Елордада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтары IV құрылтайының делегаттарымен дөңгелек үстел кеше Білім және ғылым министрлігінде өтті.
Алғашқы сөзді министр Бақытжан Жұмағұлов алып, құрылтайдағы Елбасының берген тапсырмасы аясында атқарылатын жұмыстарды нақтылап жатқанын айтты. Ол сонымен қатар, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде білім мен ғылым саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге де тоқталып өтті. Әсіресе, 2011-2020 жылдарға арналған жаңа білім бағдарламасы бойынша жұмыс жоспарларына мән берді. Елордадағы «Назарбаев Университетінің» кемел келешегі жайлы да сөз қозғап, «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде маман дайындау ісіне тоқталды.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев шетелдердегі қазақ мектептері, қазақ тілінің жайы, оқулық мәселесі, шет елдерде оқып жатқан студенттер туралы өз байламын алға тартты. Түркиядан келген ғалым Әбдуақап Қара алыс және жақын шет елдерде тұратын қандастар туралы өз ойын тарата келіп, өзге мемлекеттердегі қазақ ғалымдарымен Қазақ елі оқымыстыларының қарым-қатынасын нығайту, басқа мемлекеттерде тұрып жатқан жастардың тілінен айырылып бара жатқанын, оларды Отанына тарту мәселесін қозғады. Қытай мемлекетінен келген бауырымыз, қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов ол жақтағы ағайындардың жағдайынан жан-жақты хабардар етіп, жастардың атажұртына келгенде екі мақсатты алға қоятынын, оның біріншісі – білім алу болса, екіншісі – осында қалу екенін де бүгіп қалмады. Бір замандардағы КСРО-ның саясаты сияқты Қытайда қостілділік қанат жайып бара жатқанын, негізінен қытай тілі бел ала бастағанын айтып, бірте-бірте жастардың сіңіп кетпеуін ойластыру керектігін назарға салды. Сол секілді Өзбекстаннан келген қандасымыз, профессор Бәкір Серікбаев та әріптестері айтқан мәселенің Өзбекстанда да бар екенін, осыдан 5 жыл бұрын 750 қазақ мектебі болса, қазір 541-ге азайғанын айтып, жас қыздардың өзбек жігіттеріне тұрмысқа шығып жатқанына қынжылыс білдірді. Қазақ мектебін бітіргенмен, жоғары не орта оқу орнына түсу үшін өзбек тілінде емтихан тапсыратынын жеткізді.
Әлемнің төрт бұрышынан келген қандастарымыз жарыса сөз алып, үлкен мәселелерге мән берді. Айталық, Ресейге жіберіп жатқан оқулықтарымыз ол жақта сараптаудан өткеннен кейін ғана мектептерде оқуға рұқсат беріледі екен. Кейбір оқулықтардың 2009 жылдан бері сараптаудан қайтпай жатқанын, осындай мәселелерді мемлекеттік дәрежеде шешсе деген тілектерін тілге тиек етті. Әрине, оның бәрін шағын мақалада қамту мүмкін емес. Алдағы уақытта таратып жазу ойымызда бар.
Дөңгелек үстелді қорытқан Бақытжан Жұмағұлов, шетелде жүрген бауырларына ризалығын жеткізіп, алға тартылған пікірлердің назарға алынатынын, қазақ ғалымдарының арасындағы байланысты, профессорларды жоғары оқу орындарына шақыру шешілетінін, жастарға қатысты проблемалар да орындалатынын атап өтті. Ал шет елден министрліктің өкілдігін ашу мәселесіне келгенде, қазір 10 елде ғана ондай құрылымның барын, болашақта ол да ойластырылатынын жеткізіп, Ресейден келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрғайша Бариноваға Ы.Алтынсарин төсбелгісін тапсырды.
Сүлеймен МӘМЕТ.