Әлқисса, өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында Жуалы өңірінде тепсе темір үзер, қылшылдаған үш жас жігіт дос болыпты. Бір-біріне алдағы болашақтарын болжалдап, көкейдегі армандарын айтады екен. Бауыржан: «Мен түбінде әскери адам болатын шығармын» деп айнымас асыл сырын ақтарады. Құрманбек: «Менің келешегім қаламның ұшына байланып тұрған сияқты, сірә, журналист болармын» деп өз құпиясын ашады. Сонда үшінші дос ойланыңқырап тұрып: «Жарайды, екеуің армандарыңа жетіңдер. Ал мен ауылда қаламын. Ауылға да адам керек қой. Сендер келгенде ат басын тірейтін бір үй болайын» дейді. Мұны айтқан алғашқы екеуінен бірер жас үлкендігі бар Сауранбектің Еркінбегі болатын.
Жылдар жылжып, замана белестері бір-бір аунап түсіп, бұлдырап артта қалғанда үш достың да әрқайсысы өз арманына жеткенін, айтқан сөзде тұрғанын көреміз. Сұрапыл соғыста полк, дивизия басқарған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының ерлігі елге аңыз болды, өзі әскери ілімнің ғұламасына айналды. Құрманбек Сағындықов қазақ журналистикасы мен баспасөзінің аға буын сардарлары қатарынан даусыз құрметті орынын алды. Елде қалған Еркінбек Сауранбеков те қарап жатпады. Туған ауылы Қошқаратада бала оқытты, ұрпақ тәрбиеледі. Жетіжылдық мектептің директоры болып жүрген жерінен ол да соғысқа аттанды. Майданнан 1942 жылы жараланып оралды. Мүгедектігіне қарамастан жарақаты айыққасын-ақ жау жағадан алған жарадар жұрттың тыныс-тіршілік, қам-қарекетіне белсеніп араласты. Аудандық кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы, ауатком төрағасының орынбасары, одан соң төраға міндетін де қоса атқарып, аудандық атқару комитетін басқарды, жағдайлы болған талай адамға қолдан келген көмегін, естен кетпес жақсылығын жасап, шарапатын тигізді. Сөйтіп ауыл-аймақта, мұқым Жуалы өңірінде ел ағасы атанды, сыйлы қонақ келсе алдына ат басын тірейтін, аудан атынан қарсылайтын қаптал дәрежеге жетті. Бауыржан мен Құрманбек туған жерге сағынып ат ізін салған сайын ең бірінші күтіп алатын да, сағыныш мауқын басып, сый-құрметімен шығарып салатын да Еркінбек болатын. Жұрт сонда жарқылдап жайраңдасқан, қуақы қалжыңдасқан, елдің әңгімесін айтқан үш достың аузына қарайтын.
Қыр астындағы келешектен үміттері мол үш достың жастық шақта жасырып-жаппаған тағы бір арман-тілегі болған-ды. Олар: «Біздің осы достығымызды кейінгі ұрпағымыз, ұлдарымыз мирас етіп жалғастырса екен» дейтін. Үш достың шын жүректен, шын ниеттен бүр жарған бұл тілегін де құдай қабыл еткен сияқты. Үш дос, үш әке ел алдындағы, Отан алдындағы борыш-парыздарын артығымен адал өтеп, жәннаттан мәңгілік жайларын тапқалы да біраз уақыт болды. Ал, олардың мирасқор ұлдары Бақытжан, Кеңес және Тельман балалық шақта басталған достықтарын әлі күнге дейін қылау түсірмей тік көтере жалғастырып келеді. Дос дейміз-ау, бауыр. Әйелдері абысын. Бұл былай тұрсын, олардың балалары, баяғы үш достың немерелері де бір-бірімен дос. Бақытжанұлы Ержан, Кеңесұлы Ғалым, Тельманұлы Ғанилар да өмірде жұптарын жазған емес. Аталарынан қалған, әкелерінен дарыған ұлағат осындай.
Балалық шақтың көп жағдайлары Тельманның есінде. Аудан орталығы Бурный стансасында негізінен орыстар, чешендер тұрады. Қазақ бірен-саран. 1000 оқушы оқитын мектепте де солай. Мәскеу пойызымен Алматыға өтіп бара жатқан батыр Баукеңді бір көріп, амандасып қалу көп адамға арман. Бурныйда 3-ақ минут тоқтайтын пойызды басшылар әртүрлі желеумен 10-15 минутқа дейін кідіртеді. Батыр ел жағдайынан нақты сұрақтар қояды. Даусы гүрілдеп шығады. Өте қатаң. Тұлғасы зор. Қасым ақын айтқандай, бұл кездесулерде де уақыт тығыз, сөз қысқа. Солай болғасын Баукеңді Еркінбек досы бастаған екі-үш кісі Жамбылға дейін шығарып салып, кері қайтады. Сондайда: «Көке, мен де барайыншы» деп қиылып, жеткіншек Тельманның да бір-екі рет ілесіп барғаны бар.
Тельман әкесінің үйретуімен Баукеңді де, Құрекеңді де кішкентайынан «папа» дейтін. Кеңес пен Бақытжан да сөйтті. Соғыс кезінде Құрманбек папасының әйелі Сара апай Бурныйда тұрып, аудандық партия комитетінің әйелдер бөлімінде істеді. Сонда Кеңес пен Тельман балабақшаға бірге барды. Баукеңнің жары Жамал апай да Бақытжанды ертіп келіп жаз бойы ауылда болады. Одан кейінгі жылдарда да Бақытжан жазғы каникулдарды үнемі ауылда, Тельмандармен бірге ойнап өткізіп жүрді. Жетінші сыныптан бастап қысқы каникулды Алматыда өткізуге Тельманға да рұқсат берілді. Сөйтіп ол Бақытжан мен Кеңестің қонағы болып келіп тұрды. Тельманның бір есінде қалғаны: Баукеңдердің екі бөлмелі кішкентай үйі. Батырды көруге, сәлем беруге келетін келім-кетім кісіден үй босамайды. Ауылдан келген ағайын-туған, жай кісілер бір бөлек. Бақытжанмен бірге бір бөлмеде «Лениншіл жастың» журналистері Саттар Бөлдекбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Шерхан Мұртаза, Хайдолла Тілемісовтер жатады. Көңілдің кеңдігінен болар, сонда да үйдің тарлығы ешбір білінбейді. Бір күні жаңағы жігіттерді Баукең таңғы 5-тен оятып, әй-шайға келтірместен алдына салып айдап әкетіпті. Сөйтсе, сол күні сайлау екен. Баукең жас журналист, жазушы інілерін елдің алды болып дауыс беруге, азаматтық белсенділікке осылай қамшылапты. Бұл жай да әлі күнге дейін Тельманның жадында.
Жігіт болып, ат жалын тартып мінген шағында сол Бауыржан папасының Тельманның өзін де қамшылап, соңынан әкелік батасын беріп, ақ жол тілегені бар еді-ау. 1972 жыл болса керек. Ол кезде Тельман Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің идеология мәселелеріне жауап беретін білдей бір хатшысы. Қала сыртындағы «Алматы» шипажайында Баукеңмен бір мезгілде демалып қалыпты. «Су керек пе, қымызыңыз таусылып қалған жоқ па» деп папасына Тельман да жанын салып бағуда. Бір күні таңертең Баукең папасы бөлмесіне кіріп келіп, бір буда қағазды қолына ұстатты. Қабағы қату. «Мынаны пәлен деген баспаға, ал мынаны Жазушылар одағына апарып бер. Бүгін түстен қалдырма. Айда, марш!» деді. Өзінің баласы, хатшылығын қайтсін. Қала алыс. Автобус жүрмейді. Әйтеуір біресе жаяулап, біресе такси ұстап ылаулатып, жарты күн жүріп, қағаздарды айтқан адамдардың қолдарына тигізіп, папасының бұйрығын тап-тұйнақтай етіп орындап, тапсырған жұмысын орын-орнына келтіріп қайтты. Бұл туралы гвардия полковнигіне дереу «доложить» етуді де қаперінен шығармаған.
Ертеңіне шипажай ауласына шықса, Бауыржан папасы үш-төрт атақты кісімен әңгіме соғып отыр екен. Бұл «Ассалаумағаләйкүм!» деп сәлемін беріп, үлкен кісілердің алдында әдеп сақтап кетуге ыңғайлана беріп еді, Баукең қысқа ғана: «Отыр!» деп гүр ете түсті. «Не боп қалды, не дер екен папам?» деп іші қылпылдағаны да рас. Бірақ Баукең салиқалы сабасынан айнымады. Отырған кісілерге Тельманды байыппен таныстырды. Еркінбек деген менің бауырым, бір жағынан ағам әрі жан досым, деді. Кешегі соғысқа қатысқан. Одан соң аудан басшыларының бірі болған деп және қосты. Шынымен де солай болса да, Баукеңнің аузымен айтылғанда бойды зорайтып, мерейді өсіріп жібереді екен. Ал енді мынау бала, деді Тельманның өзіне ауысып, сол кісінің ұлы, менің балам. Осы Алматыдағы ЦэКа комсомолдың секретары. Мұның алдында 3 жыл Москвада ЦэКа ВЛКСМ-да, Ғани Мұратбаев істеген жерде істеп келді. Баламыздың болашағы зор, дей келе Баукең алғыс-ризашылығына қоса, мұрты да жұмсақ жыбырлап мейірленіп кеткендей, ақ баталы ниет-тілегін ақтарып салып еді. Осы сәттерде Тельманның бойын да бір нұрлы қуаныш керней жөнелген. Баһадүр Баукеңнің осындай бағасы мен батасын алу шынында да сирек бақыт екен-ау.
Үш әкеге телқозы Тельман жақсыға жастайынан үйірсек-ті. Қазақ университетінің екінші курсында оқып жүрген. Көзіне бір хабарландыру шалынды. Жазда пионер лагерінде жұмыс істегісі келетіндер комсомол комитетіне келсін депті. Ол кезде үйленген, ақша керек. Төрт ай бойы Алматы төңірегіндегі қаптаған пионер лагерьлерінің бірінде тәрбиеші, вожатый болды. Әр деңгейдегі комсомол басшылары пионер лагерьлерін аралап көріп жүрді. Елгезек вожатый көздеріне түссе керек, сенім артып, бірден Алматы қаласындағы Совет аудандық комсомол комитетінің мектеп, комсомол және пионер ұйымдары бөлімінің меңгерушілігіне шақырды. Өмірдегі өнегелі жолы осылай ашылды. Бұл 1962 жыл болатын.
Сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Болат Баталовты Тельман Еркінбекұлы өзінің қызмет бабындағы алғашқы ұстазы санайды. Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған тарихта жалғыз қазақ қызы Ғайникен Бибатырованың жалынды ғибраты әлі күнге көз алдында. Өзі де сондай үлкен тұлғалардың тасасында қалмады. Облыстық комсомол комитетінде жауапты қызметкер болған аз жылда бүкіл Алматы атырабын, Жетісу жәннатын, Талдықорған өңірін, Алатау баурайын армансыз аралап, танып білді. Бұл кездегі әріптестерден жадында жақсы естелік қалдырғаны қазақтың ардақты қыздарының бірі Мәнура Ахметова. Топшысы бекіп, қанаты қатайған Тельманды енді Алматының аса мәртебелі орталық саналатын Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Бұл жерде екінші тынысы ашылғандай, ұйымдастырушылық қабілет-дарыны жарқырап көрінген Тельман Сауранбеков 1968 жылы бірауыздан Алматы қалалық комсомол комитетіне жетекшілік етуге лайықты деп танылады. Осы тұста ұстаздық қамқорлық пен жанашырлықты көп жасаған, өміршең өнегесімен баураған әрі іскерлікке баулыған комсомол жетекшілерінің ішінде Өзбекәлі Жәнібеков пен Ғибатолла Мырзағалиевтардың ықпал-әсері ерекше болғаны анық. Өзағаңның тау суындай тасқын қайрат-жігері, ұшан-теңіз білімі, ұлттық дәстүрді, қазақ тілін, әдебиет пен өнерді алға шығара сөйлеуі еріксіз тәнті ететін, көңілді еріксіз сол күрмеуі қиын істерге бұрғызатын. «Осылармен неге айналыспайсыңдар?» деп адамды жеп қоятын жанкештілігінен осы Телағаңдар да мақұрым қалмай, үлгі алған-ды.
Қыранның самғауына кеңістік керек қой. Мұның да сәті ретімен әдемі келді. Одақ комсомолының жетекшісі Евгений Тяжельников Қазақстанға ат ізін жиі салатын. Сондайда мәртебелі мейманды қарсы алу, университетке, АЗТМ сияқты ірі зауыт-кәсіпорындарға апарып, жастармен жүздестіру астаналық комсомол жетекшісі Тельман Сауранбековке жүктелетін. Сымдай тартылған сымбатты, сұңғақ бойлы, әдеп-мәдениеті, білім-білігі мол жігіт Евгений Михайловичке ұнап қалса керек, бір күні Тельманды Мәскеуге есеп берсін деп шақыртып алды да, аз-кем әңгімеден кейін өзінің келісімімен ертеңінде Бюрода БЛКЖО Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы етіп бекітті де жіберді.
Сөйтіп, Баукең айтқандай, Ғани Мұратбаев істеген жерде екі жарым жыл жүрді. Қадағалауына Ресейдің Брянск, Смоленск, Рязань сияқты үш облысын бөліп берді. Жалпақ Ресейді кеңінен аралап, таза орыс облыстарының тыныс-тіршілігін, кейбір ащы шындық суреттерін өз көзімен көрді, көп тәжірибе жинады. Үлкен өмір мектебінен өтіп жүргендей әсер алды. Кейбір деревняларда Тельманға «Қазақтар осындай ма еді?» дегендей таңданыспен қарайтын. Бәлкім, осындай сезімдерді сол жылдарда Мәскеуде өзімен бірге істеген, бір үйде бірге тұрған әріптес жолдасы Мұхаметқасым Шәкенов та бастан кешкен болар.
Ярослав облысында іссапармен жүр еді, басшылар телефонмен тауып, Орталық Комитетке жедел шақыртып алды. «Не болды?» десе, Алматыға оралуы керек екен. Елге келген бойдан тура Димаш Ахметұлының алдына алып барды. Димекең: «Мәскеуде қалай істедің? Не көрдің? Не білдің? Қай жерлерде болдың? Жағдайы қалай екен?» деп әрбір жайды байыптап әбден сұрады. Үлкен кісі сұрап та, сынап та отырғандай. Содан соң: «Тельман шырағым, біз өзіңе үлкен сенім артып, республика комсомолының Орталық Комитетіне идеология жөніндегі хатшы етіп ұсынып отырмыз. Бұл өте жауапты жұмыс. Сенімнен шыққайсың. Сәттілік тілеймін!» деп жылы раймен шығарып салды.
Комсомол Орталық Комитетінің хатшысы қызметінде Тельман Сауранбеков осы игі істердің басы-қасында болып, бел ортасынан табылды. Әсіресе шығармашыл жастармен жұмыс жан дүниесін мол қуаныштарға бөлейтін. Жазушылар одағының хатшысы Олжас Сүлейменовпен бірлесіп әр облыста екі жылда бір рет өткізілетін жас ақын-жазушылардың семинар-кеңестері бір ғанибет-ті. Сол жылдарда шыққан комсомол лауреаттары Мұхтар Шаханов, Әсет Бейсеуов, Мақым Қисаметдинов, Райымбек Сейтметов, Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкеев, Роза Рымбаева, «Досмұқасан», Болат Аюханов жетекшілік ететін «Алматының жас балеті», Нина Жмеренецкая есімдерінің өзі-ақ өнер-мәдениетіміздің өрісін, осы тарапта жүргізілген жұмыстың жемісін айғақтап тұрған жоқ па. Бірінші хатшы Закаш Қамалиденов, хатшылар Жібек Әмірханова, Виталий Брынкин, обкомдардың жетекшілері Қуаныш Сұлтанов, Владислав Медведев, Евгений Байтеряков, Жәлел Бәкіров һәм басқалары ынтымақтаса ұйысып, жұмылған жұдырықтай еді-ау.
Ол жылдарда комсомолда шыңдалған кадрлардың партиялық жұмысқа ауысуы заңдылық. Дәл солай болды. Тельман Еркінбекұлы Алматы қалалық партия комитетінің хатшылығына жоғарылатылды.
Алматы – астана. Барлық шығармашылық ұйымдар, негізгі қарашаңырақ театрлар осында. Ғылым академиясы, жоғары оқу орындарының көпшілігі осында. Зиялы ақыл-ой әлеуеті осында. Алматы – жастар қаласы. Қала берді, бірталай үлкен өнеркәсіп орындары да осында шоғырланған. Әр ұлттан құралған жұмысшы қауымның қатары қалың. Демек, мұнда идеологиялық жұмысқа ерекше көңіл бөлу керек-тін. Алматы бүкіл Қазақстанға үлгі шашқаны абзал. Соған қоса денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, мектеп, балабақша мәселелерін ұдайы қадағалап, бақылауда ұстады. Бұл тұстағы атап айтарлық бір елеулі оқиға Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сессиясының өткізілуі еді. Әсіресе, беделді форумның өтуін бетке ұстап, қаладағы бүкіл аурухана, емхана атаулының материалдық базасы жақсартылып, жаңаланды, ғимараттар жөндеуден өткізілді. Ақша бөлгізіп, жаңа құрал-жабдықтар сатылып алынды. Жер шарының жүзден астам елінен, халықаралық ұйымдардан келген атағынан ат үркетін ғұлама ғалымдар мен санаткер дәрігерлер Алматының денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан зор жұмыстарға сонда жоғары баға беріп кеткен еді. Немесе мына бір жайды алайық. Сол кезде бастауыш сыныптар мұғалімдері мен медбикелер жетіспейтін. Идеология жөніндегі хатшының ұсынысымен қалада бір медициналық және бір педагогикалық училище ашылды. Сөйтіп, сол арқылы екі саладағы кадр жетіспеушілігі толастап, жағдай біршама түзетілді. Бұл да Сауранбековтің көп жұрт біліп үлгермеген жұмыс машығының бірі болатын.
Алматы қалалық партия комитетіндегі сегіз жылда Тельман Еркінбекұлы бес бірінші хатшымен бірге жұмыс істепті. Әлбетте, оңай емес. Әсіресе, мұндай құбылыс, ауан өзгерісі жүйкеге қиын тимек. Бес біріншінің бесеуі бес түрлі адам. Мінез-құлықтары әрқилы, жұмыс мәнерлері, басқару әдістері, білім деңгейі мен ой өрелері, тіпті, кісіліктеріне дейін әрбөлек. Міне, Тельман ағамыз осы бес адаммен де өзінің мінсіз адамгершілігінен жазбай, ортақ мүдде жолында тіл табысып жұмыс істесе білгенін айту ләзім. Өз басы осылардың ішінде Федор Иванович Мочалин мен Таупиқ Ғалиұлы Мұхамед-Рахимовты өте-мөте ардақ тұтып сыйлайтынын да жасырмады. Қалпарткомдағы Әнуар Баталов, Шәріп Омаров, Владимир Шепель сынды өнегелі әріптестер де тонның ішкі бауындай сыралғы жолдастарға айналған-ды. Қала мен облыс қатарласа, қанаттаса жұмыс істейді ғой. Сол жылдарда обкомның басшысы Кеңес Аухадиев пен идеология жөніндегі хатшылары Ізбасар Балтағұловтың, Шәмша Беркімбаеваның өнегесі де көп болды.
Тельман Еркінбекұлы өзінің осындай азаматтық ұстанымынан Мәскеуде әңгімелесуден өтіп келіп, екі жыл Орталық Комитеттің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда да айныған жоқ. Ал, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы дін істері жөніндегі Кеңестің Қазақ КСР-ы бойынша уәкілі болған жылдарда дін қарындасқа қарлығаш қанатымен су сепкендей септігін тигізіп бақты. Тағдырдың жазуы шығар, осы қызметке үш мәрте оралып соқты. Біз екі жағдайды ғана бөліп айтайық. Мәскеудің қарсылығына қарамастан, ескі мешіттің 100 жыл бұрын салынғанын көлденең тартып әрі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына арқа сүйеп, Алматыда жаңа мешіт құрылысын бастатып жібергені бар. Одан соң бір бетке шіркеу нәрсе, Қазақстанда қази ғана болып, дін істері түгелімен Ташкенттегі Орта Азия мұсылмандарының дін басқармасына қарайтын. Тельман Еркінбекұлы намысқа тиетін осы мәселеге де хал-қадерінше қозғау салды. «Бұлай болмайды» деп соңғы түйінді сөзді тағы да Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан. Сөйтіп, Қазақстанда дербес мүфтилік ашылып, құрылтайда ел мұсылмандары өз мүфтилерін сайлап алған-ды.
1990 жылдың сәуірінде Жоғарғы Кеңестің сессиясы Н.Ә.Назарбаевты ел Президенті етіп сайлады. Осыған байланысты Президент Аппараты жасақтала бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы шақырып алып, азаматтарды қабылдау және хаттар бөлімінің меңгерушілігіне ұсынды. Бұл кісі бұрын мұндай жұмыста істемеген, тәжірибесі жоқтығын айтып еді, Елбасы: «Қазіргі уақытта бұл өте жауапты әрі керек жұмыс. Қазір партиялық органдарға ешкім арыз жазбайтын болды. Мұң-мұқтаж, шағымдарын Президентке, тікелей маған жазып жатыр» деп шегінер жер қалдырмады. Сөйтсе, бұл шынында да аса күрделі әрі өте қажетті іс болып шықты. Елбасы жеке өтінішпен келген азаматтар қабылдауларын өте мұқият өткізетін. Ресмилікті қоя тұрып, келген адамның аман-саулығын, отбасы жағдайын жылы қабақпен сұрап, соншалықты қарапайымдылық пен сергектік танытатына былайырақ қасында отырған Тельман Еркінбекұлы да тәнті болушы еді. Сонда көп мәселелерді облыс әкімдеріне, министрлерге, басқа да тиісті адамдарға тапсырма беріп, қолма-қол шешіп жіберуші еді. Елбасы тапсырмасының орындалуын Аппарат басшысы Нұртай Әбіқаевпен бірге Тельман Еркінбекұлы да ізін суытпай қадағалайды, өтініш-арыздарға байланысты барлық мәселелерді өзіне тән мұқияттылықпен әрі талапшылықпен тұрақты бақылауда ұстайтын. Осында жинақтаған бай тәжірибе кейін Ақмоладағы жаңа астана байтаққа 1997 жылдың желтоқсанында елдің алды болып көшіп барып спикер Өмірбек Байгелдиге серіктесіп, Парламент Сенаты аппаратының жалпы бөлімін басқарған кезінде де кәдеге асқан болатын.
Соңғы жеті-сегіз жылдан бері зейнеткер Тельман Еркінбекұлы халықаралық «Игілік-С» қайырымдылық қорының жұмысын ықтиятты жүргізіп келеді. Шын мәнінде игілікті де ізгілікті, шарапатты іс. Мүгедектерге, қарттарға, жетім балаларға киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде көрсеткен нақты көмегі үшін сол адамдардан, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан алып жүрген алғысы да аз емес.
Үш достың, үш әкенің телқозысы болып өскен, бүгінде ақсақал жасы жетпіске жеткен Телағаң сол әкелер ұлағатын жиі еске алады. Елге жақсылық жасаудан жазбайтыны да сол әкелерден дарыған қасиет болар, бәлкім. Бауыржан әкесінің темірдей тәртібі былай тұрсын, жазу-сызудың адамы болғанымен, Құрманбек папасының да талабы қатаң болатын, бос белбеу босандықты ұнатпай, қолма-қол тыйып тастайтын. Әкелердің көкірегі тұнық, сыры терең еді. Бұл күнде өзінің немере-шөберелеріне сол әкелер қасиетін дарытуға тырысады. Телағаң да, Бақытжан мен Кеңес ағалар да атадан балаға, одан немереге ұласып ауысқан Момышұлы, Сағындықов, Сауранбеков әулеттерінің туыстық, достығын әкелерден қалған мұра, қымбатты қазына байлық деп есептеп, көздің қарашығындай сақтауда.
Жар қосағы Мейіржан Мұқажанқызымен шаңырақ көтергеніне де жарты ғасырдың жүзі болыпты-ау. Ол кісі өмір бойы екі-ақ жерде: Ғылым академиясының химия институты мен аграрлық университетте істеген. Ғылым кандидаты, доцент. Қазірде отбасының ұйытқы берекесі, екі ұл, бір қыздан өрбіген 9 немере мен әзірге 4 шөберенің сүйікті әжесі.
Ордалы отбасында қуанышты той. Тельман Еркінбекұлына Елбасының құттықтауы келді. «Қызметтес болып, бірге жүрген кездеріміз менің де есімде. Еліңе қызмет етіп, бала өсіріп, осындай жасқа келу – бұл тағдырдың сыйы» деп мөлдіретіп ақ қағазға өз қолымен жазыпты Нұрсұлтан Әбішұлы. Бір кезде қызметтес болған серікке амандық, саулық, отбасына зор бақыт тілепті.
Иә, осыдан артық не керек. Елбасы айтса айтқандай, осындай тағдыр сыйы бұйырған Тельман ағаның байырқалы бақытына әркім-ақ қызыға қарағандай емес пе.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.