Табиғат адамды әр түрлі етіп жарататыны белгілі ғой. Біреуі ізетті, екіншісі адуынды, үшіншісі тымырсың, төртіншісі аңқылдақ, ашық мінезді болып келеді. Қанша адам болса, сонша мінез-құлық бар. Атамыз қазақ «адамның аласы ішінде» деп бекер айтпаған ғой. Бірақ, осы мінез-құлықтың ішіндегі ең бір жаманы – жалақорлық па деймін. Бұл туа біткен мінез емес, адамдардың бойына жүре біткен мінез сияқты.
Бәз-баяғыдай тепе-теңдік тіршіліктің дәуірі аяқталып, әркім өзінше шаруа жасап, нәсібін теріп жеп жатқан мына уақытта, бай мен кедей деген ұғымдар тұрмысымызда пайда болған кезде кейбір пысықайлар жалақорлықпен «мал табудың» қамына кіріскенін естіп, біліп жүрміз. Өйткені, жалақорлардың торына абайсызда ілініп қалғандар олардың айтқандарын жасап, күресуге дәттері бармай, өздеріне қолайсыз болған мәселені жерден қазып тапса да, ақшамен жабуға тырысып бағады. Мына бір оқиғаны естігенде езу тартпасқа шараң жоқ. Ауылда бір отбасы үйін саудалап жүріп, жақсы бағаға өткізіпті. Үй иесі бір дәудірлеген ақ көңіл жігіт екен, үйін сатқан соң, қуанғаннан «жүз грамын» ішіп алып, «сендер қандай жақсы адамдар едіңдер» деп үйін сатып алып отырған ер адамның әйелінің бетінен шолп еткізіп, сүйіп алыпты. Басқа кез болса, бұл тіпті бір алғыс ретінде көрінер еді.Ана еркек мұндай сәтті шебер пайдаланып, табан астында шу шығарып, полиция шақырып, әйеліме мас болып алып тиісті деп аяқ асты жала жауыпты.Іс насырға шауып, арыз жазылып, қылмыстық іс қозғалатын болыпты. Айналасындағы көрші-қолаңнан, бала-шағасынан ұялған әлгі жігіт «татуластыру, өзара келісімге» қомақты қаржы беріп, әкелеп-көкелеп жүріп, әрең құтылыпты. Содан бері ауылдастары әйелдің бетінен сүйсең, мыңдаған долларың қалтаңда тұрсын деген әжуа-қалжың таратып жіберген екен.
Жалпы, жалақор адамнан жұрттың барлығы қорқады. Өйткені, сыртыңнан таратып жіберген өсектен күресу орасан қиямет-қайым екенін басынан өткерген адам ғана біледі. Неге десеңіз, оны айтушы ауыз болса да, дәлелдеуші куә жоқ. «Пәледен машайық қашыпты» деген сөз бар, кім барып, иә көріп едім, естіп едім деп куәлікке қасқайып тұрады дейсің. Жыбыр мен сыбырдың арасында жүрген пікір түбінде сан адамның обалына қалары анық. Жақсыны жаман, жаманды жақсы ететін де өсек, жаңсақ пікір, жала екенін барлығы жақсы біледі. Өзіне сеніп тапсырылған жұмысты атқара алмай, әлдеқандай тексеру сау ете қалып, кемшілігі жіпке тізгендей шыға келгенде мемлекеттік мекеменің бөлім бастығы «Бұл тексеруді маған анау жіберді» деп көкбеттеніп, әлдеқашан кетіп қалған зейнеткердің соңынан жала сөзді қардай боратыпты. Мемлекеттік мекемеде екі күннің бірінде тексеру болуға да тиіс. Өйткені, бюджет қаржысы қайда кетіп жатқанына бақылау керек қой. Соны түсінбеген әлгі бөлім бастығы әйелдің өресінің төмендігінен жалақорлыққа баруы, біреудің жанын жазықсыз жаралауы өкінішті-ақ. Ендеше, өз бойындағы мінін көрмей, өзгенің басындағы «күнін» көру, іштарлықтан біреуге жала жабу, артық сөз, жоқ жерден мін іздеу жақсылық емес.
Әсіресе, осы бір жаман қасиет туыс адамдар арасында да атасынан қалған еншісіндей ілесіп, қалмай келе жатқанын жасыра алмаймын. Әлдеқандай ағайының той жасайды делік. Шақырады, бәріне бара беруге не қалтаң көтермейді, не уақытың келмейді, не денсаулығың сыр береді, әйтеуір, әр түрлі себептермен бара алмай қалсаң, бітпес дау-дамай басталады да кетеді. Непр етіп дүниеге келген күніңнен бастап, сенің өмірбаяның теріс айтылып, неше түрлі сөздерді өкпелері қара қазандай болған той иелері қардай боратады дерсің. Ол неше адамның аузынан түрленіп шығып, өзіңнің құлағыңа жеткенде «талып» қала жаздайсың. «Оның тойға келмегені – көре алмайды, ішітар, ағайынды менсінбейді, шық бермес шығайбай, сараң» және тағы басқа адамды кемсітетін неше түрлі сөздер тізбегі біраз уақыт толастамайды. Ал, егер аяқ астынан қаладан жақсы үй алсаң немесе жақсы мәшине мінсең, енді басқа арнадағы ғайбат сөздер айтыла бастайды. Осы кезде туысқан болғандары үшін міндетсіп, берсең жақсысың, бермесең жамансың деген қағида ұстанған, атыңды сырттай былғап жүрген, алтын басыңды көрнеу кеміткісі келгенде алдына жан салмай, жалақорлыққа бара салатын, екіжүзді «жақындарымды» көргім келмей кетеді. Оларды дауласып жеңу үшін, солардың дәрежесіне түсіп, «көз шығарып, бас жара алмайсың» ғой. Ең бір қызығы, неше бір жала сөздерді айтып жүрген әлгі ауыздың иелері өзіңді көріп, бетпе-бет келгенде «бетіңнен сүйіп» өтірік мәре-сәре бола қалатынын қайтерсің.
Жалақорлықтың адам өлтіргенін де көрдік. Ауылда қоймада қызмет жасап тұрған бір жап-жақсы жігіт ағасымен «ана сиыр етінің санын маған бермей, басқаға беріп жібердің» деп бір көкбет әйел аяқ астынан жанжалдасып, аузына келгенін айтып, айдың-күннің аманында ақыры түбіне жеткені бар. Неше түрлі өз атына айтылған жала сөзді биязы мінезді, момын жігіт көтере алмай, миына қан құйылып, қайтыс болып кетті. Иә, ащы тіл адам өлтіреді екен. Пенде болған соң біреуді сыйлап, біреуге өкпелеп жүретін әдетіміз ғой. Алайда, қандай жағдайда да біреудің сыртынан ғайбат сөз айтудың өзі үлкен күнә екенін бір сәт ұмытпаған абзал. Жалпы, адам өзгенің де,өзінің де алдында әділетті болғаны дұрыс қой. Кейін көңіліңе мазасыздық әкелетін жаман мінез-жалақорлыққа бармағаның жөн. Өйткені, бұл жарық, думанды дүниеде адамға жасаған жақсылығың да, жаманшылығың да алдыңнан шығары сөзсіз.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА.
Талдықорған.