03 Мамыр, 2017

​Киіктің киесіне кез келтірме

393 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мен Бетпақдала Сарыарқаға ұласқан өңірде, Жаңаарқа ауданының Айшырақ деген жерінде туып-өстім. Бала кезімізде сәуір орталағанда Шудан көшкен қалың киік Бетпақты кесіп өтіп, Тасқоралы, Айдаһарлы, Оғызтау, Саңғыру, Қабантау аталатын дала таулары қарауылдаған ұлан жазыққа құйылатын.

​Киіктің киесіне кез келтірме

Шалқар өлке сары алтынға малынып тербелгендей ертегіленуші еді. Әжелеріміз табын-табын киіктің алдынан шашу шашып шығатын. Киелі деп қадірлегені шығар. Қариялар ауыл үйді жинап, мал шалдыратын. Өрісіне оралған бейкүнә аңды көрмекке тағы бір жыл бұйыртқан Алла тағалаға алғысы шығар. 

Жасы үлкен ақсақал балапан көкке тізе бүгіп, қалың киікке жанары жасаурап қарап, тілек тілейтін.

Мамырда құралайың егіз болсын,

Шілдеде еркетотай семіз болсын.

Марқасқа желге қарсы топ бастасын,

Құдайым ерген көшін тоқтатпасын.

Тапсырдық көкте Тәңір иесіне,

Қапыда кез келтірме киесіне.

Иә, тіршілік атаулының киесі де, иесі де бар.Ұлан-ғайыр жер берген Жарат­қанға сәт сайын алғыс айта жүріп, сол Жер анамызға бауыр басқан аң-құсты қорғау парыз. Ал қазақ даласында өсіп-өнген киік көктемде жүздеп-мыңдап қыры­латын болды. Соны ойлайсың да, сарқылған қыстан кейінгі айларға жас­қана қарайсың. Ақ бөкен атанған бейкүнә аңның төлдейтін айы мамыр иек­тің астында тұр. Ал біз олардың тағы да шығынға ұшырамауы үшін не тындырдық?

Осы сауалды Үкіметке, аң-құсқа тікелей жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қоя отырып, киіктің қыры­луы кездейсоқ жағдай емес, тұрақ­ты сипат ала бастаған, себебі әлі анықталмаған кесел екеніне назар аударғымыз келеді. Бұған дәлеліміз де баршылық.

Қазақстанда 1970 жылға дейін 1 миллион 200 мың киік болды. 2003 жылы соның 1 мың 800-і қалды. 1984 жылы Орал құмында 250 мың, 1988 жылы Бетпақдала, Жаңаарқа, Арқалық атырабында 500 мың ақ бөкен жаппай қырылды. Бұдан кейінгі жылдарда кейде 10 мыңнан, кейде 30-50 мыңынан айырылып жүрдік. Ал 2015 жылы ресми дерек бойынша 127 мыңын тағы жоғалттық.

Ел осыған бір қынжылса, дала аңын баудай түсіріп жатқан пастереллез індеті деген қорытындыға сенбей тағы қажиды. Егер осылай болса, өткен ғасырдың 84-ші жылына дейін киік неге жаппай қырыл­маған? Ол неге ұдайы Арқа мен Орал өңі­рінде өледі? Киік көп тараған қалмақ даласында неге мұндай апат болған емес?

Осы сауалдарға тиісті орындар айқын жауап бермеген соң, берген күнде жаң­быр көп жауғандықтан, көк шөпке тойғандықтан, кене шаққандықтан дейтін пәтуасыз сылтау айтылған соң, ел өзінше болжам жасауда. Арқадағы Байқоңырда космодром бар. Орал айма­ғында ядролық сынақ алаңы бол­ған. Қырғынның сырын солардан іздейді. Киік 2015 жылы мыңдап өлген күн­нің алдында «Протонның» апатқа ұшы­рағанынан күдіктенеді.

Пастереллез киік апатының басты себебі емес екенін Ұлыбританиядағы «Киіктерді сақтау альянсының» жетек­шісі Миллер Гулланд та айтқан еді. Оның дәлелдеуінше, пастереллез бактериясынан басқа бір індетке шалдыққан, әбден әлсіреген аң ғана өледі.

Еске сала кетейік. Қазақстан же­рін­дегі 47 аймаққа Байқоңырдан ты­ным­сыз ұшырылып жатқан зы­мы­рандардың қалдықтары құлайды. Сол аймақтардың 39-ы Қарағанды облысында. Ал мамандардың мәліметтеріне, атап айтқанда, академик Қайыржан Бекішұлының деректеріне жүгінсек, «Протон» зымыран тасығышы штатты жағдайда жерге түскенде 1,5  тоннадан 3,5 тоннаға дейінгі мөлшердегі гептил топыраққа төгіледі екен. Егер 44 жылда Байқоңырдан 1300 зымыран ұшқан болса, осы уақытқа дейін қанша тонна гептил жерге сіңгенін шамалай беріңіз. Бұдан кейін Арқа өңірінің экологиясы сүттен-ақ, судан таза деп қалай айтасың?!

Міне, тағы да көктем келді. Шудан бері қарай құлаған киік Арқаға жетіп, алды Арқалық, Қостанай, Оралға бет түзеді.

Соның есен-саулығын ойлап ел елеңдеулі. 2015 жылғы оқиғадан соң Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған комиссия киікті сақтау жөнінде экологиялық-эпиде­миологиялық мониторинг жүргізу, респуб­ликалық және шетелдік ғы­лыми ұйымдар мен сарапшылардың жұмысын үйлестіру туралы шешім қабылдап еді.

Біздіңше, бұл жетімсіз. Киік апатын бұдан былай болдырмайық десек, экологиясы күмәнді аймақтардағы топырақ пен өсімдіктің, су мен ауа­ның биологиялық, химиялық, т.б. өзгерістерін ұдайы тексеріп отыратын тұрақты ғылыми орталық құрылуы керек. Ол ең алдымен дала аңы өлім-жітімге ұшырап жүрген Қарағанды, Жезқазған, Торғай, Қостанай, Ақмола, Орал өңірлерінің экологиясын тексеруді қолға алса, құба-құп.

Жақында Орал құмынан өліп жатқан 80 киіктің табылуы көкейде бұрыннан жүрген осы ойларды қозғады. Алдияр қарттар тілегеніндей,  қапыда бейкүнә аңның киесіне кез келтіре көрмесін!