– Күзембай Ерғалиұлы, мал шаруашылығының кәсіби маманы ретінде нарықтық қатынастарға өткеннен кейінгі егемен еліміздің мал шаруашылығының дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Мемлекет қолдамаса, ауыл шаруашылығы салаларының өздігінен қарқынды дамуы мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы салаларынан, ішінара болмаса, жұмсағаныңның қайтарымы, пайда табу өте баяу болса, тіпті біздің Маңғыстау сияқты мал шаруашылығы үлкен тәуекелмен, табиғатқа тікелей тәуелді жүргізілетін аймақтарда тиын таппай шығынға ұшырауың да әбден ықтимал. Бірақ Елбасы, Үкімет адам тіршілігінің негізі тамақ пен киім өндіретін, нарықтық қатынастарға өту кезеңінде тұралап, тіпті көпшілігі тарап кеткен, жұмысын тоқтатқан ауыл шаруашылығы мен оның өнімін өңдеу салаларын дамытуға аса мән беріп, арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, қаржылай қолдап, жедел дамуына зор мүмкіндік тудырды және оның нәтижесін біз қазір көріп, жемісін жеп отырмыз. Алайда, күткен нәтижемізге толық қол жеткіздік дей алмаймын. Бұған негізгі себеп, мақсатымызға қол жеткізуге ұстанған тактикамыз бен тәсілдеріміздің әлсіздігі, бергеніміздің нәтижесін бақылай алмауымыз, жауапкершіліктің төмендігі, мүмкіндігі бар тұлғаларда мемлекет мүлкін, қаржысын ұрлауға, жеке мақсатқа пайдалануға деген пиғылдың жойылмауы, өзге де факторлар әсер етті. Егер, бағдарламаларды іске асыруға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы мақсатты, сол мүддеге толық жұмсалып, нәтижесін бергенде, жағдайымыз бүгінгіден әлдеқайда жақсы болар еді деп ойлаймын.
– Ауыл шаруашылығы малдарына асыл тұқымды деген мәртебе берудің қазіргі жүйесі туралы не айтасыз?
– Кеңес дәуірінде асыл тұқымды мәртебесін беру жүйесінің жауапкершілігі мен берері мол болатын. Ол кезде, үкіметтің берері көп болмаса да, асыл тұқымды деген мәртебе алу қиынның қиыны еді және құзыретті орындар тарапынан жауапкершілік те қатты сұралатын.
Еліміз егемендік алып, нарықтық қатынастарға өтіп, ауыл шаруашылығы саласында етек-жеңімізді жинай бастаған 1999 жылдардан бастап асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөліне бастады. Осы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің аймақтық, облыстық басқармаларында асыл тұқымды мал шаруашылығы инспекциясы құрылып, шаруада қалған, қадірі кете бастаған зоотехник-селекционерлер алды тарап жойылған, арты тұралап қалған асыл тұқымды мал шаруашылығын қалпына келтіруге кірісті. Нәтижесінде қазіргі еліміздегі асыл тұқымды мал шаруашылығы салалары қалыптасты, дамыды. Мемлекетіміз де оны жан-жақты қолдап, көмегін аяған жоқ. Бірақ осы қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған шараларымыз, менің ойымша, қазір шегінен асып, қызметтің қадірін кетіруге айналды. Малымыздың саны бар да, сапасы жоғалып бара жатқан жоқ па деген күдік бар.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың алғашқы сатысында кеңестік кезеңде қолданылған көптеген талаптар негізге алынып, қолданылды. Мысалы, мәртебе алуға үміткер субъект салалық ғылыммен кемінде 3-5 жыл байланыста болып, ғылыми негізделген, мақсатты мал тұқымын асылдандыру қызметімен жүйелі айналысуы керек болатын. Қажет болса, нәтижесі ғылыми кеңесте қаралып, ұсыныс берілетін. Осыдан кейін, әуелі облыстық, сосын республикалық деңгейдегі комиссиялар жұмыс нәтижесіне баға беріп, қорытындыға келіп, министрлікке мәртебе беру туралы ұсыныс түсіретін. Мәртебені министрлік беретін.
Қазір мұның бәрі жоқ. Тұқым палатасына тіркел де, малыңа асыл тұқымдық мәртебе ал, сосын малыңды да «мақтап-мақтап» сата бер, керек болса мемлекет қаржысынан қолдау қаржы – субсидия ал.
– Сонда асыл тұқымды деген мәртебе мал шаруашылығы субъектісіне емес, малға беріле ме?
– Солай. Өсіріп отырған малың 1000 бас болса, оның 10 басы талапқа жауап берсе, асыл тұқымды деп тірке, бірақ «ата-тегін» сайлы етіп, құжатын дұрыс ресімдеуді естен шығарма. Бұрын, бірінші кезекте, субъектіге асыл тұқымды мәртебе алу үшін біраз жыл еңбектенуге тура келетін, лажсыз ғылыми қызметкерлер жұмысқа тартылатын, субъектіде міндетті түрде селекционер-зоотехник жұмыс жасайтын, племучетчиктер есебін жүргізетін. Қазіргі талапта мұның бірі де жоқ, арғы жағын өзіңіз түсіне беріңіз...
– Тұқым палатасы дегеніңіз не? Оның асыл тұқымды мәртебе мен субсидия алуға қатысы қандай?
– Қазір елімізде барлық мал түрлері бойынша өнімдік бағытына қарай тұқым палаталары құрылып, ресми тіркелген. Олардың басты қызметі малға асыл тұқымды мәртебе беру және оны ресми түрде арнайы базаға тіркеу, мал иесі ауысса оған асыл тұқымды деген куәлік беру және сол мал қозғалысын базада ресми түрде ресімдеу, бақылап отыру. Асыл тұқымды өнімді тіркеу мал иесінің өтініші бойынша, малының сапасы мен өнімділігі, өнімінің сапасы қойылған ең төменгі шектік талапқа жауап берсе, жүргізіледі. Шынын айтсақ, мұның бәрі құжаттармен негізделсе болды, тіркеледі. Ал шындығында, ол мал қандай, онда шаруамыз шамалы болып барады. Осы дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Қазір осы құжатты түсініп, оны саралап, оған баға беретін, малды көргенде баса танитын маманымыздың да азайып бара жатқандығы қиналтады. Сол сияқты, асыл тұқымды деген мәртебе алуға малын ұсынған тұлғаның кәсіби білімі немесе тұлға құрамында саланың кәсіби маманы бар ма – оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Субсидия алу үшін де асыл тұқымды мал палатада тіркелген болуы тиіс. Асыл тұқымды мал қозғалысын ресімдейтін, оған асыл тұқымды деген куәлік беретін – палата.
– Палатаны кім қаржыландырады?
– Палатаның негізгі қаржы көзі мүшелік жарнадан түседі-ау деймін. Жоғарыда айтқанымыздай, негізгі мүшелері палата қызметін пайдаланатын асыл тұқымды өнім иелері. Олай болса, палата неғұрлым көп мүше тартуға ынталы болмайды ма?
– Асыл тұқымды деген куәлік қалай ресімделеді?
– Мені кеңестік кезеңді көксеп отыр дей көрмеңіз, себебі, сол кезеңмен салыстыра айтсам түсініктірек болады деп ойлаймын. Қазір асыл тұқымды деген куәлікті мал иесі ауысса болды, жаңадан сатып аласыз. Себебі, малдың иесінің ауысуы жаңа куәлікпен ресімделеді. Мысалы, қой өз өмірінде 3 рет иесін өзгертіп, орын ауыстырса, 3 рет палатадан жаңа куәлік сатып аласыз. Ал 20-25 жыл өмір сүретін түйе мен жылқыны айтпай-ақ қояйын. Осы қажет пе? Әрине, қажеті жоқ. Бұрын асыл тұқымды малға асыл тұқымды деген куәлікті бір-ақ рет толтырылатын және иесі ауысатын болса, куәліктің бетіндегі арнайы кестеге жазылып, өзгеріс енгізіліп, сол куәлік келесі мал иесіне берілетін. Сонда, сатып алушы малдың алғашқы өндірген иесі кім, ол қандай қозғалыста болды, өзіне қалай жетті, бәрін біліп отыратын, туындаған сұрағына қажетті тұлғадан жауап алуға мүмкіндігі болатын. Ал мына куәліктен мал иесі екінші ауысқаннан бастап, өндірушіні таппайсыз. Тіпті, адамның өзін мысалға алайықшы. Адам облыс ішінде ғана емес, ел ішінде мекен-жайын ауыстырғанда да куәлігін жаңаға ауыстыру міндетті емес қой.
Ал қазір асыл тұқымды мал бір ауданда орналасқан субъектілер арасында қозғалыс жасаса да, ақы төлеп, құжатын қайта ресімдеуге мәжбүрміз.
– Күзембай Ерғалиұлы, осы асыл тұқымды мал деген жалпы керек пе, малдың бәрі түрі мен тұқымына қарай тиісті өнімін бермейтін бе еді?
– Мал тұқымын асылдандыру қызметін, яғни асыл тұқымды малдың бағалылығын ешуақытта жоққа шығаруға болмайды. Ал табиғатта өздігінен жүретін «табиғи сұрыптау» деген бар, бұл тоқтамайтын үрдіс. Егер саланың даму деңгейіне қарай «көрпеңе қарай – көсіл» деген, «асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытамыз деген мәселені уақтылы, орынды көтеріп отырмыз ба?» деген сұрақ қойсаңыз, ол басқа мәселе.
Менің ойымша, біз қолда барымызды келістіріп алуымыз керек. Яғни, алдымен қолда бар малымыздың есебін тиянақтайық. Осы статистика көрсетіп отырған малымыздың саны рас па? Қазір малымыздың 85-90 пайызы шаруа және жеке үй қожалықтарында екенін және есеп-қисап ауызекі алынатынын ескерсек, менің күмәнім бар. Мал есебі дұрыс болмаса, өнім өндірісі де күмәнді деген сөз. Сондықтан, бірінші кезекте есебімізді тиянақтау жолын қарастыру керек, өзімізді өзіміз алдаудың қажеті жоқ. Екіншіден, қолда бар малымыздан, сапасын былай қойғанда, беруге мүмкіндігі бар өнімін толық алып отырмыз ба, осыны тиянақтап, сол өнімді толық өндіретін жолды қарастыруға міндеттіміз. Үшіншіден, осы алған өнімді ұқсатып, игілігімізге жаратуға дайынбыз ба? Дайын болмасақ, дайын болуымыз керек. Осылайша қолда барымызды келістіргеннен кейін, малдың өнімділігін, алынатын өнім сапасын арттыру мәселесін қолға алсақ дұрыс болар еді.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы