01 Маусым, 2011

«Егемен» – ел теннисінің жанкүйері

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Теннис федерация­сының кеңсесінде Beeline абоненттері мен БАҚ арасында Ар­гентинаға Дэвис кубогына қазақ­стандық жан­күйерлер сапында бару құқығына иелік беретін сайыс қоры­тындысы жариялан­ды. «КаР-Тел» ЖШС (Қазақ­стан­дағы Beeline  бренді) және Қазақстан Теннис федерациясы ұйымдастырған бұл шара «Жан­күйер, сен Аргентинадағы ойын­ға керексің!» дейтін ұран аясын­да бірнеше байқау өткізген бола­тын. Осы шара басталғалы газетіміз өз оқырмандарын толық ақ­паратпен қамтамасыз етіп келеді. Еске сала кетсек, БАҚ өкіл­дері арасында отандық теннис спорты туралы ең үздік жария­ланым бәй­геге түссе, «Барлығы теннис тура­лы» атты смс-кон­курсы мен «Эйс – Арген­тинаға ұшу» смс-виктори­насы ұялы бай­ланыс операторы­ның тұтыну­шы­лары арасында өт­кізілді. СМС-викторинаға 2872 Beeline абоненттері қатысып, қара­пайым да күрделі 32 сұраққа жауап іздеді. Сайыс жеңімпазы аста­налық Жігер Азбергенов дейтін азамат. Ұйымдастырушылардың қой­ған шарттары бойынша сұрақ­тарға көбірек дұрыс жауап берген Жігер 7-9 шілдеде Буэнос-Айресте өтетін Аргентина мен Қазақстан құрамалары арасында болатын Дэ­вис Кубогы жарысын тамашалау құқығына ие болды. БАҚ өкілдері арасында ұйым­дастырылған сайыс жеке және топ­тық түрде өткізілді. Отандық бұ­қаралық ақпарат құралдары­ның 15 өкілі бақ сынап, 18 журналисі белсенді қатысқан шара­ның қоры­тын­дысына келер бол­сақ, жекелей са­йыс­та Алматы телеарнасының тілшісі Рауан Оқас пен «Мегаполис» газетінің тілшісі Леонид Юрьев жеңімпаз атанып, жолдамаға қол жеткізді. Ал топтық сайыста «Егемен Қа­зақ­стан» газеті мен «Ten­nisLife» жорналы жүлдегер атанды. Ел газеті «Егеменнің» намысын қорғап, жүлделі биікке жетелей білген әріптесіміз Дастан Кенжалинді жаңа жеңісімен құттықтап, отандас теннисшілеріміздің рухын жат жерде де жанып, Қазақстан туын елге биік желбіретіп қайтуларына тілектестігімізді білдіргіміз келеді.