Дүниежүзі қазақтарының 4-ші құрылтайына шекара асып, алыс-жақын шетелден ат арытып, атажұртына деген сағыныштарын арқалап келген қандастарымыз кеше елордадағы «Отан қорғаушылар» монументіне барып, гүл шоқтарын қойды. Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталған соң, Отаны үшін от кешкен жауынгер боздақтардың рухына бір сәт үнсіздік жарияланып, артынан Қазақстанның әнұраны орындалды.
Біз монумент алаңында орналасқан «Мәңгілік алау» алдында бір-бірімен арқа-жарқа әңгімелесіп, шат-шадыман күй кешкен қонақтардың арасынан кейбір қандастарымызды сөзге тартып, Қазақстанға деген жылы лебіздері мен атамекен топырағын басқан сәттегі әсерлерімен бөлісулерін сұраған едік.
Өзін Өмірхан Алтын деп таныстырған қандасымыз құрылтайға Германияның Мюнхен қаласынан арнайы келгенін айтты. Кезінде Мюнхендегі Азаттық радиосында журналист болып қызмет атқарған әріптесіміз екен. Құрылтайға бірінші рет қатысуы емес. Мұның алдындағы жылдарда Астана, Түркістан қалаларында өткен құрылтайларға қатысса, биылғы жылғы құрылтайға Еуропаның Дания, Голландия, Швеция, Франция, Ұлыбритания секілді елдерінен барлығы 45 адам арнайы делегат болып келіпті.
«Әрбір құрылтайдың өзіндік ерекшелігі бар ғой. Келген сайын көңілімізді шаттық сезімі кернеп тұрады. Отанға, атажұртқа деген сағынышымыз орасан. Мен Астанаға өткен жылы келген едім. Бұл қала жыл сайын емес, ай сайын өзгеріп тұрады екен», – деді Өмірхан ағамыз әсерімен бөлісіп. Өмірхан Алтын бізбен әңгімесінде шеттегі қазақтар үшін көші-қон, қандастардың келіп-кетуі, шетелдегі қазақтар мен Қазақстандағы қазақтар арасындағы түрлі саладағы байланыс мәселелеріне айрықша назар аударылса деген тілегін де жеткізді. «Әрине, әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтардың өзінің жергілікті жағдайына байланысты туындаған, бүгінге дейін шешілмеген мәселелері бар. Құрылтайда солар талқыланса дейміз», – деді ол.
Енді бір қандасымыз – Моңғолияның Баянөлгий қаласынан келген Сиез Қазезұлы. «Моңғолиядан келген азаматтардың арасында түрлі сала өкілдері бар. Өзім дәрігермін. Қазақстанға осыдан 10 жыл бұрын жолым түскен болатын. Бір байқағаным, осы жылдар ішінде еліміз көркейіпті. Астананың әдемілігі де көз тартады. Біз алыста жатсақ та, еліміз үшін қуанып жүреміз. Ел ішінде үлкен шаралар атқарылып жатыр ғой. Болашақта дүниежүзі қазақтарының рухын көтеру жағы назардан тыс қалмаса екен дейміз. Отбасыма келсем, бір балам Америкада, екінші балам Қытайда оқып жатыр. Олар болашақта Қазақстанға келуі әбден мүмкін», – деді С. Қазезұлы.
«Отан қорғаушылар» монументі алдына жиналған қандастарымыздың арасында жастардың қарасы да едәуір көрінді. Солардың арасынан Голландияның астанасы Амстердам қаласынан келген Әбубәкір Зенгин мен Ілияс Чокгулен деген екі жасты кездестіріп, әңгімеге тарттық. Екеуі де Қазақстанға бірінші рет келіпті. Әбубәкір әуежайда қызмет етсе, Ілияс компьютерлік технология мамандығы бойынша оқитын студент екен. «Біздің Қазақстанға келгіміз келеді, елді әлі де көргіміз келеді. Атажұртқа келер алдында виза алуда біраз қиналдық. Сондықтан, осы мәселе оңайлатылып, шетелдегі елшіліктердің бізге қарайласқанын қалаймыз», – деді Ә.Зенгин.
Бір атап өтерлігі, Арқа төсіне жиналып, қазақ жеріндегі қаракөз бауырларымен қауышқан қандастарымыздың жүзінен тарихи Отанына деген ыстық сезімдері ерекше байқалып тұрды.
Шара соңында олар «Отан қорғаушылар» монументі алдында естелікке суретке түсіп жатты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.