Бүгін Астанада қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бас редакторларының алғашқы форумы болады. Осы форумның бағдарламасы жөнінде айтып беруді біз Бас редакторлар қоғамдық бірлестігінің президенті, аса ірі отандық баспасөз холдингтері бірінің басшысы Болат ЕРЕЖЕПОВТЕН өтінген едік.
– Бас редакторлар форумының күн тәртібіне қандай мәселелер енгізілген?
– Күн тәртібі тиісті қызметтермен толық келісілді. Форум жұмысы республикалық және жергілікті баспа өнімдері, электронды БАҚ секциялары болып үшке бөлініп жұмыс істеумен басталады. Оған еліміздің барлық аймақтарындағы БАҚ басшылары қатысады. Жиынды біз Қазақстаннның Журналистер одағымен бірлесіп өткізгелі отырмыз. Форум қорытындысы бойынша мәлімдеме қабылдау жоспарланған. Онда баспасөз қауымдастығын алаңдатып жүрген құқықтық, салықтық, әкімшілік және басқа да проблемалар туралы әңгіме қозғалатын болады.
– Қорытынды құжаттың жобасы қазірдің өзінде дайын секілді, нақты айтқанда, онда қандай мәселелер көтерілген?
– Форумның қорытынды құжаты қатысқан делегаттардың бірлесе көтерген мәселелерінен тұратындықтан, оның мазмұны туралы айтып беруді әлі ертерек деп білемін. Бірақ мен сізге оның ең басты өзегі туралы мәлімет берейін. Бұл құжатта біз Үкіметтің алдына қазақстандық БАҚ-тарды іс жүзінде қолдау үшін мемлекеттің қандай нақты шаралар жасауы керектігі туралы мәселе қойғалы отырмыз. Және оларды біз ойлап шығарған жоқпыз, олар басқа елдердің тәуелсіз, мемлекеттік емес БАҚ-тардағы озық тәжірибелеріне сүйеніп жасалған ұсыныстар болып табылады.
– Мысал үшін айтқанда, озық тәжірибелер деп отырғаныңыз не?
–Мәселен, Ұлыбританияда басқа дүниенің бәріне 17,5 пайыз болатын ҚҚС баспасөз өнімдері үшін нөлдік ставкамен алынады. Италияда басқа өнімдердің бәріне 36 пайыз болатын бұл салық БАҚ өнімдеріне 4-ақ пайызды құрайды. Францияда стандартты көлемі 20,6 пайыз болатын ҚҚС БАҚ өнімдеріне 2,1 пайыз ғана. Германияда басқа өнімдерге ҚҚС көлемі 15 пайыз болса, БАҚ өнімдерінікі 7 пайыз көлемінде. Австрияда да солай, 20 пайыздық стандарттық ставка БАҚ өнімдеріне келгенде екі есе төмендейді. АҚШ-та да 2009 жылдан бастап БАҚ өнімдерінің салығы 40 пайызға төмендетілді.
Бұлардан басқа, көптеген елдерде БАҚ-қа мемлекет қаржылай да көмек көрсетеді. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА) 1978 жылы-ақ баспасөз өнімдерін қолдау үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлінуі қажеттігін мойындаған болатын. Сондықтан да Еуропада көптеген мемлекеттер БАҚ-ты қолдау саясатын жүргізеді. Соның ішінде баспасөз бен баспа орындарына, пошта-телеграфқа жеңілдетілген кеден және басқа салықтарды енгізген. Егер мұндай қолдаулар болмаса, Еуропаның көптеген басылымдары осы күндері жарық көрмес еді. Мысалы, өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап жүргізілген осы саясат болмаса, осы күні Финляндияда жарық көретін газет-журналдың жартысы жабылып қалар еді.
– Айтқандарыңыздың бәрі жоғары дамыған елдер екен. Сіз және БАҚ өнімдерін шығарушыларға қолдау білдіру қажеттігін айттыңыз, ал тұтынушыға арналған жеңілдіктер болуы мүмкін бе?
– Әлбетте, мемлекеттік ақпараттық саясатты молынан тарату үшін көптеген өркениетті елдер мемлекеттік субсидиялар бөліп отырады. Соның ішінде БАҚ өнімдерін таратуда пошталық қызметтердің бағасын арзандату Австрияда, Ұлыбританияда, Нидерландыда, Норвегияда, Францияда, Швецияда, Финляндияда қарастырылған. Ол үшін мемлекет пошта кәсіпорындарына арнайы субсидиялар бөледі. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттерде баспасөз өнімдерін таратуға ерекше қолдаулар жасалған. Мәселен, Францияда 18-ге толмаған жасөспірімге кез келген газет-журналды тегін жаздырып беру қарастырылған. Канадада жазушыларға ставканы азайту үшін мемлекет жыл сайын пошта байланыстарына 280 млн. доллар қаражат бөледі. Осынша қаражатты баспаханаларға бөлу де қарастырылған. Германияда «Мектеп журналдары» деген басылым мектептерге тегін жаздырып беріледі. Ал бұл дегеніңіз, балаларға арналған 30 журналдан тұратын жинақ. Голландияда әрбір студент бес жыл бойы бір журналды тегін алады. Міне, баспасөзде толып жатқан пікірлер алуандығын қолдау үшін жасалатын осы тәжірибелерді біз де өзімізде қолдануымыз керек.
– Қазіргі шенеуніктер арасында БАҚ та бизнестің бір түрі, сондықтан ол да өзінше, ешкімнің көмегінсіз өмір сүруі керек деген пікір бар екені белгілі. Сіз бұған не дер едіңіз?
– Өкінішке қарай, осындай пікір біздің мемлекеттік органдарымызда қатты жайылып кетті. Әрине, біздің елімізде тек табыс табуды ғана көздеген жарнамалық газеттер, кабельді телеарналар бар. Бірақ көптеген БАҚ қоғамдық-саяси пікірлер және ақпарат тарату мақсатын көздейді ғой. Олардың басты мақсаты жарнама жасап ақша табу емес, қоғамда пікірлер алуандығының, әлеуметтік және ұлтаралық тұрақтылықтың, биліктің іс-әрекетіне қоғамдық бақылаудың болуын қамтамасыз ету болып табылады. Осындай демократиялық құндылықтарды сақтау мен бизнес – екеуі екі түрлі, бір-біріне кереғар дүниелер. Біз мемлекеттік биліктегі шенеуніктер осыны ұқса екен дейміз. Алдағы болатын форум осыған көмектесер деген үмітіміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.