25 Мамыр, 2011

Ортаға оралған батыр

481 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
1942 жылы ерлікпен қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған танкист Жұмаш Рахметов кім? «Егемен Қазақстанның» 7 ма­мырдағы Жеңіс күніне арналған нөмірінде «Тағы бір батыр қазақ табылды» деген шағын материал жарияланғаны оқырмандар жа­дын­да болар.Біз онда осы күнге дейін белгісіз болып келген жауынгер туралы табылған жаңа деректі дереу таныстырғанбыз.Содан соң-ақ оны анығырақ анық­тауды тездетіп, 69 жылдан кейін есімі мен ерлігі тосыннан қайта жаңғырған асыл азаматтың кім екенін білуге құштарланған едік. Сәтіне орай енді міне, қолымызға мәліметтер түсісімен халқымыз­дың тағы бір қаһарман ұлы ту­ралы жазуға асықтық. Алдымен бұл деректі елімізге таныстырушы Ресейдің Тверь облысындағы Оленин аудандық «Орел» әскери-та­рихи іздестіру тобының жетекшісі Дмитрий Жук атты азамат болып отыр­ғандығын атап өткен жөн. Аталған ауданның «Зерде» кітабы кіріспесінде: «Вереиста дерев­ня­сы үшін шайқаста Қазақ­стан комсомо­лының жалын­ды өкілі аға лейтенант Рахметов ерлікпен қаза тапты», деп жазылған жалғыз ауыз сөз сонау сұрапыл соғыс жылда­рында аймақ аумағын­дағы ұрыстарда қан төккен жауын­герлер ерлік іздерін іздестірушіні ойға қалдырады. Мұнда ашылмаған ақиқаттың барын сезініп, зерттеуге ден қояды. Аудан мұра­жайынан басталған ізденіс Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты құжаттарын сараптауға жал­ғасып, ақы­ры ұзақ жылдар бойында белгісіз бо­лып келген танкистің батырлық жолы анықталады. Жиналған деректер бойынша Жұмаш Рах­метұлы Рахметов 1919 жылы Қарағанды облы­сындағы Қарсақбай ауданының 6-шы ауылында дүниеге келген. Соғыс алдында әскерге шақыры­лып, Сызрань танк училищесін бітірген соң 3-ші механикаландырылған корпустың 1-ші гвардия­лық танк бригадасындағы 1-ші танк батальоны­ның 2-ші ротасына взвод командирі болып тағайындалып, Брянск майданындағы шайқас­тар­ға араласады. Жұмаш Рахметовтің танкистерді ұрысқа батыл жұмылдырумен қатар, жеке өзінің батырлық үлгісі алғашқы айқастарда-ақ танылады. Әскери барлау кезінде жаудың бекінісін дәл тауып, жойып жібереді. 1-ші гвардиялық танк бригадасының ардагері Николай Тепов өз естелігінде: «Рахметов жігерлі, салмақты, ақжар­қын жігіт еді. Айқаста ештеңеден қаймықпайтын, мергендігі қызықтыратын. Біз оның батыл басшылығы қандай да қиындықтардан алып шығатындығына шексіз сенетінбіз», деп жазады. 1942 жылдың қыркүйек-қазан айларында Калинин майданында генерал Катуковтың қол­бас­шылығымен қарсыластардың Батыс Оленин тобын қоршауға алып, талқандау жүргізіледі. Мұны іске асыру міндеттелген 3-ші механи­каландырылған корпустың 1-ші гвардиялық бри­гадасы құра­мындағы лейтенант Рахметовтің танк экипажы Михеев қалашығын босатуға қатысады. 40 дзотты, самсаған артиллерия күшін, қазылған орға жасырылған 11 танкті, екі батальон жаяу әскерді, жарылғыш заттардан аяқ алып жүргісіз ашық ойпаңды қайткенде бұзып өту керек-тін. Осы жан алысып, жан беріскен айқаста ол басқарған танкистер өздеріне қарсы тосқауыл­дағы 13 дзотты, 3 зеңбіректі, 5 танкті, 100-ге жуық гитлершілдерді жойып, Михеевке бірінші бо­лып кіріп, оған бекінген жаудың құтын қашырады. Мұның алдында 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған оның кеудесіне осы ұрыстағы жүрек жұтқан ерлігі мен командирлік қабілеті үшін «Қызыл жұлдыз» ордені тағылады. Алайда, бұл шақта жаудың әлі де оншалықты тауы шағыла қоймаған болатын. Бастапқы соқ­қыдан естерін жинаған олар Вереиста, Борятино деревнялары түбінде шайқасушы біздің бөлім­дердің тылына жасырын ендеп, қоршауда қалдыру қаупін төндіреді.Кезінде ол жайлы жоғарыда аталған бригаданың ардагері Петр Заскалько былай деп баяндаған екен. 23-24 желтоқсан аралы­ғындағы түнде кенеттен: «Танк экипаждары командирлері батальон командиріне тез жина­лыңдар», деген бұйрық түседі. Немістердің тылын айна­лып, Корнеевка деревнясын ша­был­дау арқы­лы қоршауды бұзып шығу міндеті қойылады. 4-ші танк эки­па­жына тапсырманы орындау жүктеледі. Топқа басшылық ету аға лейтенант Рахметовке тап­сырылады. 34-ші ата­­латын әйгі­лі танкілер дереу орындарынан ат­қып шығып,алға ұмтылады. То­сын­нан пайда болған танкілер жау қорғанысын жапырып өтеді. Олар­ды әбден есеңгірету үшін Вереиста деревнясын қай­таруға жаңа бұйрық беріледі. Рахметов бастаған болат сауытты топ үрейлерін жиып үлгермеген қар­сыластар үсті­нен жай түскендей қайтадан сау ете қалады. Бұл бұған дейін де жеке өзі фашистердің 11 танкісін жо­йып, майдандағы атақты тан­кис­тердің бірі болып танылған аға лейтенант Жұмаш Рахме­товтің ақырғы айқасы еді... Жиырма үш жастағы жалын­даған жас офицер экипаждарға зеңбірек­терден атқыланған тұстарды танк қақпа­ғын көтеріп, нұсқап тұрған кезінде сауытқа соғылған снаряд жарқыншағынан ауыр жарала­нып, іштегі қару­ластарының қолына ақырын сырғып түседі. Қолдарында көз жұмады. Сол шайқастағы асқан ерлігі үшін Кеңес Одағының Баты­ры атағына ұсы­нылады. 1-ші гвардиялық танк бригадасы қолбас­шылығының 1943 жылдың 7 мамырындағы №073 бұйрығымен 1-ші танк баталь­оны жеке құрамы тізіміне мәңгілікке енгізіледі. Ал неге екені белгісіз, бригаданың офицерлік құрамы штаттық-лауа­зымдық кітабында ескертілгендей қаза тапқаны туралы туған-туысқандарына хабарланбаған. Бәлкім, балалар үйінде тәрбие­ленген жалғызілікті жігіт болды ма екен? Дегенмен, іздестірушілер тобы анықтағандай Михатан Исаилов деген туысқаны Қарағанды облысының бұрынғы Есіл ауданындағы Есіл селосында тұрған көрінеді. Оленин аудандық ардагерлер кеңесінің дерегіне қарағанда, ер танкист Вереиста деревнясы жанында жерленген. Қабірін көрсете алатын адам бар екен. Бүгінде деревняның өзі жоқ. Соғыстан кейін қалпына келмей, орнын шөп жапқан. Жергілікті іздестірушілердің сүйегін тауып, Гусево дерев­нясындағы бауырластар зиратына немесе Молодой Туд селосындағы ескерткіш кешенге әскери құрметпен қоюды көздеуін батыр бауыры­мызға үлкен тағзым, төнген қасіреттің бетін қайтаруға жанын қиған есіл ерге ізгілікті қастер­дің, адамгершіліктің үлгісі деп білеміз. Өзге елдің азаматтары ұмыт бола жаздаған қаһарман қандасымыздың рухын осылай қадір тұтып жатыр. Біз неге қалыс қалуға тиіспіз?! Шын­дығын айтқанда, әңгімемізге тиек дерек мәлім етілгенде әлбетте, әуелі жезқазғандық, ұлытаулық майдангерлерді, ел тұтқасын ұстаған азаматтарды, мұрағат мекемелері қызметкерлерін елең еткізер ме деп күткенбіз. Қанша айтқанмен танкист Жұмаш Рахметовтің кіндік қаны тамған топырағы сол жақ болғандықтан, солайша болуын ойлағанбыз. Қайтерсіз, ешкімнен, еш орыннан хабар жоқтығы қынжылтады. Бұл дерекке облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің де құ­лақ түріп, өз тарапынан Ресейдегі тиісті мекемелерге сұрау салуы байқалмайды. Сөз басында аталғандай гвардия аға лейтенанты Жұмаш Рахметов кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бұл жөнінде нақты құжат бар. Бірақ, бұл марапатқа бекігендігі әзірге белгісіз. Қалай болғанда да мұндай биік атақ берілуіне, соған лайықтығына арнайы ұсыныс жасалуы ерен ерлікке айғақ қастер. Бәрімізге ең ардақтысы бақытты болашағымыз үшін құрбан болған боздақтар қатарынан тағы бір азаматымыздың өз орнын алуға қосылуы болып табылады. Ортамызға оралған батыр танкист Жұмаш Рахметов есімі мен ерлігі енді ұмытылмайды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.