25 Мамыр, 2011

БАҚ – табыс көзі емес. Осыны ұғынғанымыз жөн

444 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгін Астанада қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бас редакторларының алғашқы форумы болады. Осы форумның бағдарламасы жөнінде айтып беруді біз Бас редакторлар қоғамдық бірлестігінің президенті, аса ірі отандық баспасөз холдингтері бірінің басшысы Болат ЕРЕЖЕПОВТЕН өтінген едік. – Бас редакторлар фо­румы­ның күн тәртібіне қан­дай мәселелер енгізілген? – Күн тәртібі тиісті қыз­мет­термен толық келісілді. Форум жұмысы республикалық және жер­­гілікті баспа өнімдері, элек­тронды БАҚ секциялары болып үшке бөлініп жұмыс істеумен бас­талады. Оған еліміздің барлық аймақтарындағы БАҚ басшы­лары қатысады. Жиынды біз Қа­зақстаннның Журналистер ода­ғымен бірлесіп өткізгелі отыр­мыз. Форум қорытындысы бо­йын­ша мәлімдеме қабылдау жос­пар­ланған.  Онда баспасөз қауым­­дастығын алаңдатып жүрген құ­қықтық, салықтық, әкімшілік және басқа да проблемалар  ту­ралы әңгіме қозғалатын болады. – Қорытынды құжаттың жобасы қазірдің өзінде дайын секілді, нақты айтқанда, онда қандай мәселелер көтерілген? – Форумның қорытынды құжаты қатысқан делегаттардың бірлесе көтерген мәселелерінен тұратындықтан, оның мазмұны туралы айтып беруді әлі ертерек деп білемін. Бірақ мен сізге оның ең басты өзегі туралы мәлімет берейін. Бұл құжатта біз Үкіметтің алдына қазақстан­дық БАҚ-тарды іс жүзінде қол­дау үшін мемлекеттің қандай нақты шаралар жасауы керектігі туралы мәселе қойғалы отыр­мыз. Және оларды біз ойлап шығарған жоқпыз, олар басқа елдердің тәуелсіз, мемлекеттік емес БАҚ-тардағы озық тәжіри­белеріне сүйеніп жасалған ұсы­ныстар болып табылады. – Мысал үшін айтқанда, озық тәжірибелер деп отыр­ғаныңыз не? –Мәселен, Ұлыбританияда бас­қа дүниенің бәріне 17,5 па­йыз болатын ҚҚС баспасөз өнімдері үшін нөлдік ставкамен алынады. Италияда басқа өнім­дердің бәріне 36 пайыз болатын бұл салық БАҚ өнімдеріне 4-ақ пайызды құрайды. Францияда стандартты көлемі 20,6 пайыз болатын ҚҚС БАҚ өнімдеріне 2,1 пайыз ғана. Германияда бас­қа өнімдерге ҚҚС көлемі 15 пайыз болса, БАҚ өнімдерінікі 7 пайыз көлемінде. Австрияда да солай, 20 пайыздық стан­дарт­­тық ставка БАҚ өнімдеріне келгенде екі есе төмендейді. АҚШ-та да 2009 жылдан бастап БАҚ өнімдерінің салығы 40 пайызға төмендетілді. Бұлардан басқа, көптеген елдерде БАҚ-қа мемлекет қаржы­лай да көмек көрсетеді. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблея­сы (ЕКПА) 1978 жылы-ақ бас­па­сөз өнімдерін қолдау үшін мемлекет тарапынан субсидия бө­лінуі қажеттігін мойындаған бо­латын. Сондықтан да Еуропада көптеген мемлекеттер БАҚ-ты қолдау саясатын жүргізеді. Со­ның ішінде баспасөз бен баспа орындарына, пошта-телеграфқа жеңілдетілген кеден және басқа салықтарды енгізген. Егер мұн­дай қолдаулар болмаса, Еу­ропаның көптеген басылымдары осы күндері жарық көрмес еді. Мысалы, өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап жүргізілген осы саясат болмаса, осы күні Финляндияда жарық көретін га­зет-журналдың жартысы жабы­лып қалар еді. – Айтқандарыңыздың бәрі жоғары дамыған елдер екен.   Сіз және БАҚ өнімдерін шы­ғарушыларға қолдау білдіру қажеттігін айттыңыз, ал тұ­тынушыға арналған жеңілдік­тер болуы мүмкін бе? – Әлбетте, мемлекеттік ақпа­рат­тық саясатты молынан тарату үшін көптеген өркениетті елдер мемлекеттік субсидиялар бөліп оты­рады. Соның ішінде БАҚ өнім­дерін таратуда пошталық қызмет­тердің бағасын арзандату Австрияда, Ұлыбританияда, Нидер­ландыда, Норвегияда, Францияда, Швецияда, Финляндияда қарастырылған. Ол үшін мемлекет пошта кәсіпорындарына ар­найы субсидиялар бөледі. Со­ны­мен қатар, кейбір мемлекеттерде баспасөз өнімдерін та­ратуға ерекше қолдаулар жасал­ған. Мәселен, Францияда 18-ге толмаған жасөспірімге кез келген газет-журналды тегін жаз­ды­рып беру қарастырылған. Канадада жазушыларға  став­ка­­ны азайту үшін мемлекет жыл сайын пошта байланыс­та­ры­на 280 млн. доллар қаражат бөле­ді. Осынша қаражатты баспаха­на­ларға бөлу де қарас­тырыл­ған. Германияда «Мектеп жур­нал­дары» деген басы­лым мектептерге тегін жаз­дырып беріледі. Ал бұл дегені­ңіз, балаларға ар­нал­ған 30 жур­налдан тұратын жи­нақ. Гол­ландияда әрбір студент бес жыл бойы бір жур­нал­ды тегін алады. Міне, баспа­сөзде то­лып жатқан пікірлер алуан­дығын қолдау үшін жаса­латын осы тәжірибелерді біз де өзімізде қолдануымыз керек. – Қазіргі шенеуніктер ара­сында БАҚ та бизнестің бір түрі, сондықтан ол да өзінше, ешкімнің көмегінсіз өмір сүруі керек деген пікір бар екені белгілі. Сіз бұған не дер едіңіз? – Өкінішке қарай, осындай пікір біздің мемлекеттік орган­дарымызда қатты жайылып кетті. Әрине, біздің елімізде тек табыс табуды ғана көздеген жарнамалық газеттер, кабельді телеарналар бар. Бірақ көптеген БАҚ қоғамдық-саяси пікірлер және ақпарат тарату мақсатын көздейді ғой. Олардың басты мақсаты жарнама жасап ақша табу емес, қоғамда пікірлер алуандығының, әлеуметтік және ұлтаралық тұрақтылықтың, би­ліктің іс-әрекетіне қоғамдық ба­қылаудың болуын қамтамасыз ету болып табылады. Осындай демократиялық құндылықтарды сақтау мен бизнес – екеуі екі түрлі, бір-біріне кереғар дү­ние­лер. Біз мемлекеттік биліктегі шенеуніктер осыны ұқса екен дейміз. Алдағы болатын форум осыған көмектесер деген үмітіміз бар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Жақсыбай САМРАТ.