Қанат ИСЛАМ: Қытайда да Қазақстанды арқаланып жүрдім
– Қанат! Рингтегі жеңістеріңізді көріп көңіліміз толып, айызымыз қанып жүр. Сіз осы «Астана арландары» командасына арғы бетте жүргенде арнайы шақырылдыңыз ба? Әлде...
– Жоқ, мен бұл командаға жол-жөнекей келдім ғой. Ол кезде «арландар» кездесудің әлденеше кезегін өткізіп қойған. Мен оның алдында кәдімгі атамекенге оралып жатқан көп қазақтың қатарында елге жетіп алғам. Маған ұсыныс кейін түсті. Осы команданың басшылары, бапкерім Тұрсынғали Еділовке сөйлесіп, «арландар» сапта өнер көрсетуімді сұрапты. Көп те ойланбадық, бапкерім айтты, біз дайын болдық.
– Сіз Қытайда танымал жұдырықшысыз. Осылай ат басын бұрғанда: «Кетпе. Осында қал!» – деп өтініш айтқандар болды ма?
– Әрине, болды. Әркім әртүрлі пікірлер айтты. Ниеттері дұрыс шығар, рахмет оларға. Әйтпесе, миллиард халықтың ішінен менің орныма қытай табылмай қалады дейсің бе? Орнымды аңдып отырған қаншама жігіттер бар. Алла бұйырса олармен де шаршы алаңда әлі талай кездесетін шығармын. Шынын айтқанда менің осылай келуім кедергісіз болған жоқ. Әсіресе, ол жақтың азаматтығынан шығуым біраз қиындыққа душар етті. Қазақстанның Үрімшідегі консулдығы көп күш салып көмек істеді.
– Сөйтіп артқа мойын бұрмадым дейсіз ғой. Енді, өскен ортаңыз, спорттағы алғашқы қадамыңыз туралы әңгімелесеңіз.
– Менің туған жерім Алтай деп аталатын қазақтың атақонысы. Мына Зайсанның арғы жағы. Сол Алтайдың Қаба деген ауданында қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өстім. Дөңге жиналып әңгіме соғатын шалдар зеріксе балаларды күрестіріп, ерегестіріп, бір-біріне қайрап салып қызықтап отыратын. Кішкентай кезімізден қып-қызыл төбелестің майданында өскен баламыз ғой. Ерлан деген ағам спортқа құмар болды. Мені алғаш тәрбиелеген сол кісі. Он бір жасымнан бастап машық жасатып, Үрімшіге әкеліп жаттықтырды.
Атамекен туралы армандар да сол кісілерден басталды. «Қазақстанға кетеміз», деген сөз бала күннен құлаққа әбден сіңісті болып қалған. Әрі үлкен медеу болатын. Отан дегенге құшағында жүріп те, топырағынан тыс жүріп те арқалануға болады. Тек жер бетінде бар болса болғаны, көңілің тоқ, жүзің жарқын жүресің. Оны мен өз басым жан жүрегіммен сезінем. Ең бастысы адамның рухы сынбауы керек. Мен Қытай елінде де Қазақстанды арқаланып жүрдім.
Жалпы, 2000 жылдан бастап Қытайда жүргенде он рет чемпион болыппын. Жастар арасында, халықаралық жарыстарда дегендей. Оның екеуінде спартакиада чемпионы атандым. ҚХР жұрты спартакиаданы олимпиададан кем санамайды. Бұл жеңістерге әжептәуір күш керек. Намыс керек!
– Кейде алып ұшып жеткен ортаң ойыңдағыдан өзгеше болып жататын жағдайлар болады ғой. Көңіл ауыртар жәйттер болды ма келгелі бері? Қанша дегенмен бөлек орта...
– Әр елдің салты басқа екені рас. Бірақ бұл жер мен үшін жай ғана орта емес, Отан ғой. Мен қонақ емеспін мінеп-сынап кететін. Қазақта «өзіміз ғой» дейтін бір сөз бар емес пе. Мұны жатқа емес, жақынға айтады. Сол секілді өзіміз ғой, үйренісіп қалдық.
– Неміз кем, неміз артық?
– Оның бәрін тізіп айту мүмкін емес. Оның үстіне біреуге дұрыс нәрсе, біреуге қате.
– Жоқ, бәрін емес, өз салаңыздан айтуға болар?
– Қазақ боксы әлемдік рингте өзінің орнын ойып тұрып алған спорт түрі екенін екінің бірі біледі. Аллаға шүкір, кешегі бүкіл әлемдік бокс сериясы бойынша өткен жарыстың нәтижесін де көрдіңіздер. Қарсылас командалардың ешқайсысы да осал емес еді. Соған қарамастан біз ең соңғы айналымға дейін жеткен екі мықтының бірі болдық. Команданың дені өзіміздің жігіттер. Бұл оңай көрсеткіш емес.
Жігіттердің бабы келіссе бұдан да зор нәтижелерге қол жеткізер еді. Біздегі бір ақсап жатқан жағдай осы жағынан. Мұны мен Қытаймен салыстырып айтып отырмын. Олар өздерінің дене қуаты әлсіз ұлт екенін мойындайды. Бірақ, спорт – денсаулық, денсаулық – медицина. Біз сол жағынан ұтамыз дейді. Сөйтіп, бір спортшының соңында оншақты адам жүреді. Бірі – дәрігер, бірі –жаттықтырушы, бірі – психолог.
– Бізде ше?
– Біздің жігіттер олардың қасында күйсіз күлік. Қарын тойдыру деңгейінде жаттығып жарысқа түседі. Сонда да ешкімге есесі кетіп жүрген жоқ. Мұны кемшілік дейміз бе, әлде артықшық дейміз бе? Бірақ, Қытайда боксшылардың күтімі дұрыс болғасын, алды 40 жасқа дейін жұдырықтасады. Үш-төрт Олимпиадаға қатысып үлгереді. Бізде 30 жас – үлкен спорт үшін зейнет жасы. 25 жасқа жетер-жетпесте албарынды болып қалады. Бұл спортшыға обал.
– Атажұртқа келіп, арманыңыз орындалып жатыр екен. Осында келіп үйленіпсіз, бәрі құтты болсын! Қалған туыстарыңыз, әлгі сізді алғаш жаттықтырған Ерлан деген ағаңыз қайда жүр қазір?
– Анам қасымда. Туыстар келіп жатыр. Иә, осында келген соң жергілікті қазақ қызына үйлендім. Ағам қазір арғы бетте. Ол кісі әлі шәкірт тәрбиелейді. Соңғы санақта Қытайда бір миллион жеті жүз мыңдай қазақ бар депті. Талантты жігіттер өте көп. Шыңжаң-Ұйғыр автономиясы бола тұра, сол көлемде осы және басқа спорт түрлерінен өнер көрсететіндердің көбі қазақтар. Ерлан ағам енді соларды қазақ топырағына жеткізсем деп жүр!
Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.
Астана.