01 Маусым, 2011

1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні

2142 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бар жақсылық – балаларға

Халықтың әл-ауқатын үнемі жақсартып отыру Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытының басты мақсаты болып табылады. Сондықтан мем­лекетіміз азаматтардың әлеуметтік қолдауға зәру белгілі бір топтарын жүйелі және тұрақты түрде ерекше қамқор­лық­қа алады. Осы орайда балаларды қорғауға қатысты қол­дау түрлері, оның ішінде мүгедек балаларды қамқорлыққа алу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұ­мыс­тарының басым бағыты болып отыр. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік АХМЕТОВПЕН әңгімелескен едік. – Серік Әбжәлиұлы, ал­ғаш­қы сұрағымыз мүгедек ба­лалар саны туралы бол­мақ. Қазіргі күні Қазақ­стан­да олардың нақты саны қанша? – Биылғы жылдың 1 ма­мы­рын­дағы есеп бойынша еліміздегі мүгедек балалар саны 56 839 болып отыр. Оның ішінде 16 жасқа дейінгі балалар са­ны 48 049 немесе еліміздегі атал­мыш жасқа дейінгі бала­лар­дың 1,1 %­-ын құрайды. Олар­­дың барлығына ел заң­да­рына сәйкес, әлеуметтік көмек және ме­дициналық, педагоги­ка­лық тү­зе­ту түріндегі қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар мү­гедек бала­лар­ды емдеу және от­басының мате­риалдық жағдайын жақсартуды қамтамасыз ету қа­растырылған. – Балаларға берілетін ар­найы жәрдемақылар көлемі қан­дай? – Қазіргі таңда мүгедек ба­ла­лар­ға ай сайын мүгедектігі үшін әлеу­меттік жәрдемақы және ба­лаларға берілетін көмек ор­нына арнайы мемлекеттік жәр­демақы беріледі. Олардың көр­сеткіш­те­ріне келетін болсақ, 16 жасқа дейінгі мүгедек бала­ларға 17 684 теңге, бірінші дә­ре­желі мүге­дек­терге – 24 321, екінші дәрежелі мүгедектерге 20 247 теңге, ал үшінші дәре­желі мүгедек ба­ла­ларға 15 103 теңгені құрайды. 2008 жылғы Елбасы Жол­дау­ына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен ар­найы мемлекеттік жәрдемақы­ны орташа есеппен жыл сайын 9 %-­ға көтеріп отыру қарасты­рылады. 2009 жылы 44 700 мүгедек бала 638,1 млн.теңге ар­найы мемлекеттік көмек алды. Ал өткен жылы 45 810 бала 724,1 млн. теңгенің әлеуметтік көмегін алса, 2011 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көр­сеткіш 48 049 балаға 214,1 млн. теңгені көрсетті. 2007 жылмен салыстырғанда 4 және одан да көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы 4 есеге өсіп, 1 мамырдағы көрсеткіш бойынша 45 630 теңгені құ­райды. Ал бір жасқа дейінгі ба­ланың күтіміне берілетін жәр­демақы 2,4 есеге көбейіп, бірінші балаға 8 316 (5,5 АЕК), екінші балаға (6,5АЕК), үшін­ші балаға 11 340 теңге (7,5АЕК), төртіншісіне 12 852(8,5 АЕК) теңгені құрайды. Тағы бір атап өтетін жәйт – өткен жылдан бастап мүгедек баланы тәр­бие­леп отырғандарға ең тө­мен­гі айлық есептік көрсеткіш жәрдемақысының тағайын­да­луы. Бұл жұмысын тастап, үй­де баламен айналысуға мәж­бүр болған ата-аналар үшін өткір мәселе болатын. 2010 жылы мұндай көмекті 51 178 ата-ана және қамқоршы алған. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы 2674,4 млн.тең­генің көмегін 53 319 адам ал­ған. Мүмкіндігі шектеулі бала­ла­ры бар отбасыларға әлеу­мет­тік көмек беру мақсатында үйде оқытылып, тәрбие­лене­тін 11 659 мүмкіндігі шектеулі балаға барлық облыстарда жергілікті бюджет есебінен төлемақы беріліп отырады. Ал білім алу барысында берілетін ай сайынғы орташа төлемақы 4 мың теңге. – Мүмкіндігі шектеулі мү­гедек балаларды оқыту мәселесі қалай шешілуде? – Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мәселесімен Білім және ғылым министрлігі айналысады. Онда мүгедек балалар туралы мәліметтер бой­ынша орталықтандырылған банк және арнайы ұйым желісі құрылған. Бұл білім беру ұй­ымдарының кеңеюі бойынша үйлесімді шаралар қабыл­дау­ға, сондай-ақ республика бой­ынша және әр аймақтарда арнайы білім беруді басқару жүйесінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Психология­лық­­-медициналық-­педагогика­лық консультация желісі ке­ңейді. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуындағы артта қалушылықты ерте бастан анықтауда үлкен көмегін тигізуде. Республикада ондай ПМПК саны – 57. Инклюзивті білім беру де даму үстінде. Бүгінде арнайы түзету ұйым­дарының саны 101-ді құрай­ды. Жалпы білім беретін мектептерде арнайы сынып­тар санын екі есеге арт­тыр­дық. Өткен жылы олардың саны 1155 бірлікке жетті. Дені сау құрдастарымен үнемі араласу олардың қо­ғам­ға бірігуі және әлеу­мет­тік бейімделуі секілді мәселе­лерін тиімді шешуге септеседі. Сон­дықтан 98 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде және 1 286 жалпы орта мектепте ин­клюзивті оқыту мүмкіндіктері қарастырыл­ған. Онда 17 мыңнан астам мүм­кіндігі шектеулі балалар дұрыс даму үстіндегі құр­дастарымен бірлесіп, даму үстінде. Жаңа үлгідегі арнайы ұйым желісі де дамып келеді. Өткен жылы 17 реабилитациялық орта­лық, 124 психологиялық-­педаго­ги­калық коррекциялау және 402 логопед пункті жұмыс істеді. Сонымен қатар 380 инклюзивті білім беру және коррекция кабинеттері өз міндеттерін атқаруда. Коррекциялық ұйымдар арнайы құрал-жабдықтармен, оқытудың көмекші техникалық және ком­пен­саторлық құралдарымен жаб­дық­талады. Атап айтсақ, сурдотехника, тифлотехника, релакса­ция­ға арналған сенсорлы және жұмсақ бөлмелермен, логопедтік және емдеу тренажерлерімен 42%-ға қамтамасыз етілген. Жаңа үлгідегі оқыту ұйымдары бұрын оқытуға келмейтін балаларды оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік беруде. Қорыта айтсам, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы жалпы білім беру бағдарламаларымен қамту 42,6%-ды құрайды. – Мүгедек балаларға әлеу­мет­тік көмек көрсету және реа­би­литацияның дербес бағдар­ла­ма­сына сәйкес оларды тех­ни­калық көмекші құралдар­мен, мамандармен қамтамасыз ету мәселе­лері туралы да айта кетсеңіз. – Иә, орынды айтасыз. Соңғы 3 жыл ішінде 7 мыңнан астам ба­лаға протездік-ортопедиялық кө­мек көрсетілді. 3 мыңға жуық көз және құлақ кемістігі бар бала, сурдо, тифлотехника (есту ап­па­раты), көп функциялы белгі жүй­е­сімен және басқа да техникалармен қамтамасыз етілді. Мүгедек­тігі бар 1748 балаға арба-орын­дық берілді. Жыл сайын 1000-ға жуық бала санаторий-курорттық ем алуға жіберіледі. Жалпы ал­ғанда, елімізде арнайы әлеу­мет­тік қызмет түрлерімен мүгедек балалардың 30%-ы (17 079 адам) қамтылған. 2009 жылдан бастап әлеу­мет­тік жұмыстар бойынша мамандар дайындауға, дефектологтар, логопедтер, әдіскерлер, дене шынық­тыру мұғалімдерін, еңбек нұс­қаушысы, невропатолог секілді қат мамандықтарды енгізу қар­жыландырыла бастады. Атап көрсетер жәйт, арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің бәсекелі рыногын қалыптастыру мақсатында сала бойынша мемлекеттік тапсырысты орындауға үкіметтік емес ұйымдар кеңінен тартылуда. 2010 жылы үкіметтік емес ұйымдар психоневрология­лық аурулармен ауыратын 2 мың адамға 446,5 млн.теңгеге арнайы әлеуметтік қызмет көрсеткен. Жалпы, мүгедек балалардың көп бөлігі толыққанды емес от­басыларда, көбінесе әкесіз өседі. Ал бұл тәжірибе көрсетіп отыр­ған­дай, аз қамтылған отбасы­лар­ға жатады. Әлеуметтік қамтама­сыз етудің жаңа формаларын енгізу арқылы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды мүгедек баланың қажетті көмек кешенін алуға құқын сақтай оты­ра жұмысқа орналастыру мүм­кін болып отыр. Мүгедектігі бар ба­лаларды тәрбиелеп отырған ең­бекке қабілетті отбасы мүшеле­рін қолдау мақсатында мемлекет салық төлеуге жеңілдік береді. Жалпы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүгінгі таңда мемлекетіміздің басым бағыты ретінде айқындап берген стратегиялық бағдары бойынша әрі Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік саясатты қалыптасты­ру­ға негізделген «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жол­дауына сәйкес қоғамдағы әлеу­меттік қолдауды бір сәтке болсын толастатпай, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін тынбай еңбек ету парызымыз. Ал кішкентай бүлдіршіндеріміз осы қо­ғамның мүшесі әрі ертеңі. Сон­дықтан да олар еш уақытта мемлекет назарынан тыс қалмайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.  

Біз – қазақ елінің болашағымыз!

Балаларды қорғау күніне және Отанымыздың Тәуелсіз­ді­гі­не орай, бүгін елордада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­лар­ға арналған республикалық «Таң Шолпан» конкурсы өз жұмысын бастайды. Кеше осы конкурсқа арнайы келген елі­міз­дің бір топ үлбіреген ұлда­ры мен гүлдей құлпырған қыз­дарын темір жол вокзалынан қар­сы алу рәсімі өтті. Бұл конкурс соңғы 5-6 жыл көлемінде жетім балалардың бой­ындағы дарынды ашу мақ­са­тында ұйымдастырылып келе жат­қанын айта кеткеніміз ләзім. Осы жолғы өнер сайысына 10-18 жас аралығындағы 150 бала қа­тысады. Олардың бәрі де ата-ана­сы жоқтар және әртүрлі жағ­дайға ұшырағандардың ұл-қыздары деуге болады. Бұлар­дың дені балалар үйінен келсе, қалған біразы от­басы үлгісіндегі жанашырлар­дың қамқорлығын­да­ғылар. Конкурсқа қатысушылар өз өнерлерін жеке және өздері құр­ған ансамбльдерде көрсетеді. Олардың сегіз қырлы, бір сыр­лы талпынысын қазылар алқа­сы бағалап, жеңімпаздарға дип­ломдар мен бағалы сыйлық­тар тапсыру көзделген. Және бір айтарымыз, мұндай жұ­мыс­ты Астанада өткізудің де өзіндік себебі бар екен. Оларға елорданы таныстыра отырып, жоғары патриоттық рухын оя­тып, өздеріне қамқорлық жасап жатқан Отанына адал болу, мейірім мен шапағатты тү­сі­ніп, тәрбиешілерінің еңбегін бағалауға баулу. Біз осы конкурсқа Жез­қазған қаласынан келген от­басы үлгі­сін­дегі балалар үйінің тәрбие­ле­ну­ші­лері Ба­тыр­лан Жаңаберген мен Ораз Ахметовті бауыры­мызға тарт­қанда, олар өздерінің қам­қоршыларына ризалығын біл­діре келіп, қолдарындағы қа­сиетті қара домбыраны қатар тұрып қағып-қағып жібергенде, халық күйі «Салкүрең» вокзал ішін кернеп кетті. Ал Алма­ты­дағы №1 балалар үйі­нің тәр­бие­ленушілері Юлия Анищук пен Алан Кит өз­дерінің қазақ тіліне жетік екен­діктерін аңғартып, «Боз­торғай» ансамблінің құрамын­да Құр­ман­ғазының «Адай», «Бал­бы­рауын» күйле­рін тарту­ға қатысатынын, өзге де ән­дерді айтатындарын жеткізді. Осы келген балалардың қай-қайсы­сымен тілдессең де, жүз­дерінде күлкі тұрғанымен, жап­ақтаған жанарларынан бір мұң айқын көрініп қала беретіні бар. Иә, баладан асқан бақыт бар ма? Ал сол балаға ең ал­дымен қажеті ата-ананың қамқорлығы, аялы алақаны. Кейде ата-ана деген аты бол­ғанымен, заты ілікке ілін­бей­тіндердің тәлкегінен тағдырлы балалардың арамызда азай­май келе жатқаны анық. Әйтсе де тәуелсіз мемлекеті­міз­дің, Ел­ба­сы­ның қамқорлығы­ның ар­қасын­да олар барлық жақ­сылықтан кем қалып жүрген жоқ. Соның бір айқын дәлелі, осы «Таң Шолпан» конкурсы дер едік. Сүлеймен МӘМЕТ. Сәби күлкісі бәрінен қымбат Жарымжан жандардың көңілін аулап, көмек көрсету – халқымыздың қашаннан бергі қасиеті. Осындай ғасырдан ғасырға ұласып, ата-бабамыздан жеткен қасиеттің арқасында қазақ халқы ешкімді жетімсіретпеген. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз де осындай кезде айтылғаны белгілі. Мүгедек адамдарға көмек көр­сету Кеңес Одағы кезінде де жүргізілген болса, қазіргі таңда да жарымжан жандардың жаны­нан табылып, мемлекеттің қам­қорлығына алу елімізде жүр­гі­зіліп жатқан үлкен әлеуметтік саясат болып табылады. Бүгінде түрлі мекемелердің Халықаралық балаларды қорғау күні қар­са­ңында сәби кезінен түрлі ауру­ларға шалдыққан балаларға жыл сайын көмек көрсетуді дәстүрге айналдырғанын атап өткен жөн. Жақында солардың бірі «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» фи­лиалының мүшелері мен Қазақ­стан Республикасы Президенті­нің Іс басқармасы орталық ап­паратының қызметкерлері бірігіп, Ақмола облысының Первомай  ауы­­лының жүйке ауруларына шал­дыққан балаларға арналған әлеуметтік медициналық мекемесінде болып, дәстүрге айналған қайырымдылық шарасын өткізіп қайтты. Осы жерде Астрахан ауда­нының әкімі Рашит Әкімов, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ұйым­дастыру және кадр жұмысы бө­лімінің меңгерушісі Боран Дүй­сенов, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының «Бірлік» бөлімшесі төрағасының орынба­сары Ғалым Жұмшаев пен басқа да азаматтар балалардың жағ­дайы­мен танысып, өздерімен әкел­ген сыйлықтарды табыс етті. Бұл мекеменің өзі Первомай ауылында 1946 жылы құрылған. 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы­мен балалар үшін тұруға қо­лайлы ғимарат салу туралы шешім қабылданды. Сол кезде Балалар үйін салуға еліміздің 200-ден астам ұйымдары мен жекелеген азаматтары ат салысты. Қазіргі кезде аумағы кең, бірнеше ғимараттан тұ­ратын балалар интернатында жүйке ауруларына шалдыққан балаларды емдеу мен күтуге қажетті жағдайдың бәрі бар. Мұнда балалар емделіп қана қоймай, концерт өткізіп, сурет салумен, спортпен айналы­са­ды. Интернатта 70 бала емделсе, оларға 105 адам қызмет көр­сетеді. Балалар үйінің ди­ректоры Зәуре Жангелдинова­ның айтуынша, балалар 18 жасқа толғаннан кейін Купчановка ауылындағы 520 адамға арналған ересектер мекемесіне жіберіледі. Ал Балалар үйін­де олар бірнеше саты бой­ынша емделсе, 4 типке бөлін­ген оқыту жүйесімен білім ала­ды. Балаларды емдеумен көбіне әйелдер айналысады. Мәселен, Марьяна Чугунова психология­лық жағынан емдесе, басқа мамандар еңбекпен бау­лиды. Ал Дүйсенбай Қы­дыр­баев сияқты оқытушылар қазақ тілін қыз­меткерлер мен ба­лаларға үйре­тумен айналы­сады. Дастан КЕНЖАЛИН, Ақмола облысы, Астрахан ауданы. Оралман  ұл-қызға көмек  көрсетілді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бой­ын­ша өкілдігі және республикалық «Атажұрт мейірімі» қоғамдық қоры бірлесе отырып, «Ағайын­нан мейірім» акциясын Сары­ағ­аш, Қазығұрт, Түркістан, Кентау, Отырар аудандарында өткізіп, әлеуметтік жағдайы төмен оралман отбасыларының 150-ден астам балаларына киім-кешек, т.б. заттар берді. Аталмыш шараға облыстық мешіттен Мұ­хамед­жан Жамантайұлы мен қор төрағасы Артықбай Үкібаев ұйытқы болды. Қайы­рым­ды­лық шара барысында демеушілер тарапынан 600 мың теңге көлемінде қаржы жұм­салды. Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары.   Нәрестеге құжат алу да міндет «Бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» (ҚР Конституциясының 27-бабы) Өмірге келген балаға құжат алу ата-ананың міндеті болып табылады. Елордамыздың Есіл аудандық әділет басқармасының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі қаламыздың сол жаға­лауында орналасқан № 3 перзентханада, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында туған ба­лалардың тууын тіркеуді қам­тамасыз етеді. Балаларға «Жеке тұлға» ақпараттық жүйесі бой­ынша жеке идентификациялық нөмір беріледі. Ағымдағы жыл­дың басынан бері біздің АХАЖ бөлімінде 4000-ға жуық нәресте тіркелді. Сонымен қатар, дүниеге жаңа келген сәбиге ат қою рәсімі де адам өміріндегі өте маңызды әрі айтулы оқиға болып табы­лады. Қазақ халқы балаға ат қою кезінде берілетін есімге ерекше көңіл бөледі. Тіпті елімізде бо­лып жатқан оқиғаларға сәйкес балаларын «Азияда», «Саммитхан» деп атағандар да бар. Осы күндері ұлтымыздың салт-дәс­тү­ріне сәйкес ата-аналардың қа­лауы бойынша балалардың тек­тері мен есімдері таза қазақ тілінде жазылады десем, ата-аналар баланың тууын тіркеу туралы АХАЖ органына өті­нішті бала туған күннен бастап, екі ай мерзімнен кешіктірмей берулері тиіс. Ал екі ай мерзім өткеннен кейін тууды тіркеу Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша, аумақ­тық Әділет департаментінің АХАЖ бөлімінің қорытын­ды­сына сәйкес жүргізіледі. Егер баланың тууы оның нақты туған жерінде емес, ата-ана­сының немесе олардың біреуі­нің тұратын жері бойынша тіркелетін болса, баланың туу туралы куәлігінің «туған жері» бағанасында баланың тіркелген жері көрсетіледі. Бақытжамал БАЗАРБАЕВА, Астана қаласындағы Есіл аудандық әділет басқармасы  АХАЖ бөлімінің бастығы.