Әрідегі асыл арналардан сыр тартсақ: «Жол мұраты – жету». Қазіргі кезеңнің шындығына ден қойсақ: «Қиынның қиыны – жол азабы».
Халық қағидасы мен өмір философиясының басты шындығы мен алшақ тұстары осыған келіп саяды. Қазіргі кезеңнің шынайы көрінісі де, пародоксі де осы. Оны көз көрді. Көңіл сенді.
БАҚ жүйесінен байқап, біліп-жүргеніміздей, еліміздің жер-жерінде «жол азабын» азайту бағытында маңызды қадамдар жасалып, іргелі істер атқарылып-ақ келеді. Үлкен- кіші қалаларда бір көшенің өзіне әлденеше рет жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытқа – Елбасының дәстүрлі Жолдауы, «Жол картасы» да жаңа тыныс, соны серпін берді.
Ақиқатында, «Жол картасы» бағдарламасына енбеген, басшы-қосшылардың назарынан тыс қалып келе жатқан ауыл-аймақтардың да бар екенін айтқымыз келеді. «Ұзын арқан, кең тұсауға» салмай, ақиқатын айтсақ Ежелгі Тараздан жүз шақырым төңірегінде ғана шалғай орналасқан Талас ауданына қарасты «Аққұм» ауылы тұрғындарының аудан һәм облыс орталығына жетуі ертелі-кеш айтып таусылмайтын ілкі кезеңдердің ескі ертегісіндей, ондағы жақсы өмір, жарқын болашақты аңсаған арман-аңсарларындай, тіпті жасыратыны жоқ, оның өзі сынаптай сырғып, сағымдай бұлдырап жан-жүрекке «мәңгілік ұялап», мұң мен шерге айналғанына да бірнеше онжылдықтар өтті.
«Арғы тарихты» айтпағанда, «Бостандық» пен «Талапты» елді мекендерінен шықпа жанымды әлденеше қайталап, жан-жүректерін уыстарында ұстаған ауыл тұрғындары «Аққұмды» бетке алғанда-ақ (қайтқан тұстарында да) алға басқан аяқтары кері кете береді. Еркін адымдап, қарышты қадам жасаулары қиынның қиыны-ақ. Себебі түсінікті, бар-жоғы бес-жеті шақырым жолды бірнеше сағатта жүреді. Таратып айтсақ, «Аққұм» мен «Бостандық» арасындағы айқыш-ұйқыш, ойлы-қырлы, ойдым-ойдым жерлерден аяқ алып жүру немесе айналып өту, басқа да амал-тәсілдерін жасау – күрмеуі қиын, түйіні мықты, алынбас асуға айналғалы қашан...
Ауыл жолы өмір жолы екенін ескерсек, алтын тамырдан нәр алып, кемел келешекке қарышты қадам жасағанға не жетсін!
Ауылда да өмір бар. Ауыл мен Астананың арасын жол жалғайды. Ендеше, сөз жоқ ауыл жолы – өмір жолы екені анық. Жолымыз даңғыл болса, өміріміз мәнді, тұрмыс та сәнді болары хақ.
Алыс ауылдың арман-аңсарларының бірі осы.
Рақымжан САҒЫМБЕКҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Аққұм» ауылы.