Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Жезқазған өнеркәсіптік өңірін дамыту перспективалары жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының әкімі С.Ахметов өңірдегі ағымдағы жағдай және даму перспективалары туралы баяндама жасады.
Оны талқылауға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Көлік және коммуникация министрлері, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы, Индустрия және жаңа технологиялар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы вице-министрлері, сол сияқты «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Э.Огай қатысты.
Кеңесте Жезқазған өңірінің минералды-шикізат базасын, кен өндіру өнеркәсібі мен металлургия өндірісін одан әрі дамыту, сондай-ақ мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі жобаларды және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жобаларын дамыту қажеттігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысында К.Мәсімов Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов басқаратын, мүдделі министрліктер мен ведомстволар басшылары, Қарағанды облысы әкімдігі және даму институттары басшыларынан құрылған арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.
Аталмыш топ бір ай ішінде кеңесте қаралған мәселелерді ой елегінен өткізіп, олар бойынша ұсыныстар түсіруі тиіс.