ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
«Базарға, қарап тұрсаң, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар,
Біреу астық алады, біреу маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар», – деген екен Абай атамыз. Расында да, сырын ұққан, білген жанға базардың, сауданың құдіреті күшті. Мұны тіпті адамзат тіршілігінің тұтқасы деп те айтуға болады. Адамзат өзінің қазіргі өркениетті шағына қауымдасу, бірігіп әрекет ету арқылы қол жеткізді. Сол қауымдасуға, бірігуге үлкен жол салған тетіктердің бірі – сауда болып табылады.
«Базарлы ел – ажарлы» дейді біздің халқымыз. Егер өз тәуелсіздігімізден бергі жаңа тарихымызға назар аударатын болсақ, өңірлердің арасында ең жедел дамығандарының бірі Алматы қаласы болып табылады екен. Еліміз нарықтық қатынасқа көшкен кезде Алматы қаласы бірінші кезекте сауданың күрт күшеюінің есебінен тез ес жинап, қайта дамып, табиғи түрде Орталық Азиядағы ірі сауда орталықтарының біріне айналып шыға келді. Бұған қандай құдірет әсер етті? Қазір бірқатар сарапшылардың саралауынша мұның басты сыры мынада. Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұрған алғашқы сәттен-ақ әлемдік экономикалық қатынастарға интеграциялануға негізделген ашық саясат жүргізе бастады. Осы саясат алып ел Қытайға барынша жақын орналасқан Алматы қаласының оң жамбасына дөп келді. Қытаймен аралықта кеден жолының ашылуы, түрлі көліктік инфрақұрылымдардың іске қосылуы бұл қалаға Қытайдың арзан тауарларының толассыз ағылуына мүмкіндік туғызды. Алматының алғашқы кездегі негізгі даму кереметінің өзі ең алдымен осы факторға байланысты болса керек. Қазір мемлекеттің өзі Алматының сауда, қаржы, көлік-логистикалық орталық ретінде дамуына барған сайын кең арналы жолдар ашуда.
Сонымен сауда дегеніміз – тіршіліктің қан тамыры. Өндірістің дамуына жағдай туғызылып, саудаға шығаруға лайықты заттар көбейген кезде кейде ол тіпті сиқыршының таяқшасына да ұқсап кетеді. Қалаларды, өңірлерді жедел көркейтіп жібереді. Алматы осының бір жарқын көрінісі болса, сонымен қатар қазіргі күні халықаралық кеден жолдарының бойында орналасқан шағын қалалардың даму қарқынынан да осы жағдай барған сайын айқынырақ сезіле түсуде.
Өзінің табиғи даму заңы бойынша сауда жолы бір базардың, бір қаланың немесе бір елдің деңгейінде тұйықталып, шектеліп қалмауы керек. Ол да бір көлдің суын екінші көлге апарып қосатын, тіпті континенттерді кесіп өтіп, құрлықтарды матап тастайтын буырқанған арналы асау өзендер секілді кең ауқымда көсіле, көпіршей, тасқындай ағуы керек. Сонда ғана оның адамдарға беретін пайдасы мен тиімділігі молынан болады. Бұл сол арнаға қосылған елдердің дамуына, басқа елдермен алыс-берісіне, әлемде күннен-күнге жетілу үстіндегі жаңа технологияларды молынан сіңіруіне, басқа халықтармен арадағы өмірдің бәйгесінде шыңдалудан өтіп, өзінің бәсекелестік қабілетін барған сайын арттыра түсуіне үлкен ықпал етеді.
Ең қарапайым тілмен айтатын болсақ, біздің Ресеймен, Беларусьпен бірігіп құрып отырған Кеден одағымыз да –үлкен базар. Бұл базардың құрылуына о баста өз ішімізде де қарсыластар аз болған жоқ. Бірақ қазіргі күні мәселенің мәнісін олар да ұға бастаған секілді. Қазір айқай-шу сейіліп, жұмыс өз арнасына түсе бастады.
Кеден одағының Қазақстан үшін пайдалы болатын себебі, біздің ұзақ жылдар бойы Кеңес одағының құрамында өмір сүріп, осы Одақтың тұтыну рыногын пайдалана отырып, дамығандығымызға да байланысты. Сол кездерде Қазақстанда өнімді өткізу жөнінде проблемалар бола қойған жоқ. Қазақстанда не өндірілсе, соның барлығын 300 миллион адамның басын құраған алып рынок бойына тартып, сіңіріп жатты. Қазақстанда ауыл шаруашылығының жедел дамуына да ол үлкен ықпал етті.
Сондықтан әр ел өз тәуелсіздігіне ие болып, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілгенде бұдан ең қатты зардап шеккендердің бірі Қазақстан болды. Өйткені, бізде сыртқа шығарарлықтай басы артық заттар көп еді. Дамыта білген жағдайда республика экономикасының әлеуеті де өте зор болатын. Ал ішкі тұтыну рыногымыз осы әлеуетпен салыстырғанда өте тар болып табылатындығы түсінікті. Сондықтан Қазақстанның кең арналы сауда жолына шықпай дұрыс дами алмайтындығы сол кездің қалыптасқан тәжірибесімен алып қарағанның өзінде басы ашық мәселе еді. Мұны әрбір көзі ашық адам дұрыс түсінсе керек.
Оның үстіне біз өз тәуелсіздігімізге ие болғаннан кейін араға жиырма жылға жуық уақытты салып барып, бұл Кеден одағына өзіміздің саяси дербестігімізді сақтай отырып қосылып отырмыз. Яғни бұл одақтың мақсаты мен жағдайы бұрынғыға қарағанда мүлдем бөлек. Бұл – саяси одақ емес, экономикалық одақ. Бұл одақта біз өзіміздің ішкі, сыртқы саясатымызды жеке белгілейтін дербес елміз. Рынок ортақ болғанымен қазынамыз, қалтамыз бөлек. Яғни саудадан түскен пайданың игілігін де Қазақстанның өзі көретін болады. Былайша айтқанда, біздің Құдайдан сұрағанымыздың өзі де осы емес пе еді?!
Сонымен ендігі мәселенің мәнісі бұл ортақ базардан Қазақстан өзіне қажетін тиімділікпен алып, өзінен артылғанды сол базарда ілкімділікпен саудалай ала ма, ол үшін қандай шаралар жүргізілуі қажет, мемлекет тарапынан не істелуі керек, кәсіпкерлер қандай әрекет жасауы керек деген сауалдарға келіп тіреледі. Көп мәселенің түйінін осы сұрақтарға уақыттың беретін жауабы айқындайтын болады. Мұндағы үлкен жауапкершілік жүгі алдымен кәсіпкерлік қауымдастықтың мойнына түсетін болады. Өйткені мемлекет өз тарапынан оларға барлық қолайлы жағдайларды туғызуда. Көптеген халықаралық келісімдер мен ұлттық заңдар солардың айтқандары мен өтініштеріне орайлас қабылданып жатыр. Енді осы қолайлы жағдайдың өтеуіне олар өз қарым-қабілеттерін көрсетуі керек. Көп жағдайда мемлекет пен кәсіпкерлік қауымдастықтың ортасында жүретін біздегі «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының қаншалықты іскер екендігі нақ осы жағдаймен, яғни қазақстандық кәсіпкерлердің Кеден одағы аясындағы бәсекелестік қарым-қабілетінің деңгейімен өлшенуі және бағалануы керек.
Енді осы Кеден одағының толыққанды жұмыс істеуіне бағытталып, қазіргі күні жүргізіліп жатқан шаралардың барысына келейік.
Бізге Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрліктен келіп түскен мәліметтерге қарағанда, Кеден одағы толыққанды жұмыс істеу үшін 83 халықаралық келісімге қол қойылуы керек. Мұның сыртында ЕурАзЭҚ аясында қабылданған 13 шешім тағы бар.
Қазіргі күні жоғарыдағы халықаралық келісімдердің 42-сіне қол қойылған. Олар – саудадан түсетін салықтар мен алымдарды біріздендіретін тарифтік және тарифтік емес реттеу келісімдері; санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық шараларды қамтитын техникалық реттеу келісімдері; Кеден одағы комиссиясының, хатшылығының жұмыс тәртібін қарастыратын институттық келісімдер және басқалар.
2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағына біріккен елдер бірыңғай сауда саясатын жүзеге асыруға кірісті. Осыған орай 8 халықаралық келісімге қол қойды.
2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағына біріккен елдердің ішкі шекараларындағы дербес реттеу шараларын жоюға негізделген Кеден кодексі іске қосылды. Осымен қатар тауарлардың жекелеген түрлеріне байланысты Қазақстанға белгілі бір мерзімге дейін жеңілдіктер беру жөнінде келісім жасалды. Мұның өзі алғашқы кезең үшін Қазақстан мүддесін көздеген өте пайдалы шешім болды. Бұл қандай келісімдер?
Біріншіден, Қазақстанның қант зауыттары он жыл көлемінде қантқа қажетті шикізаттарды кедендік баж салығынсыз ішке енгізуге мүмкіндік алды.
Екіншіден, 2014 жылдың 1 шілдесіне дейін сатып алынған ұшақтарды кедендік баж салығынсыз ішке енгізу мүмкіндігіне ие болды.
Үшіншіден, 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстан азаматтары шет елден өз меншігіне сатып алған жеңіл автокөлікті ішке өткізудегі кедендік баж салығын төмен ставкамен төлеу құқығына ие болды.
Төртіншіден, Қазақстан өзінің жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаларының ерекшеліктеріне сәйкес қажетті технологиялық құрал-жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді кедендік баж салығынсыз өткізу құқығын пайдаланатын болды.
Бесіншіден, 2010-2014 жылдар аралығындағы өтпелі кезең ішінде алма, алмұрт, түрлі дәрі-дәрмектер, медициналық техникалар, вагондар, химия, жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсіптеріне қажетті шикізаттарды, жылыжайларды және басқа да бірқатар тауарларды салық жеңілдігімен енгізетін болды.
Міне, осының барлығы Кеден одағына қатысты келісімдер жүргізген кезде Қазақстан Үкіметінің Елбасы тапсырмасына сәйкес ел мүддесі жолында белсенді әрекет ете алғандығын көрсетеді.
Енді Кеден одағы Қазақстанның сыртқы саудасына қандай әсер етуде деген сұраққа келейік. Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова Парламент Мәжілісіндегі дөңгелек үстел басындағы әңгімеде Қазақстан Кеден одағына қосылған кезден бастап, 2010 жылдың өн бойында біздің сыртқы саудамыз 26,6 пайызға (19,1 миллиард долларға) өсіп, 90,6 миллиард долларды құрағандығын айтқан болатын. Соның ішінде Қазақстан экспортының көлемі 18,4 пайызға, ал импорт көлемі 8,4 пайызға өсіпті.
Міне, осының ішінде Қазақстанның Ресей және Беларусьпен сауда айналымы 2010 жылы 40,3 пайызға ұлғайып, 18,1 миллиард долларды құраған екен. Соның ішінде ұн өнімдерін саудалау 64,2 пайызға, конфет және басқа да тәтті бұйымдарды сату 50,9 пайызға, жалпы азық-түлік өнімдерін саудалау 37,7 пайызға арта түскен. Осы жағдайдың өзі Қазақстанға Кеден одағына бірігудің пайдалы екендігін дәлелдесе керек.
Кеден одағының Қазақстан үшін тигізген тағы бір пайдасы, Ресей мен Беларусьтен келетін инвестицияларға қолайлы жағдайлар жасалуы есебінен тек соңғы айлардың өзінде ғана Ресей мен Қазақстан арасында бірлескен 400 кәсіпорын құрылып, олардың барлығы Қазақстанда тіркеліпті. Себебі, ресейлік кәсіпкерлер бизнес жүргізу үшін Қазақстанды қолайлы деп тапқан. Сөйтіп, Ресейден келетін тікелей инвестицияның өзі қысқа мерзімнің ішінде 0,5 пайызға артқан.
Кеден одағына бірігудің алғашқы нәтижелері Қазақстанға сырттан келетін болат құбырларға, электрлі қорғасын-сілтілі аккумуляторларға, отқа төзімді керамикалық бұйымдарға, қара металдардан жасалған ванналарға кедендік баж салығының Ресеймен теңестіріліп өсуінің есебінен осы өндіріс түрлерінің өз ішімізде дамуына жол аша бастағандығын көрсетіп отыр. Мәселен, Қазақстандағы олардың өндірісі санаулы уақыттың ішінде ғана 32,6 пайызға өскен. Соның ішінде Қазақстанның осы тауарларды сыртқа шығару көлемі де арта түсіп, нақты көлемі 1,4 мың тоннаға жеткен.
Әрине, бүкіл әлем бойынша азық-түлік өнімдері бағаларының өсуі Кеден одағына кіретін Ресей, Беларусь, Қазақстан жағдайына да әсер ететіні түсінікті. Мәселен, Ресей мен Беларусьте бірқатар тауарлар бағасы көтеріліп, бұл жағдай біздің ішкі рыногымызға да әсер етті. Осыған байланысты Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрлік еліміздің басқа да мемлекеттік құрылымдарымен бірлесе отырып, әлемдік бағаның көтерілуіне байланысты алдағы уақытқа Қазақстанның ішкі азық-түлік рыногына әсер етуі мүмкін тауарлардың тізбесі мен олардың ықпалдық деңгейін айқындады. Мәселен, бізге шайдың 87 пайызы, құс етінің 84,4 пайызы, күріштің 29 пайызы сырттан жеткізіледі екен. Яғни осы тағам түрлерінің ішкі рыногымызға тигізер әсері мол болмақ. Осыған байланысты аталған өнімдерді өз ішімізде өндіру ісіне неғұрлым көңіл бөле түсу қажеттігі пайда болып отыр. Жуықта ғана Үкімет отырысында қаралған азық-түлік бағаларын реттеудің жаңа шараларын жүзеге асыру аясында мұның жолдары қарастырылатын болады.
Ал макарон, сыр, капуста, сары май өнімдерінің 10-20 пайызға дейінгі мөлшері Кеден одағына кірмейтін алыстағы шет елдерден жеткізілуде. Сондықтан, олардың баға көтерілуіне ықпалы бәлендей емес деп түйіндеуге болады.
Жарма, ірімшік, тұз, сүт, қызылша, күнбағыс майы, қант секілді азық-түлік өнімдері негізінен өз ішімізде өндіріледі. Бірқатары Ресей мен Беларусьтен келеді. Ал Кеден одағына кірмейтін алыстағы елдерден бізге келетін импорттың деңгейі 5 пайызды ғана құрайды екен. Сондай-ақ сәбіз, пияз, жұмыртқа, картоп, сиыр еті, ұн, қой еті, нан секілді азық-түлік өнімдерінің импорттық үлесі 10 пайызға жетпейді.
Міне, осындай көрсеткіштер Қазақстан алдағы уақытта өзіне қажетті азық-түлік өнімдерінің басым көпшілігін өз ішінде өндіре алатындығын көрсетеді. Тек осы мәселеде өңдеу өнеркәсібінің жұмыстарын одан әрі жетілдіре түсу қажет. Ал мұндай кәсіпорындарды дамытуда Кеден одағының тигізетін пайдасы мол деп бағаланып отыр. Өйткені санаулы уақыттың ішінде ғана ресейліктермен бірігіп Қазақстанда 400-ге тарта бірлескен кәсіпорындардың құрылуы алдағы жүзеге асатын жағымды істердің жаршысы іспетті.
Осындай жағдай мемлекеттің алдыға қойып отырған негізгі мақсаттарының бірі – ендігі кезекте шикізат емес, оның орнына дайын өнім шығару ісіне оң ықпал етеді, осылайша еліміздің бәсекелестік қабілеті де артып, экономикамыз әртараптандырылып, алға басудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады деп сенеміз.
Сонымен Кеден одағы аталатын 170 миллион адамы бар алып базарға, байтақ базарға жол ашық. Алғашқы нәтижелер Қазақстан үшін жаман емес секілді. 2012 жылдан бастап, оның неғұрлым жоғарғы сатысы Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істей бастайтын болады. «Базарға барып бақ сына» дейді біздің халқымыз. Бақтың нағыз сыналар шағы сол кезде болады деп есептейміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.