27 Мамыр, 2011

Отандық зауыт өнімі ана мен бала ағзасына қажетті дәрумендерге бай

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен жылы Алатау ауылдық округінде «Амиран» Қазақ тағамтану академия­сы­ның зауыты өз жұмысын бастаған еді. Жо­ба­ның бастапқы инвестициялық құны 683,0 млн. теңгені құрап, жалпы игерілген қаржы 1170,4 млн. теңгеге жетіпті. Оның 487,4 млн. теңгесі сауда үйінің шығын­дарын құрайды. Өңірдегі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында тиянағы келтірілген зауыт аумағы бір гектар жерді алып жатыр. Қоғамның болашағы сәбилердің қалыпты жетілуі мен ана денсаулығын қорғауды мұ­рат тұтқан Қазақ тағамтану академия­сы­ның президенті Төрегелді Шарманов бо­ла­шағы зор істі бастаса, оған корейлік инвесторлар да қаржы салған. Заманауи техни­ка­лық құралдармен жабдықталған кәсіп­орын­дағы жұмыс толық автоматтандырылған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры Алла Валерьевна Пак бүгінде «Байсерке-Агро» серіктестігімен, өзге де шаруалардан келісім-шартпен сүт алып, тәу­лігіне 2,3 тонна өнім өңдеуді жалғастыр­ған­дарын айтады. Бұл зауыттың жоспарланған қуаттылығының 19,2  пайызын құрайды. Жыл басынан бері мұнда 52 тонна өнім өндіріліп, зауытқа 27,0 млн.теңге қар­жы түскен. Шығарылған сүт, йогурт, сүзбе, іркіт, қаймақ Алматы қаласындағы «Амиран» сүт орталығында саудаланып  келеді. Бір айта кететін жай өнімнің құпиясы көп жылғы зерттеу жұмыстарының бары­сын­да тиянағы келтірілгендігі. Шығарыл­ған өнімде ана мен бала ағзасына қажетті дәрумендер тапшылығы ескерілген және бүгінде екінің бірінде кездесетін аллергия, дисбактериоз, анемия, диабет, тағы басқа ауруларды емдеу, алдын алуға мүм­кін­діктің барлығы. Осы мәселелер жайлы Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде Т.Шарманов айтқан болатын. Округтегі елуден астам адамды жұ­мыс­пен қамтыған зауыт шығаратын ашы­тыл­ған сүт қоспалары мен сарысу негізіндегі сусын, ботқа дайындауға арналған сүт, түйіршікті ірімшікке тұтынушылар тапсы­рыс беруде. Ғалымдар мен инвестор­лардың бірлескен жұмысының нәтижесі осылайша жоғары бағаланғанын көреміз. – Егіз балаларымыз өмірге келгелі бір жыл болды. Әрине, оларға ана сүті жеткіліксіз. Биыл зауыт ашылғалы сәбилерге «Амиранның» сүті мен йогуртын, сүзбесін алып беріп жүрміз. Өте құнарлы. Сәбилер салмақ қосып, алаңсыз өсіп келеді. Бұған дейін дүкен сөрелеріндегі шетелдік балалар тағамын пайдаландық. Байқағаным,  өзі­мізде шығарылған бала тағамының құнар­лылығы жоғары. Әрі экологиялық жағынан таза. Осындай тағам түрлерін шығарған ғалым атамызға алғыс айтамыз, – дейді Дидар Бекдайыр деген алматылық азамат. Иә, Талғардағы жаңа зауыттың бола­ша­ғы зор. Өйткені, оның өндірістік қуат­ты­лығын арттыру және өнім түрлерін кө­бейту бағытындағы ізденістер құптарлық. Отандық өнімге деген тұтынушы талғамы да жоғары. Бұл ең негізгі көрсеткіш деуге болады.