Ресей баспасөзінің ақпаратына қарағанда, Мәскеудегі бұрын «Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі», деп ал ауызекі тілде «ВДНХ» аталып, кейінгі кезеңде Бүкілресейлік көрме орталығы (БРКО) болып өзгерген бұрынғы КСРО халықтарына жақсы таныс кешен таяу уақытта жаңаша құрылатын болады. Бұл үшін осы уақытқа дейін Мәскеу үкіметі мен федералдық үкімет екеулеп иелік етіп келген, БРКО орналасқан жер учаскелерін тұтастай Ресейдің мүлік комитетіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Бүкілресейлік көрме орталығының жаңа тұжырымдасына сәйкес оны толық қайта құру 2034 жылы аяқталуға тиіс. Тұжырымдамада бұрынғы кеңестік республикалардың павильондарын қайта қалпына келтіру, аквапарк салу, қонақ үй кешенін, ғылыми-техникалық мұражай тұрғызу мәселелері де көзделген. Ақпарат көздерінің дерегінше, қазір осында Беларусь Республикасының және Қырғыз Республикасының сауда-көрме орталықтарын құру туралы Беларусь Республикасы мен Қырғыз Республикасы үкіметтерінің Ресей үкіметімен өзара келісімі күшіне енді. Ал «Армения» павильоны коммерциялық келісім негізінде біраз уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Қазақстан Үкіметі де бұл тарапта сырт қалып отырған жоқ. Қазір көпшілікке бұрыннан белгілі «Қазақстан» павильонын қалпына келтірудің нақты шаралары қолға алынуда. Өйткені үкіметаралық келісімге сәйкес тиесілі павильонды әр республика өзінің қаражатымен қалпына келтіріп, қайта жаңғыртуға тиіс. Мәскеудегі «Қазақстан» павильонын қалпына келтіру сынды маңызды да көлемді жұмыс ауқымы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына жүктелуі мүмкін. Сонымен бірге бұған басқа да инвесторлардың қатысу мүмкіндігі жоққа шығарылмайтын сияқты.
Жалпы БРКО бірнеше бағытта дамытылады деп жобалануда. Соның бірі, жоғарыда айтқанымыздай, ТМД елдерінің тарихи павильондарын қалпына келтіру. Осы павильондар орналасатын Орталық аллея бұдан былай Ұлттар аллеясы деп аталмақшы. Сондай-ақ болашақта бұл павильондарда осы елдер үкіметтерінің өкілдіктері ашылып, әр елдің ғылым мен өнеркәсіп салаларындағы жетістіктері кеңінен көрсетіледі, ұлттық тауарлар сатылатын болады.
Бүкілресейлік көрме орталығына осындай жаңа мәртебе беру бағыты 2004 жылы да бір мәрте қолға алынып, аяқсыз қалдырылған екен. Ал ресейліктердің бұрынғы «ВДНХ»-ны жаңаша жаңғырту жолындағы қазіргі қадамына Кеден одағының құрылуы, Біртұтас экономикалық кеңістіктің болашағы жаңа тыныс беріп отыр деуге болады.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.