Қостанай өңірлік автоқұрастыру орталығына айналмақ
Қостанайда отандық автоөнеркәсіп кешені орталығын құру туралы жобаның еліміздің мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгені туралы газетімізде осыған дейін жазылған болатын. «АгромашХолдинг Қазақстан» АҚ базасында қысқа мерзімде қазіргі заманғы мәшине жасау өндірісі іске қосылды. Оның өзі технологиялар трансфертінің және қазақстандық мамандардың инновациялық талдамаларға белсенді тартылуының нақты мысалы болып табылады.
Қостанайлық автомобиль жасаушылар өсіп келе жатқан өндіріс қуаттарымен таныстыру үшін жетекші мемлекеттік газеттердің журналистерін шақырған болатын. Аталмыш өнеркәсіп кешенінің табалдырығынан аттай беріп-ақ оның ауқымына таңдана қарауға тура келеді. Қостанайдың жанынан автомобиль жасаушылардың бүтіндей бір қаласы бой көтеріп келеді. «АгромашХолдинг Қазақстан» АҚ-тың құрамына кіретін, осыдан жеті жыл бұрын жаңғыртылған, бүгінде қазіргі заманғы ауылшаруашылық өндірісі жүріп жатқан «Қостанайдизель» зауытында бір жылға жетпейтін уақыт ішінде жаңа мәшине жасау корпустары бой көтерді. Кәсіпорын, сонымен бірге қаланың өзі де, көз алдында ірі мәшине жасау торабына, халықаралық өнеркәсіптік «хабқа» айналып келеді.
Жаңа өнеркәсіптік орталықты құру бойынша қатар жұмыс істеп жатқан «АгромашХолдинг Қазақстан» АҚ және Allur Auto автомобильдер компаниясы тобы қазіргі заманғы өндірісті дамытуға жүйелі түрде келіп отыр. Кешен аумағы орасан зор, оған бірнеше футбол алаңдары сыйып кетер еді. Дегенмен, мұнда шөп басып кетіп, пайдаланылмай жатқан алаңдар жоқ. Технологиялық тұрғыда ойластырылған логистика барлық жерлерде де байқалып тұр. Оң жақтан «АгромашХолдинг» цехтарынан алаңға комбайндарды шығарып жатса, сол жақтағы жаңа цехтан SsangYong оңтүстіккореялық өндірушісінің уақыт сынынан өткен джиптерін шығарып, қатарға қоюда. Бүгінде Қостанайда жолтаңдамастардың төрт моделі құрастырылуда, ал маусымның басынан бастап Женева автосалонында наурызда көрсетілген ең жаңа 2011 жылғы New Actyon моделі құрастырыла бастайды.
– Күніне алты автомобиль, жылына – 1200 – бұл бүгінгі нормамыз, бастапқы жобалық қуат, бірақ ол да шегіміз емес, дейді «АгромашХолдинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Рахимов. – Бүгінде цех жылына шамамен 8 мыңдай автомобиль шығаруға мүмкіндік береді. Егер бүкіл алаңды пайдаланар болсақ, менің ойымша, жылына 100 мың шығару да проблема емес.
Шынымен де, орналасу жағдайына көз салып қарасаң өндіріс орнының артығымен салынғаны түсінікті бола түседі. Қажет болған жағдайда іс-жүзінде оны қалауыңша кеңейтуге болады – алаңдар да, сол сияқты жинақтаушы бөлшектердің конвейер бойында қозғалу схемасы да оған мүмкіндік береді. Серік Рахимов атап көрсеткендей, болашақта тағы да бірнеше өндірістік алаңдар жолға қойылып, оларда коммерциялық автотехника жасалатын болады. Шығарылатын өнімдегі жергілікті мазмұнды тұрақты түрде арттырып отыру жоспарланғандықтан, өзіндік жинақтаушы өндірісті кеңейту үшін де алаңдар қажет болмақ. Алты жыл ішінде түпкі өнімдегі қазақстандық мазмұнның үлесі 50 пайызға дейін жетуге тиіс, ал бұл дегеніңіз қарапайым «бұрандалы» құрастыру емес, толық дәрежелі мәшине жасау жобасы. Автомобильдер әдетте елдің жол жағдайларына сәйкес болу үшін модернизацияланады. Зауытта тірек-беріліс тораптары мен трансмиссияны қазақстандық жолдарға бейімдеумен айналысып қана қоймай, сонымен бірге, SsangYong жолтаңдамастарының арнайы жиынтықтарын әзірлеумен айналысатын дербес тәжірибелік-конструкторлық бюро жұмыс істейді. ТЖМ-ның құтқару қызметтері, күштік құрылымдар, коммуналшылар үшін арнайы модельдер жасалды. Осы қызметтерге арналған алғашқы мәшинелерді зауыт тапсырыс берушілерге жеткізіп те үлгерді. Мәселен, таяуда оңтүстік астананың әкімі Ахметжан Есімов айтарлықтай бөлігі Қостанайдағы зауытта шығарылған 159 жаңа қызметтік автомәшинелерді Алматы ішкі істер департаментіне берді.
Алда әлі де кең ауқымды өсудің тұрғанына қарамастан, кореялық кроссоверлерді құрастыру жөніндегі Қостанай кәсіпорны қазірдің өзінде таңдануға тұрарлықтай. Алаңқай техниканың ең соңғы үлгілерімен жабдықталған. Бөлшектер мен кузов тораптарын, агрегаттарды орындарына қондыру жүйесі робот арқылы жұмыс істейді. Өндіріс орындары тап-таза, конвейердегі жұмысшылардың бәрі операциялардың белгіленген тізбегін бұлжытпай сақтайды. Тікелей жұмыс орнында өзіміз тілдескен құрастырушы слесарь Иван Иванов үдерістің техникалық жағының мейлінше нақты ұйымдастырылғанын айтады. Барлық операциялар күн тәртібінде минөттер бойынша көрсетілген, ал мамандарға ең қатал талаптар қойылады. Жұмыс қызық, үш ай істедік – мезгіл-мезгіл айлығымызды көтеріп отырады, еңбекақы толық қанағаттандырады, дейді Иванов. Бастапқыда аталмыш өндіріс үшін қызметкерлерді барынша мұқияттылықпен іріктегенін атап өту қажет. Іріктеуден өткендер оқуға жіберілді, көптеген мамандар Оңтүстік Кореядағы SsangYong зауытында тағылымдамадан өтті.
Әлемдік автомобиль жасау стандарттарына сәйкес келетін кәсіпорын өнімдеріне деген сұраныс Қазақстанда да, сонымен бірге Кеден одағы кеңістігінде де баршылық. Ол түсінікті де. SsangYong Pyong Tech бөлімшесінің мамандары бақылау жасайтын сапалық өлшемдерінің барынша ұқсас болғанына қарамастан, қазақстандық жолтаңдамастар Кореяда құрастырылғандарға қарағанда шамамен 10 мың долларға арзан.
Біз конвейер жанында өзінің оптимизмін ашық мәлімдеген Allur Auto компаниясының басшысы Андрей Лаврентьевпен әңгімелестік. Оның айтуынша, «Аллюрдің» көптеген автосалондарында бұл автомобильдерге кезек қазірдің өзінде 1-2 ай бұрын жазылып қойылған. Әсіресе, қазақстандықтар 2009-2011 жылдардағы ең жаңа модельдерге көз салуда, дейді Андрей Сергеевич. Ол түсінікті де. Отандық сарапшылардың бағалауынша, осындай кореялық маркілер қазіргі күні сапасы мен сенімділігі бойынша жетекші жапондық және еуропалық өндірісшілер деңгейінде тұр. Оңтайлы баға мен жоғары сапаның ара-қатынасы – сатудың үздіксіз өсіп отыруын да осымен түсіндіруге болады. Қазақстандық тұтынушы да осы артықшылықтарды жете бағалаған тәрізді. Allur Auto компаниясы мамандарының болжамынша, 1 маусымда ұсталған автомобильдерді әкелуге берілген жеңілдікті баж салықтары жойылғаннан кейін қазақстандық кәсіпорын өнімдеріне деген сұраныстың бұдан да гөрі айтарлықтай өсуі мүмкін. Сондықтан, осында айтылып жүргендей, болашақта өндіріс қуатын ұлғайту – ол тек жоспар ғана емес, сонымен бірге объективті қажеттілік.
SsangYong жолтаңдамастарын шығару цехымен қатар, Қостанайда бүгінде ресейлік ірі «Соллерс» автомобильдер тобымен бірлескен тағы бір жоба қолға алынуда. Жаздың соңы мен күздің басында уақыт тезінен өткен, онша бап қаламайтын және қымбат емес әрі жүру қабілеті жоғары «УАЗ» автомобильдерін құрастыру басталады. Оларды армияның, Ішкі істер министрлігінің, ауыл шаруашылығының, төтенше жағдайлар қызметінің қажеттіліктері үшін елімізге жеткізу тұрақты күйінде тұр. Сондықтан Кеден одағының аумағы Қостанайда жаңа өндіріс алаңын құру «Соллерс» басшылығы үшін оңтайлы болып отыр.
Отандық автомобиль өндірісі орталығының дәл Қостанайда тамаша орналасқандығы жөнінде отандық та, сол сияқты ресейлік сарапшылар да айтып жүр. Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннің «Соллерстің» басшысы Вадим Швецовпен таяудағы әңгімесі кезінде де осы жөнінде сөз болды. Қостанай – елдің автоөнеркәсіп орталығын құру үшін өте қолайлы орын. Осы жерден неғұрлым маңызды деген өткізу рыноктарына, оның ішінде қазақстандық та, ресейлік те бар, арақашықтық біп-бірдей. Транссібір магистралі жақын өтетіндіктен, автокешендерді жеткізіп беру де арзанға түседі. Тіпті зауыт тауарының оңтайлы бағасының өзі көбіне-көп өндірісті орналастыруының ойластырылған логистикасының нәтижесі болып табылады. Былайғы факторларды ескермегенде, зауыттың орналасуының өзі ғана әрбір автомобильдің өзіндік құнын 600 долларға арзандатуға жағдай жасады, дейді А.Лаврентьев.
Журналистердің көздері жеткеніндей, Қостанайдың кең көлемді автомобиль өндірісі орталығына айналуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Конвейерлердегі жұмыс бір минөтке де толастамайды. Жаңа ғана құрастырылған мәшинені реттеу стендіне және техникалық сұйықтықтар құю орнына енді апара берген сәтте, конвейрдің басында барлық қажет бөлшектерді қондыру керек болатын жаңа «жалаңаш» қаңқа – кузов пайда болады. Бүгінге дейін зауытта 400-ден астам автомобиль құрастырылды, ал жыл аяғына дейін ол сан бір жарым мыңнан асып түспек. Қарқын арта түсуде. Дегенмен, мұның өзі де істің тек басы ғана.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.