Парламент • 04 Мамыр, 2017

Міндетті сақтандыру мәселесі қаралды

117 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы" бірінші оқылымда мақұлданды.

Міндетті сақтандыру мәселесі қаралды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов таныстырған заң жобасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдардың мөлшерін қайта қарау, сондай-ақ, жарна төлеушілердің тізбесін анықтау мақсатында әзірленген. Осыған бай­ланысты аталған заң жоба­сында Қазақстан аумағында тұрақ­ты тұратын шетелдіктер мен аза­мат­тығы жоқ адамдарға тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде ел азаматтарымен бірдей меди­ци­налық көмек алу құқығын ұсынуға қатысты норма көзделген. Ал аударымдар мен жарналар төлен­беген жағдайда, МӘМС жүйе­сіндегі медициналық көмекке азаматтардың құқығы бойынша норма нақтыланады.

«Міндетті әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру жөніндегі заң жобасы бойынша мөлшерлемелерді және аударымдар мен жарна­лар­ды есептеу нысандарын өзгерту, төлеушілердің жаңа санаттарын, олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асыратын адамдардың са­нат­тарын енгізу, Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері тұрғысында түзетулер қарастырылып отыр», – деді министр Е.Біртанов.

Елдегі макроэкономикалық жағдайға байланысты, жұмыс берушілерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында олардың аударымдарының деңгейін төмендету мен жеке кәсіпкер жарналарының мөлшерін бекіту ұсыныстары енгізілгендігіне тоқталған баяндамашы биылдан бастап төленетін жарна көлемі мен мерзімдерін атап өтті.

«Мемлекеттің қорға төлеуге жататын міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жарналар мөлшері 2018 жылдың 1 қаң­тарынан 3,75 пайыз деңгейінде ұсы­ны­лады. Жұмыс берушілердің сақ­тан­дыру аударымдары 2017 жыл­­ғы 1 шілдеден бастап 1 пайыз, ал 2018 жылғы 1 қаңтардан 1,5 пайыз болуы ескерілген. Өзін өзі жұмыспен қамтыған халық­тың жарналары ең төменгі екі жалақы­дан 5 пайызды құрайды», – деді министр.

Айта кетейік, медицина­лық көмектің қолжетімділігін қам­тамасыз ету мақсатында жар­на­ларын мемлекет төлейтін адам­дар санатына 4 жаңасын қосу ұсынылады. Осы орайда жұмыс істемейтін 18 жасқа дейін мүгедек балаға күтімді жүзеге асыра­тын азаматтар, жұмыс істемейтін орал­мандар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, үш айдың ішінде орта техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі жоғары білім беру, сондай-ақ, жоғары білімнен кейін білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған адамдар қамтылады.

Отырыста депутаттар «Жол жүрісі туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын тал­қылады. Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа коми­­тетінің мүшесі Қанат Мусин таныс­тырған құжатта жолау­шы­лардың полиция қызметкерінің рұқсатынсыз көліктен шығуына рұқсат беретін өзгеріс енгізу көзделеді.

«Көлікті тоқтатқаннан кейін полицейдің міндеті заң жүзінде бекітіледі: көлікке бірден келіп, өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіріп, техникалық құрал қолданылса, ол туралы мәлімет беруі тиіс. Осы уақытқа дейін бұл міндеттер Ішкі істер министрінің бұйрығында ғана болған еді және ол әрдайым орындала берген жоқ», – деді Қ.Мусин.

Сонымен қатар, көлік тоқта­тылған кезде жүргізушінің полицей­дің іс-әрекетін видеоға түсіру құқығы заң жүзінде бекітіледі  және полицейдің қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалануға жол беретін нормаларды алып тастау мақсатында арнайы шара­лар тізімі қабылданады. Сон­дай-ақ, тағы бір өзгерістің бірі – мерзімі өткен жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде міндетті түр­де емтиханды қайта тапсыру мін­деттелмейтін болды. Сол сияқты, жолаушылар тасымалымен ұда­йы айналыспайтын көліктерге түнгі уақытта жолаушылар тасы­мал­дауға салынған тыйым мен көліктерге аэрографиялық сурет­терге салынған тыйым алып тас­талады. Бағдаршам алдында тоқтау керек сызықтан асып кеткені үшін айыппұл көлемі 5 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін төмендетіледі деп күтілуде.

«Бұл жерде Әділет министр­лігі өзге де мүдделі мемлекет­тік ор­ган­дар мен қарапайым адам­дар­ды қатыстыра отырып, «Қа­зақ­стан Республикасы­ның Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындап жатыр. Бұл арқылы жол қозғалысы ере­желерін бұзуға салынатын бір­қатар айыппұлдар мөлшері төмендеп, ескерту сияқты шара­лардың қолданылу мүмкіндігі арта­ды. Ал заң жобасы Мәжіліске биыл жазда қарауға беріледі деп жоспарлануда», – деді депутат.

Жалпы отырыс аясында депу­таттар Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың таныстыруы­мен «2015 жылғы 8 қыркүйектегі «Та­биғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарлар­ды бақылау (сәйкестендіру) белгі­­лерімен таңбалауды енгізу жөнін­дегі қанатқақты жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің қолданылу мер­зімін ұзарту жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Оған қоса, «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне олар­ды Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының норма­ларына сәйкес келтіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заң жобасы мен «Еуразиялық экономика­лық одаққа мүше мемлекеттер ара­сындағы қызметтік және азамат­тық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу жөнінде қаулы қабылданды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»