Білім • 03 Мамыр, 2017

Жұлдызың жана берсін, Толғанай!

568 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда елордада балғындардың мектепке дейінгі шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған «Жұлдызды жол» интеллектуалдық олимпиадасы өтті. Астана қалалық білім басқармасы ұйымдастырып отырған дәстүрлі дода биыл он бірінші мәрте өткізілді.

Жұлдызың жана берсін, Толғанай!

Аталмыш олимпиадада алғыр­лығымен топ жар­ған­дардың қата­­рында №38 «Шат­тық» бала­бақшасының тәр­бие­ленушісі Тол­ғанай Есіл­бай да бар. Осы ба­лабақ­­шаның мең­герушісі Сәуле Нұр­ға­ли­қызының айтуынша, ірік­теу турынан өткен Толғанай енді қа­­лалық олим­пиадаға әзір­леніп жатыр.

– Әр жыл сайын білім бас­қармасы ұйымдастыратын «Жа­ңа жыл жұлдыздары» атты респуб­ликалық балалар би байқауында біздің бүлдір­шін­деріміз 1-орын дипломымен бірнеше рет марапатталды. «Шағала» тобының тәрбиеленушісі Толғанай Думан­қызы әншілік өнерімен де көрер­мендерді тәнті етіп келеді. Жуырда «Қылықты қыз – құндыз, ұлықты ұл – жұлдыз» атты қалалық қыз сынына қатысып, «Шаттық аруы» атағына ие болды. Сондай-ақ, Қазақ радиосына 95 жыл, «Шал­қар» радиосына 50 жыл толуына орай «Шалқар» радиосы ұйым­дастырған республикалық ән байқауында «Туған жер» әні­мен жеңіске жетіп, келесі турға Ал­маты қаласына барып жүлделі оралды. Толғанай сияқты дарынды балалардың арқасында бала­­бақшамыздың бүгінде рей­тингі жоғары, – дейді Сәуле Нұр­ғалиқызы.

Төрт жасынан бастап Аста­надағы Оқушылар сарайында Сәу­ле Андыбаева сынды білікті маманнан ән бойынша дәріс алып, өнерін шыңдаған дарынды балақай ұстаздарының үмітін әрдайым ақ­таумен келеді. Балаларға арнал­ған көптеген шығармашылық фестивальдарда жүлдегер атанып жүр. Атап айтсақ, мектепке дейінгі балалық шақ республикалық орталығы ұйымдастырған «Ұлы дала ұрпақтары» атты қалалық байқауда «Жезтаңдай әнші» аталымы бойынша бас жүлде алса, ел тәуелсіздігінің мерейтойына арналған I Республикалық «Жас дарын» өнер байқауында Гран-приге ие болып, Президенттік шыршаға жолдаманы жеңіп алды. «Ақ көгершін», IV қалалық «Талант және сұлулық сайысы – Астана 2016» байқауына қатысып, ІІ дәрежелі лауреат атанды. «Астана шуақтары» атты балалар шығар­машылығы фестивалінен 2-орын алып, дипломмен марапатталды.

Балдырғандардың дарыны мен қарым-қабілетін шыңдап, табиғи талантын өрістету тәрбиешінің білім-білігіне байланысты екені даусыз. Осы орайда, Толғанайды өнерге баулып жүрген тәрбиеші Айжан Кәрімованың еңбегі ерекше екенін айта кетсек артық болмас.

Еркін елдің ертеңін тәрбиелеу балабақшадан бастау алады емес пе. Ұлттық тәрбиенің тәлімін бо­йы­на дарытқан Толғанайлардың биік өресі арқылы Қазақ елінің мәртебесі де асқақтай түсетіні анық. Ендеше, жұлдызың жана берсін, Толғанай дегіміз келеді.


Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»