Ұшқыш-штурман, аға лейтенант Есілбек Омаров туралы бір үзік сыр
Әуе қорғанысы күштері – еліміздің әуе шебін қорғауды қамтамасыз ететін, мемлекеттік, әкімшілік және әскери нысандарды әуе шабуылынан қорғайтын, қарсыластардың негізгі әскери және әскери-экономикалық қуатын құрайтын нысандарды жоятын, әуе шабуылы жөнінде ескерте алатын Қарулы Күштердің түрі. Ол сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да әскер түрлері мен тектеріне авиациялық қолдау көрсетуге, әскери әуе десантын түсіруге, әуе арқылы әскерлер мен материалдық жабдықтарды тасымалдауға арналған.
Қазіргі таңда Қазақстан әуе кеңістігінің тыныштығы сенімді қолда деуге болады. Еліміздің Әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі заман талабына сай зениттік, авиациялық, радиоэлектрондық техникамен жабдықталған.
Қарулы Күштердің стратегиялық дамуы шеңберінде Әскери әуе күштерінің даму концепциясы жасалынған. Осы құжаттың негізінде СУ-27 ұшақтары мен жауынгерлік тікұшақтар қайта жаңартудан өтіп үлгерді. Соңғы он жылдың ішінде 100-ден астам авиациялық техника күрделі жөндеуден өтіп, тактикалық-техникалық көрсеткіштерін жақсартты.
Кадр даярлау мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Бұл ретте Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының рөлін жоғары бағалаған жөн. Әскери оқу орнын бітірген түлектер бүгінде Қарулы Күштеріміздің қатарында Отан қорғаушысы деген атқа кір келтірмей адал қызмет етуде.
Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облысындағы Тимирязев ауданының Рассвет ауылында 1984 жылы дүниеге келген Есілбек Жеңісұлы Омаров. Ол 1990 жылы Тимирязев жалпы орта білім беретін гимназиясының бірінші сыныбына барып, аталған мектепті 2001 жылы бітірген. Содан соң ұшқыш мамандығын таңдады. Баласының бұл ойын құп көрген әкесі Жеңіс Зағыпарұлы мен анасы Елена Сейітқызы арман қуған ұлына ақ жол тілеп, Ақтөбе қаласына шығарып салды.
Есілбек сол жылы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе Жоғарғы әскери авиациялық училищесіне оқуға түсті. Осында оқып жүрген кезінде аталмыш оқу орны 2003 жылғы 10 шілдеде Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты болып қайта құрылды. Қызығы мен қиыншылығы мол курсанттық өмір де зымырап өтіп жатты. Институт қабырғасында мол теориялық білім алған жігіт 2004 жылы 3 қыркүйекте алғаш рет Як-18Т ұшағының штурвалына отырып, арман биігіне құлаш ұрды. 2005 жылдың 22 қазанында жоғарыда аталған институтты бітіріп, алғашқы офицерлік шенін алды.
Оқуын сәтті аяқтаған соң лейтенант Есілбек Омаров Жетіген кентіндегі әскери бөлімге арнайы жолдамамен келіп, осында алғашқы әскери еңбек жолын бастады. Кейін Қарағанды қаласындағы Кеңес Одағының Батыры ұшқыш Нүркен Әбдіров атындағы әскери бөлімге ауысты.
Есімі елге танымал батыр атындағы әскери бөлімде қызмет ету аға лейтенант Есілбек Омаров үшін үлкен мақтаныш. Аспанға самғап, бір күндік жолды бір сағатта ұшып келудің де қиыншылығы мен қызығы жеткілікті. Әскери ұшқыш Отанына шынайы беріліп, елі мен жерін сүйген парасатты, адал адам болу керектігін Есілбек ешқашан естен шығарып көрген емес. Сол себепті ол көп ізденеді, алдыңғы толқын ағалардың ақыл кеңесін тыңдайды, күн ұзақ ұшу алаңында болып, шабуылдап-жойғыш МиГ-31 ұшағының кешенді-тренажерінде жаттығудан жалықпайды.
Жуырда Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен аға лейтенант Есілбек Жеңісұлы Омаров қызмет ететін әскери бөлімнің жауынгерлік кезекшілікте тұрған авиациялық техникасымен, техникалық лабораториясымен танысты. Сапар барысында ел Президентіне шабуылдап-жойғыш МиГ-31 ұшағының жұмыс регламенті мен осы ұшақтың кешенді-тренажері көрсетілді.
Әскери қызметшілермен жүздескен Президент Қорғаныс министрлігінің басшылығы армияның жауынгерлік қабілетін арттыруға барынша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы олардың қызметіне, әскери ант пен борыштарына адалдықтары үшін алғыс сезімін жеткізді.
Бүгіндері Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасымен әскерлер заман талабына сай автоматтандырылған басқару жүйесімен және жоғары дәлдікті қарумен жабдықталған. Әскери әуе күштерінің иелігіндегі дыбыстан жылдам жауынгерлік ұшақтар мен армиялық авиацияның тікұшақтарының жалында ойнап жүргендердің дені өзіміздің қандастарымыз.
– Осы уақытқа дейін еліміздің әуе шебін қорғаушы өзіміздің Әуе қорғанысы күштерінің ұшқыштарымен бірге бірнеше рет ірі халықаралық жаттығуларға қатыстым. Былтыр 9 жеке авиация жаттығулары өткізілді. Әуе қорғанысы күштерінде жалпы ұшу 25 мыңнан аса сағатты құраса, әрбір жекелеген ұшқыштың орташа ұшуы – 83 сағат болды. Бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері армиялары бойынша ең үздік көрсеткіш болып табылады.
Әсіресе, 2010 жылы Астана қаласында өткен әскери шеруге қатысқанымды мақтан тұтамын. Әуедегі көз қуантар қозғалыста төрт Су-27 жауынгерлік ұшақтарының сүйемелдеуімен екі Ил-76 әскери-транспорттық ауыр ұшағы мен Л-39 оқу-жаттығу ұшақтарының қоршауындағы екі Ан-26 лайықты көрініс берді. Сондай-ақ, көктегі керуенде Су-25, МиГ-27, МиГ-29 тәрізді азулы шабуылдаушы, бомбалаушы ұшақтар да көпшілік назарына ұсынылды.
Сол күні әуе сапында соңғы толқынның ұшақтары саналатын, жауынгерлік мүмкіндіктері жетіп артылатын өзім мініп жүрген МиГ-31 ұшағын жерде тұрып отандастарымның өз көзімен көріп тамашалағаны маған үлкен әсер етті, – дейді ұшқыш жігіт бізбен әңгімесінде.
МиГ-31 – екі орынды, күй талғамайтын, дыбыстан да жылдам алыс қашықтықты меңгеруге арналған әскери ұшақ. Бұл әуе мәшинесі күндіз-түні, ауа райының қолайсыздығына қарамастан төмендегі, орта және биік қашықтықта ұшып жүрген әуе нысандарын дәл тауып, оны бортында орналастырылған жойқын қару-жарақпен жойып жібере алады. Оның сондай-ақ, өзіне қарсы жіберілген белсенді және баяу радиолокациялық бөгеулер мен жалған жылу нысаналарынан қорғана алатындығын, оған қарсы әрекет етуге мүмкіндігі барлығын айтқан жөн. Жұптасып ұшқан төрт МиГ-31 ұшағы 800-900 шақырымға созылған әуе кеңістігін бақылай алады.
Шабуылдап жойғыш МиГ-31 ұшағының пайда болу тарихы жөнінен біраз мәлімет бере кеткенді де жөн көріп отырмыз. МиГ-31 жойғыш ұшағын жасау 1968 жылы А.И.Микоян атындағы құрастыру бюросында басталды. 1979 жылы ұшақтың алғашқы нұсқасы тұңғыш рет сынақ алаңына жолдама алды. Ұшақ штурвалына отырған сынақшы-ұшқыш А.В.Федотов аспан кеңістігінде самғап, тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Сөйтіп 1981 жылдан бастап, Горький қаласында ұшу сынақтарын іске асыру үшін аталған ұшақтың бастапқыда екі, кейін төрт, одан соң алтауы шығарылды. Әуе шабуылына қарсы қорғанысқа жаңа ұшақтар 1983 жылы қатыса бастады. Ал одан бір жыл кейін дүниеге келген Есілбек сол МиГ-31-мен бұл күнде ми шайқалтар биіктіктерді бағындырып жүр.
Бүгінгі күнге дейін ұшқыш-штурманның жалпы ұшуы 230 сағатты құраса, оның 200 сағаты МиГ-31-дің үлесіне тиеді. Жас әскери ұшқыштың ойынша елімізді кез келген уақытта қорғауға дайын болу үшін көбірек ұшудың зияны жоқ, қайта пайдасы көп. Авиациялық базаның мемлекетіміздің орталығында орналасуы бас қаламыз Астананың әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қарағанды аймағының өндіріс нысандарын қорғауға, қорғаныс қабілеттілігімізді нығайтуға жасалған нық қадамдардың бірі болып табылады. Ол әрбір әскери қызметшіден жауынгерлік парызын орындауда жоғары жауапкершілік пен саналылықты, кәсіби даярлықты қажет етеді.
Бұл қасиеттер өздігінен келмейтінін, оның ізденіс арқылы, оқу-жаттығулар барысында қалыптасатынын ол жақсы түсінеді. Және де алғашқы күннен ақыл кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөліскен, байыпты бағыт бағдар берген алдыңғы толқын өкілдері эскадрилья командирі майор Юрий Артемовке, өзі ұстаз тұтатын майор Нұртай Амантаев пен капитан Дмитрий Кравцовқа деген ризашылық сезімін жасырмайды.
– Жеке құрамның қатары жыл сайын арнайы білімі бар, жалындаған жас мамандармен толығып келеді. Өз болашағынан мол үміт күттіретіндердің қатарына ұшқыш-штурман аға лейтенант Есілбек Омаровты жатқызуға болады. Ол өзінің кәсіби даярлығының жоғары екендігін бөлімге келген алғашқы күннен-ақ байқатты. Әріптестері арасында беделі биік, абыройы асқақ. Сүйікті жары Сафура екеуі өрімдей екі қыз өсіріп отыр. Оның үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететіндігі үлгі алуға тұрарлық қасиеттерінің бірі. Қысқаша айтқанда әрбір ұшу сапары сайын Есілбектің төбесі көкке жеткендей күй кешетіндігі шындық, – дейді командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бауыржан Әжуметов.
Олай болса әскери ұшқыш аға лейтенант Есілбек Омаровтың ұшу сандары мен қону сандары тең болсын дейміз.
Жүніс ОРМАШҰЛЫ, полковник.