Бар жақсылық – балаларға
Халықтың әл-ауқатын үнемі жақсартып отыру Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытының басты мақсаты болып табылады. Сондықтан мемлекетіміз азаматтардың әлеуметтік қолдауға зәру белгілі бір топтарын жүйелі және тұрақты түрде ерекше қамқорлыққа алады. Осы орайда балаларды қорғауға қатысты қолдау түрлері, оның ішінде мүгедек балаларды қамқорлыққа алу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыстарының басым бағыты болып отыр. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік АХМЕТОВПЕН әңгімелескен едік. – Серік Әбжәлиұлы, алғашқы сұрағымыз мүгедек балалар саны туралы болмақ. Қазіргі күні Қазақстанда олардың нақты саны қанша? – Биылғы жылдың 1 мамырындағы есеп бойынша еліміздегі мүгедек балалар саны 56 839 болып отыр. Оның ішінде 16 жасқа дейінгі балалар саны 48 049 немесе еліміздегі аталмыш жасқа дейінгі балалардың 1,1 %-ын құрайды. Олардың барлығына ел заңдарына сәйкес, әлеуметтік көмек және медициналық, педагогикалық түзету түріндегі қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар мүгедек балаларды емдеу және отбасының материалдық жағдайын жақсартуды қамтамасыз ету қарастырылған. – Балаларға берілетін арнайы жәрдемақылар көлемі қандай? – Қазіргі таңда мүгедек балаларға ай сайын мүгедектігі үшін әлеуметтік жәрдемақы және балаларға берілетін көмек орнына арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Олардың көрсеткіштеріне келетін болсақ, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 17 684 теңге, бірінші дәрежелі мүгедектерге – 24 321, екінші дәрежелі мүгедектерге 20 247 теңге, ал үшінші дәрежелі мүгедек балаларға 15 103 теңгені құрайды. 2008 жылғы Елбасы Жолдауына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік жәрдемақыны орташа есеппен жыл сайын 9 %-ға көтеріп отыру қарастырылады. 2009 жылы 44 700 мүгедек бала 638,1 млн.теңге арнайы мемлекеттік көмек алды. Ал өткен жылы 45 810 бала 724,1 млн. теңгенің әлеуметтік көмегін алса, 2011 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 48 049 балаға 214,1 млн. теңгені көрсетті. 2007 жылмен салыстырғанда 4 және одан да көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы 4 есеге өсіп, 1 мамырдағы көрсеткіш бойынша 45 630 теңгені құрайды. Ал бір жасқа дейінгі баланың күтіміне берілетін жәрдемақы 2,4 есеге көбейіп, бірінші балаға 8 316 (5,5 АЕК), екінші балаға (6,5АЕК), үшінші балаға 11 340 теңге (7,5АЕК), төртіншісіне 12 852(8,5 АЕК) теңгені құрайды. Тағы бір атап өтетін жәйт – өткен жылдан бастап мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандарға ең төменгі айлық есептік көрсеткіш жәрдемақысының тағайындалуы. Бұл жұмысын тастап, үйде баламен айналысуға мәжбүр болған ата-аналар үшін өткір мәселе болатын. 2010 жылы мұндай көмекті 51 178 ата-ана және қамқоршы алған. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы 2674,4 млн.теңгенің көмегін 53 319 адам алған. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға әлеуметтік көмек беру мақсатында үйде оқытылып, тәрбиеленетін 11 659 мүмкіндігі шектеулі балаға барлық облыстарда жергілікті бюджет есебінен төлемақы беріліп отырады. Ал білім алу барысында берілетін ай сайынғы орташа төлемақы 4 мың теңге. – Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларды оқыту мәселесі қалай шешілуде? – Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мәселесімен Білім және ғылым министрлігі айналысады. Онда мүгедек балалар туралы мәліметтер бойынша орталықтандырылған банк және арнайы ұйым желісі құрылған. Бұл білім беру ұйымдарының кеңеюі бойынша үйлесімді шаралар қабылдауға, сондай-ақ республика бойынша және әр аймақтарда арнайы білім беруді басқару жүйесінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация желісі кеңейді. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуындағы артта қалушылықты ерте бастан анықтауда үлкен көмегін тигізуде. Республикада ондай ПМПК саны – 57. Инклюзивті білім беру де даму үстінде. Бүгінде арнайы түзету ұйымдарының саны 101-ді құрайды. Жалпы білім беретін мектептерде арнайы сыныптар санын екі есеге арттырдық. Өткен жылы олардың саны 1155 бірлікке жетті. Дені сау құрдастарымен үнемі араласу олардың қоғамға бірігуі және әлеуметтік бейімделуі секілді мәселелерін тиімді шешуге септеседі. Сондықтан 98 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде және 1 286 жалпы орта мектепте инклюзивті оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Онда 17 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалар дұрыс даму үстіндегі құрдастарымен бірлесіп, даму үстінде. Жаңа үлгідегі арнайы ұйым желісі де дамып келеді. Өткен жылы 17 реабилитациялық орталық, 124 психологиялық-педагогикалық коррекциялау және 402 логопед пункті жұмыс істеді. Сонымен қатар 380 инклюзивті білім беру және коррекция кабинеттері өз міндеттерін атқаруда. Коррекциялық ұйымдар арнайы құрал-жабдықтармен, оқытудың көмекші техникалық және компенсаторлық құралдарымен жабдықталады. Атап айтсақ, сурдотехника, тифлотехника, релаксацияға арналған сенсорлы және жұмсақ бөлмелермен, логопедтік және емдеу тренажерлерімен 42%-ға қамтамасыз етілген. Жаңа үлгідегі оқыту ұйымдары бұрын оқытуға келмейтін балаларды оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік беруде. Қорыта айтсам, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы жалпы білім беру бағдарламаларымен қамту 42,6%-ды құрайды. – Мүгедек балаларға әлеуметтік көмек көрсету және реабилитацияның дербес бағдарламасына сәйкес оларды техникалық көмекші құралдармен, мамандармен қамтамасыз ету мәселелері туралы да айта кетсеңіз. – Иә, орынды айтасыз. Соңғы 3 жыл ішінде 7 мыңнан астам балаға протездік-ортопедиялық көмек көрсетілді. 3 мыңға жуық көз және құлақ кемістігі бар бала, сурдо, тифлотехника (есту аппараты), көп функциялы белгі жүйесімен және басқа да техникалармен қамтамасыз етілді. Мүгедектігі бар 1748 балаға арба-орындық берілді. Жыл сайын 1000-ға жуық бала санаторий-курорттық ем алуға жіберіледі. Жалпы алғанда, елімізде арнайы әлеуметтік қызмет түрлерімен мүгедек балалардың 30%-ы (17 079 адам) қамтылған. 2009 жылдан бастап әлеуметтік жұмыстар бойынша мамандар дайындауға, дефектологтар, логопедтер, әдіскерлер, дене шынықтыру мұғалімдерін, еңбек нұсқаушысы, невропатолог секілді қат мамандықтарды енгізу қаржыландырыла бастады. Атап көрсетер жәйт, арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің бәсекелі рыногын қалыптастыру мақсатында сала бойынша мемлекеттік тапсырысты орындауға үкіметтік емес ұйымдар кеңінен тартылуда. 2010 жылы үкіметтік емес ұйымдар психоневрологиялық аурулармен ауыратын 2 мың адамға 446,5 млн.теңгеге арнайы әлеуметтік қызмет көрсеткен. Жалпы, мүгедек балалардың көп бөлігі толыққанды емес отбасыларда, көбінесе әкесіз өседі. Ал бұл тәжірибе көрсетіп отырғандай, аз қамтылған отбасыларға жатады. Әлеуметтік қамтамасыз етудің жаңа формаларын енгізу арқылы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды мүгедек баланың қажетті көмек кешенін алуға құқын сақтай отыра жұмысқа орналастыру мүмкін болып отыр. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін қолдау мақсатында мемлекет салық төлеуге жеңілдік береді. Жалпы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүгінгі таңда мемлекетіміздің басым бағыты ретінде айқындап берген стратегиялық бағдары бойынша әрі Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыруға негізделген «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауына сәйкес қоғамдағы әлеуметтік қолдауды бір сәтке болсын толастатпай, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін тынбай еңбек ету парызымыз. Ал кішкентай бүлдіршіндеріміз осы қоғамның мүшесі әрі ертеңі. Сондықтан да олар еш уақытта мемлекет назарынан тыс қалмайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.Біз – қазақ елінің болашағымыз!
Балаларды қорғау күніне және Отанымыздың Тәуелсіздігіне орай, бүгін елордада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған республикалық «Таң Шолпан» конкурсы өз жұмысын бастайды. Кеше осы конкурсқа арнайы келген еліміздің бір топ үлбіреген ұлдары мен гүлдей құлпырған қыздарын темір жол вокзалынан қарсы алу рәсімі өтті. Бұл конкурс соңғы 5-6 жыл көлемінде жетім балалардың бойындағы дарынды ашу мақсатында ұйымдастырылып келе жатқанын айта кеткеніміз ләзім. Осы жолғы өнер сайысына 10-18 жас аралығындағы 150 бала қатысады. Олардың бәрі де ата-анасы жоқтар және әртүрлі жағдайға ұшырағандардың ұл-қыздары деуге болады. Бұлардың дені балалар үйінен келсе, қалған біразы отбасы үлгісіндегі жанашырлардың қамқорлығындағылар. Конкурсқа қатысушылар өз өнерлерін жеке және өздері құрған ансамбльдерде көрсетеді. Олардың сегіз қырлы, бір сырлы талпынысын қазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсыру көзделген. Және бір айтарымыз, мұндай жұмысты Астанада өткізудің де өзіндік себебі бар екен. Оларға елорданы таныстыра отырып, жоғары патриоттық рухын оятып, өздеріне қамқорлық жасап жатқан Отанына адал болу, мейірім мен шапағатты түсініп, тәрбиешілерінің еңбегін бағалауға баулу. Біз осы конкурсқа Жезқазған қаласынан келген отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері Батырлан Жаңаберген мен Ораз Ахметовті бауырымызға тартқанда, олар өздерінің қамқоршыларына ризалығын білдіре келіп, қолдарындағы қасиетті қара домбыраны қатар тұрып қағып-қағып жібергенде, халық күйі «Салкүрең» вокзал ішін кернеп кетті. Ал Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Юлия Анищук пен Алан Кит өздерінің қазақ тіліне жетік екендіктерін аңғартып, «Бозторғай» ансамблінің құрамында Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін тартуға қатысатынын, өзге де әндерді айтатындарын жеткізді. Осы келген балалардың қай-қайсысымен тілдессең де, жүздерінде күлкі тұрғанымен, жапақтаған жанарларынан бір мұң айқын көрініп қала беретіні бар. Иә, баладан асқан бақыт бар ма? Ал сол балаға ең алдымен қажеті ата-ананың қамқорлығы, аялы алақаны. Кейде ата-ана деген аты болғанымен, заты ілікке ілінбейтіндердің тәлкегінен тағдырлы балалардың арамызда азаймай келе жатқаны анық. Әйтсе де тәуелсіз мемлекетіміздің, Елбасының қамқорлығының арқасында олар барлық жақсылықтан кем қалып жүрген жоқ. Соның бір айқын дәлелі, осы «Таң Шолпан» конкурсы дер едік. Сүлеймен МӘМЕТ. Сәби күлкісі бәрінен қымбат Жарымжан жандардың көңілін аулап, көмек көрсету – халқымыздың қашаннан бергі қасиеті. Осындай ғасырдан ғасырға ұласып, ата-бабамыздан жеткен қасиеттің арқасында қазақ халқы ешкімді жетімсіретпеген. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз де осындай кезде айтылғаны белгілі. Мүгедек адамдарға көмек көрсету Кеңес Одағы кезінде де жүргізілген болса, қазіргі таңда да жарымжан жандардың жанынан табылып, мемлекеттің қамқорлығына алу елімізде жүргізіліп жатқан үлкен әлеуметтік саясат болып табылады. Бүгінде түрлі мекемелердің Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында сәби кезінен түрлі ауруларға шалдыққан балаларға жыл сайын көмек көрсетуді дәстүрге айналдырғанын атап өткен жөн. Жақында солардың бірі «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалының мүшелері мен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы орталық аппаратының қызметкерлері бірігіп, Ақмола облысының Первомай ауылының жүйке ауруларына шалдыққан балаларға арналған әлеуметтік медициналық мекемесінде болып, дәстүрге айналған қайырымдылық шарасын өткізіп қайтты. Осы жерде Астрахан ауданының әкімі Рашит Әкімов, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі Боран Дүйсенов, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының «Бірлік» бөлімшесі төрағасының орынбасары Ғалым Жұмшаев пен басқа да азаматтар балалардың жағдайымен танысып, өздерімен әкелген сыйлықтарды табыс етті. Бұл мекеменің өзі Первомай ауылында 1946 жылы құрылған. 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен балалар үшін тұруға қолайлы ғимарат салу туралы шешім қабылданды. Сол кезде Балалар үйін салуға еліміздің 200-ден астам ұйымдары мен жекелеген азаматтары ат салысты. Қазіргі кезде аумағы кең, бірнеше ғимараттан тұратын балалар интернатында жүйке ауруларына шалдыққан балаларды емдеу мен күтуге қажетті жағдайдың бәрі бар. Мұнда балалар емделіп қана қоймай, концерт өткізіп, сурет салумен, спортпен айналысады. Интернатта 70 бала емделсе, оларға 105 адам қызмет көрсетеді. Балалар үйінің директоры Зәуре Жангелдинованың айтуынша, балалар 18 жасқа толғаннан кейін Купчановка ауылындағы 520 адамға арналған ересектер мекемесіне жіберіледі. Ал Балалар үйінде олар бірнеше саты бойынша емделсе, 4 типке бөлінген оқыту жүйесімен білім алады. Балаларды емдеумен көбіне әйелдер айналысады. Мәселен, Марьяна Чугунова психологиялық жағынан емдесе, басқа мамандар еңбекпен баулиды. Ал Дүйсенбай Қыдырбаев сияқты оқытушылар қазақ тілін қызметкерлер мен балаларға үйретумен айналысады. Дастан КЕНЖАЛИН, Ақмола облысы, Астрахан ауданы. Оралман ұл-қызға көмек көрсетілді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкілдігі және республикалық «Атажұрт мейірімі» қоғамдық қоры бірлесе отырып, «Ағайыннан мейірім» акциясын Сарыағаш, Қазығұрт, Түркістан, Кентау, Отырар аудандарында өткізіп, әлеуметтік жағдайы төмен оралман отбасыларының 150-ден астам балаларына киім-кешек, т.б. заттар берді. Аталмыш шараға облыстық мешіттен Мұхамеджан Жамантайұлы мен қор төрағасы Артықбай Үкібаев ұйытқы болды. Қайырымдылық шара барысында демеушілер тарапынан 600 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары. Нәрестеге құжат алу да міндет «Бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» (ҚР Конституциясының 27-бабы) Өмірге келген балаға құжат алу ата-ананың міндеті болып табылады. Елордамыздың Есіл аудандық әділет басқармасының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі қаламыздың сол жағалауында орналасқан № 3 перзентханада, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында туған балалардың тууын тіркеуді қамтамасыз етеді. Балаларға «Жеке тұлға» ақпараттық жүйесі бойынша жеке идентификациялық нөмір беріледі. Ағымдағы жылдың басынан бері біздің АХАЖ бөлімінде 4000-ға жуық нәресте тіркелді. Сонымен қатар, дүниеге жаңа келген сәбиге ат қою рәсімі де адам өміріндегі өте маңызды әрі айтулы оқиға болып табылады. Қазақ халқы балаға ат қою кезінде берілетін есімге ерекше көңіл бөледі. Тіпті елімізде болып жатқан оқиғаларға сәйкес балаларын «Азияда», «Саммитхан» деп атағандар да бар. Осы күндері ұлтымыздың салт-дәстүріне сәйкес ата-аналардың қалауы бойынша балалардың тектері мен есімдері таза қазақ тілінде жазылады десем, ата-аналар баланың тууын тіркеу туралы АХАЖ органына өтінішті бала туған күннен бастап, екі ай мерзімнен кешіктірмей берулері тиіс. Ал екі ай мерзім өткеннен кейін тууды тіркеу Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша, аумақтық Әділет департаментінің АХАЖ бөлімінің қорытындысына сәйкес жүргізіледі. Егер баланың тууы оның нақты туған жерінде емес, ата-анасының немесе олардың біреуінің тұратын жері бойынша тіркелетін болса, баланың туу туралы куәлігінің «туған жері» бағанасында баланың тіркелген жері көрсетіледі. Бақытжамал БАЗАРБАЕВА, Астана қаласындағы Есіл аудандық әділет басқармасы АХАЖ бөлімінің бастығы.