25 Мамыр, 2011

«Абылай аспаған сары бел»

1187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ДЕГЕН ҚАНАТТЫ СӨЗ ОРАЛЫМЫНЫҢ ШЫҒУ МӘНІСІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ Шоқан Уәлиханов «Абылай» атты атақты еңбегінде Абылай ханның ақылман, парасатты, тапқыр, ұтқыр-ұшқыр, қисап­сыз ерліктер жасаған теңдессіз тұлға, «ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, аруақ иесі», «ғаламат қазақ» екендігін айта келіп: «Қазақ хандарының арасында Абылайдай шексіз билікке ие болған бірде-бірі жоқ. ...Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі қазақтар­дың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деп жазады. Сонымен қатар, «даңқты кезең­дерді елестететін» дәуірнамалық мәні ерекше жыр-дастандар, домбыра мен қо­бызда орындалатын таңғажайып күйлер­дің туғандығын айрықша атайды. Абылай ханның Қаздауысты Қазыбек, Уақ Дерпісалы, Бәсентиін Малайсары, Батыр Баян, Қанжығалы Жантай батыр жайындағы сипаттамалары немесе Жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серенге тұтқынға түс­кенде айтқан­дары мән-мағынасы жағы­нан терең, сәулетті толғамдар еді. Енді ел санасында сақталған мына бір қанатты сөздің қалайша шыққаны жөніндегі әңгі­мені зейінділікпен, тарихи зерде көзімен байыптаған жөн. Қазақта «Абылай аспаған сары бел» (Мәш­һүр Жүсіптің жазбалары бойынша) деген сөз тіркесі бар. Хан қара бұқарамен есептесіп, санасып «Бес Мейрам» деген елден аса алмадым!» деп мойын­даған екен. Бұл уақиғаның тарихы былай көрінеді: Абылай хан Қаздауысты Қазыбек бидің еліндегі бір асқа қатынасса керек. Сонда Шаншардың желбас бозбалалары: «Ханның басындағы бөркін қағып түсірсе, нендей қаһар қылар еді?» − деген ғой. Сол сөзге елеңдеген Қаздауысты Қазыбек бидің інісі «Мөртаңдайлы Балапан» ханның ту сыртынан барып, шыбық­пен бөркін қағып түсірсе керек. Әрине, бұған хан міз қақпаған. Бөрік жерге домалаған күйде қала берген. Ай алмасып, сынаптай жылжып жылдар өт­кенде, Қызылжар жәрмеңкесінде Абылай хан Қаздауысты Қазыбектің немересі Жанайды, Төртуылдан Ботақанды байлап-матап ұстайды. Абылай хан Ботақанды тірідей көрге түсіреді. Ол «көрге кірген тірі шықпайды» деп, өзінен өзі долданып, жүрегі жарылып өледі. Міне, осыдан кейін Қаздауысты Қазыбектің ұлы Бекболат би мен Едіге би атқа қонып, Бес Мейрамның баласына, Орта жүзге ат шаптырып, «Абылайды шабамыз!» деп, жар салады. Бекболат би: «Абылайдың басын алмасам, не қара қазанын қақ айырмасам, әкем Қазыбектің аруағы ұрсын!» − дейді. Күлік Шобалай баласы Жаңабатыр би баласы Жанақ арқылы сәлем айтып: «Бекболат пен Едігеге сәлем де! Ханын жаулаған халық оңбаған. «Ханын жаулаған қара оңбайды. Хан қисайса, бәрі оңбайды!» − деген. «Халық қадірін білмесе, хан тартпақшы жазасын!! Хан қадірін білмесе, халық тартпақ­шы сазасын!» − деген. «Абылаймен ұрыс, соғыс қыламын − демесін. Бітім сөйлесіп, жарассын! Арашашы бол!» – деп жібереді. Жасанған қол ханның Көкшетаудағы қойма­сын тарыдай ақтарып-төңкеріп, сиыр атау­лысын сойып, туларын қандасып, мәре-сәре болып жатқанда Бекболат би мен Едіге би Орманшы Ақсарының Шотанасын Абылай ханға елшілікке жібереді, ол былайша сөй­лейді: «Мейрам болып атқа қонды, үш мың кісі қол келді! Бақ деген бір қу таяқ. Оған сүйеніш болуға ырыс керек, құт керек. Көдедей көп сарттың ортасында, хан болатұғын болсаң, көзің көрмеді ме, қолың тимеді ме? Дүние бұзылса, Бұқараға сияды, Бұқара бұзылса, дүниеге сыймайды» − деп еді. Бұқараға сый­май, жалаңаяқ, жалаңбұт қашып келіп едің! Қара басың қаңғып жүріп, Сарыарқаға сый­мағаның ба? «Ер тол­қыса, ел сүйейді, су толқыса, жар сүйей­ді!» − деген. «Ел толқыған су емес пе?! Лақтың ойнақ­тағанына құлаған жар суға сүйеу болуға жарай ма? Байлауда өлген Ботақанның құнын берсін, Жанайды босатсын! Мың кісінің жолына бас-басына «жетім» бастатқан «тоғыз» және мың кісінің жо­лына бас-басына түйе бастатқан «тоғыз» берсін! Қалған мың кісіге мың ат, мың шапан берсін! Бұған көнбесе, тұрысатұғын жерін айтсын!» – деген. Сонымен, желкілдеген ту да, жер қайысқан қол да жоқ. Абылай хан мен Балтакерей Тұрсынбай батыр, Бекболат, Едіге билер, атақты Бекше мерген, Жаңабатыр бидің баласы Жанақ, бір жақтан жас Көтеш ақын бір-бірлерімен ұшырасып, бітімге келіп, тыныш тауып­ты. Хан қарашасымен қауышып, масайрап табысқан. Түйіп айтқанда, ел аузын­дағы «Абылай аспаған сары бел» деген сөздің мәнісі осылай екен. СЕРIК НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы.