртіп бүлікке баста­ға­нын байқамадық. Себебі, «Са­быр бар жерде – салауат бар». Оқу қонған күншығыс елі зіл­за­ланың салқынын сезгеннен да­былдатып өз халқын алапаттан арашалауға асығады екен. Нәти­жесінде – кісі шығыны өте аз. Ел аман, жұрт тыныш болса қи­ра­ған дүниені қалпына келтіру әп-сәтте. Мұндай жалпыха­лық­тық сауаттылыққа (қауіп­сіз­дік шарасын меңзеп отыр­мыз) жапондар бір жылда немесе бірер жер сілкінісінен кейін қол жеткізген жоқ. «Ке­ме­дегінің жаны бір», деп ел мен билік біріге қимылдаудың ар­қа­сында нәтиже шығарып отыр. Ажал мен қатер айтып келмейді, табиғаттың тосын буыр­қаныстары біздің пешенемізге жазылса, одан қашып құтылмақ жоқ. Мейлі сына, мейлі ғайбат­та, бәрібір Табиғат – Ана адам ба­ла­сын алалап келіп аран­дат­пай­ды. Бұра тартып, бұза шабу­ды ермек қыла бермей өз от­ба­сы­мызды, өз ортамызды тәр­тіп­ке, сауатты­лық­қа сүйрей білсек жоғалтары­мыздан таб­ары­мыз көп болмақ. «Баршаңыздың назарыңыз­ға!!!» дейтін ұранмен жүргізі­летін бұл шара Алматы қала­лық әкімдігі ведмоствоаралық коммиссиясының шешімімен тоқ­сан сайын бір рет, ал кей мекемелер мен кәсіпорын­дарда ынтасына қарай дембіл-дембіл жалғасып тұратынды­ғын еске салғымыз келеді. Қанат ЕСКЕНДІР, журналист. Алматы.