25 Мамыр, 2011

Өз үлесімді қосудамын

463 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Өткен ғасырдың 50-60-жылдары Қытай­дан келген азаматтардың арасынан белді де беделді тұлғалардың шық­қаны белгілі. Осы арада Мә­дениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед­тің 2001 жылғы Бейжіңде өткен Қазақ мәдениеті күндерінде: «Қай жерде, қай қиырда жүрмеңіз­дер, сіздер біздің отандас­тарымыз болып есептелесіздер. Сіздердің ара­ларыңыздан шыққан көптеген қандас­тары­мыз қазір Қазақ елінің әдебиеті мен мәде­ниетін, ғылымын көр­кейтуде соқталы үлес қосуда. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның бүгінгі әдебие­тін осы қазақ диас­пора­сынан шыққан жазушы Қабдеш Жұмаділовсіз, ақын Жәркен Бөдешев­сіз, әнші Майра Мұхамед­қызынсыз, биші Шұғыла Сапарғалиқызынсыз көзге елестету мүмкін емес. Сіздер біздің тың күшімізсіздер, тынысымыз­сыздар. Сондықтан да өздеріңізді біз еш уақытта да ұмытпаймыз», деген сөзі ойға оралып отыр. Шынында, тәуел­сіздік алғаннан кейінгі жылдары сол алдыңғы тол­қын­ның ізін басып, атажұртына келгендер арасынан да жұлдыздай жарқырап шыққан әр саланың майталман мамандары жетіп ар­ты­лады. Бүгін солардың бір тобының жүрек­­жар­ды сөздерін жариялап отырмыз. Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев Қа­зақ­стан тәуелсіздігін алғаннан кейін шет елде тарыдай ша­шы­лып жүрген ағайындарды тарихи отанына қайтару мәселесін де қолға алды. Мұндай сүйі­ніш­ке толы жақсы жаңалық алыс­тағы біздің де құлағымызға жетіп жатты. 1993 жылы «Достық үйінің» сол кездегі басшысы Қы­тайға барған бір сапарында қазақ жастарын жинап, Пре­зи­денттің елге шақыруынан хабардар етті. Көп уақыт өтпей, Шың­­жан университетінде оқыту­шы болып жүрген жолдасым Талғат Мамырұлын Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық Ғылым акаде­мия­сы жұмысқа шақырды. Ол кісінің мамандығы информатик-физик. Келесі жылы мен де келдім. Мен Үрімші қаласындағы ғылым-техника баспасында редактор едім. Сөйтіп, 1994 жылы алғашқылардың бірі болып атамекен топырағын басу бақыты бұйырды. Тоқсаныншы жылдардың ба­сында туындаған кәсіпкерлік қа­рапайым саудадан басталғаны бел­­гілі. Бұл сатыны біз де ба­сы­мыз­дан өткіздік. Еңбегіміз жанып, қо­лымызға біршама қор жинаған­нан кейін жұбайымыз екеуміз келешекте тиянақты кәсіппен ай­на­­лысқанды жөн деп шештік. 1997 жылы «Мерхамитқызы» кә­сіпорнын құрып, соның негізінде 2000 жылдан бері ұл­дары­мыз Еркебұлан мен Нұр­сұлтан­ның есімдерінен үйлестірілген «Ерке-Нұр» компаниясы жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын ұлттық киім және ұлттық киім үлгі­лері­нің негізінде өркениет талға­мы­на сай қазіргі заманғы киім тігумен айналысады. Өзімізге етене таныс ұлттық киімдерімізді тігіп, саудаға шығарып келе жат­қан жайымыз бар. Бүгінде кә­сіп­орын халықтың салт-дәстүрі мен қолөнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған жоғары сапалы киім үлгілерін, оқушылар киімін, со­нымен қатар, әртүрлі арнайы жұ­мыс киімдерін және сый­кә­делер жасаумен айналысады. Жүзден аса адамды жұмыспен қамтып, өзіндік ерекше бағыт-бағдарымен көпшіліктің ықыла­сына бөленіп отырған «Ерке-Нұр­дың» тауарлары нарықта үл­кен сұранысқа ие. Әрине, ал­ғаш­қы кезде тапсырыс мерей­той­ларға шапан тігумен шектелуші еді. Кейін зиялы қауым өкіл­дері мен белгілі өнер жұл­дыздарынан бастап, жастар да жаңа заман талабына сай киім үлгілерін бізге тіккізетін болды. Уақыт өте келе үлкен мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс жасай бастадық. Осы жылдың ба­сында өткен дүбірлі дода – VII қыс­қы Азиада ойындарына арнап сыйкәделер жасадық, өнер ұжым­дарына концерттік киім­дер тіктік. «Ерке-Нұр» кәсіпорнының осындай тамаша табыстары Үкімет жағынан да ескеріліп, көп­теген марапаттарға ие бол­ды. Отандық «Шағын кәсіп­кер­лік­ті дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Сапалы тауар ө­н­ді­ру­ші» сынды ондаған атақтарды иелендік. ІІІ, ІІ дәрежелі «Ал­тын сапа» сыйлығын да жеңіп алдық. Менің де атқарып жатқан азды-көпті еңбегім ескеріліп, «Ата заңның 10 жылдығы», «Астана­ның 10 жылдығы» және «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасының ІІІ дәрежелі «Атамекен» медалін иеленіп, «Ең үздік кәсіпкер әйел» атағын алдым. Кәсіпорын жанынан 2004 жылдан бері «Ерке-Нұр» сән театры жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жаңа коллекциялармен толыға түсетін «Ерке-Нұр» сән театры ел тәуелсіздігінің 15 жыл­дығына Қазақстан халқы Ас­самб­лея­сы делегациясының құрамын­да Германия, Бельгия, Голландия, Америка елдерін аралап, қазақ­тың киім үлгілерін көрсетіп, үл­кен құрметке ие болып қайтты. Сон­дай-ақ, республикалық және ха­лықаралық, атап айтқанда: Қы­тай, Түркия, Германия, Швеция, Ресейде өткен бүкіләлемдік сән өнері сайыстары мен фотомодель байқауларында «Ерке-Нұрдың» таңғажайып киімдері жүлделі орындарды иеленді. 2007 жылы «Жыл таңдауы» бай­қауының қорытындысы бойын­ша «Ең үздік сән орталығы» ата­ғына ие болғанымызды да айта кетсем деймін. Кәсіпорынның жанынан «Ер­­ке-Нұр» – Шарапат» қоғам­дық қорының құрылғанына аз уақыт болса да қиналған жан­ның жанынан табылып, жетім­нің басынан сипап дегендей, игі істерімен көпшіліктің алғысына бөленіп келеді. Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы мен колледжінде оралман жетім жә­не тұрмысы төмен отбасы­лары­нан шыққан жиырмадан астам студенттің тегін білім алуына, жатақханамен қамтылуына жағ­дай жасап отырмыз. Студент­тер­дің Қытай Халық Респуб­лика­сында қытай тілінен алған білімдерін тәжірибемен ұштап қай­туына көмек қолын созудамыз. Өзім 1966 жылы 22 ақпанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келдім. Отбасындағы төрт ба­ла­ның үлкенімін. Аталарымыз ала­­сапыран жылдары Семей өңі­рінен Қытайға қоныс ау­да­рып­ты. Атам Қабыл он сау­са­ғынан өнері тамған кісі бо­лып­ты. Әкем Мерхамит Пекин уни­вер­ситетінің атом-физика факультетінде алғаш білім алған қазақ­тардың бірі. Әкем туған жері Шәуешек қаласында мәдениет саласында істеді. Ол кісі 1986 жылы ең алғаш Тарбағатай ай­мағында айтыс ұйымдас­тыру­шысы болған. Мінекей, атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер мені де өзіне баурап келеді. «Кісі елінде сұлтан болған­ша, өз еліңде ұлтан бол» деген да­на халқымыз. Отанымда ең­бек етіп жүргеніме өзімді шексіз бақытты санаймын. Қазақ елінің бір азаматы ретінде шеттен келген ағайындардың жағдайы ту­ралы тұжырымдама дайындаған едім. Осы жоба жүзеге асса, көшіміздің бұдан әрі көлікті болуына аз да болса үлесін қо­сады деп сенемін. Бүгінгі күні еліміздің қан­ша­лықты дамығанын, өркенде­ге­нін, әлемдік деңгейге жеткенін көріп отырмыз. Қазақ тәуелсіз ел болды дегенді ести сала қуаныштан жүрегі жарылардай болып, құстай ұшып жеткендер нарық қиыншылығын барша қазақстандықтармен бірге көрді. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде атамекеніне оралған оралман­дар­дың саны миллионнан асып, халық санының көбеюіне, ұлт­тық құндылықтардың жан­да­нуы­на, мемлекет іргесінің ны­ғаюына өзіндік үлестерін қосу­да. Бұл Елбасы реформасының арқасы. Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, «Ерке-Нұр» компаниясының президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.