Кеңестегі мақсат – қол жеткен табыстармен шектелмей, одан әрі даму, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімі көлемін арттыру.
Ең біріншіден, қазіргі уақытта алдымызда аса жауапты жұмыс – көктемгі егісті мерзімінде әрі сапалы атқару міндеті тұр. Екіншіден, мал шаруашылығын дамыту, ол үшін қажетті жем-шөп дайындау мәселелерін қарастыру қажет.
Щербаков ауылының «Қайнар» ЖШС базасында өткен агрокеңеске облыс әкімімен бірге, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысты. Облыстағы әртараптандырылған озық шаруашылықтардың бірі «Қайнар» ЖШС-да дәнді дақылдар мен мал өсіріледі. Көрмеде кәсіпорын асыл тұқымды малдар мен ауылшаруашылық техникасын көрсетті.
Министрдің бірінші орынбасары мен облыс әкімі Щербаков ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралады. Мектеп пен спорттық-сауықтыру кешендерінде болды. Жалпы, агрокеңес аталмыш ауылдағы мәдениет үйінде өтті. Кеңес алдында аудан әкімдері көктемгі егіс науқанын өткізуге дайын екендіктері туралы баяндады. Кеңеске Қарағанды облысының әкімдігі, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандум жасасқан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің өкілдері де қатысты.
– Біз 2017 жылы Қарағанды облысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар әзірледік. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге кітапшалар тараттық, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Серікпаев.
– Бізде ынтымақтастық жөніндегі ұсыныс бар. Ғылыми жетістіктеріміз, ғалымдардың әзірлемелері енгізілген 10 базалық шаруашылық анықталды». Облысқа ЖОО қызметкерлері – өсімдіктерді қорғау, жер өңдеу, тұқым шаруашылығы бойынша мамандар келді. Аймақта ветеринарлық факультеттің жоғары курстарының 84 студенті тәжірибеден өтуде. Сондай-ақ, университет болашақ агрономдарды жіберуді жоспарлап отыр.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің арасында жасалған егістік жерлерді әртараптандыру бойынша меморандумға сәйкес, аудандар әкімдіктерімен 2017 жылы дәнді дақылдар мен дәнді-бұршақты дақылдар егістіктерінің ауданын 815 мың гектарға дейін, майлы дақылдар – 14 мың гектарға дейін, азықтық – 51 мың гектарға дейін, картоп – 16 мың гектарға дейін және көкөністер егістігін 3500 гектарға ұлғайту бойынша пәрменді шаралар қабылданды, – деді облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов өз баяндамасында.
Оның айтуынша, егісті оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу үшін қолда бар техника жеткілікті. Облыста тұқым себу жұмыстары 15 мамырда басталмақ. Далаға 20 мың дана ауылшаруашылық техникасы шығарылмақ. 10 мыңнан астам трактор, 162 заманауи егін егу кешендері, 6 мың дәнсепкіш диқандар үшін дайын.
– Елбасының агроөнеркәсіп кешені ел экономикасын дамытудың жаңа драйвері болуы керектігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыстың ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамытуға шаралар қабылдануда. Биылғы 1 тоқсан қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 24 млрд теңгенің өнімі шығарылып, нақты көлем индексі 2016 жылғы тиісті кезеңге 100,3 пайызды құрады.
Биыл егіс алқабын әртараптандыру жоспарына сәйкес арпа, сұлы және көпжылдық шөп сияқты мал азықтық дақылдар алқабын арттыруға шаралар қолданатын боламыз.
Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті өнім алу мақсатында картоп және көкөніс алқаптарын да кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қарағандылық диқандарға жеңілдікпен 19 мың тонна дизель отыны бөлінді. Биліктің көмегімен ЖЖМ жеткізу мәселесі шешілген.
Өсімдік өсіру мамандарын қолдау үшін 2 млрд теңгеден аса субсидия қарастырылған. «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы бойынша 391 млн теңге бөлінді, – деді Шагурашид Қалиұлы.
Кеңес барысында бірқатар проблемалар да қаралды. Облыс әкімі шалғай жатқан аудандардың ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін тұйықтар беру бойынша теміржолшылардың қатысуымен жеке кеңес өткізуді тапсырды.
– Проблемалар туралы ашық айтыңыздар. Осы мәселелерді ашық әрі жан-жақты талқылау үшін ауыл еңбеккерлерімен, шаруашылық басшыларымен кездесуге арнайы келіп отырмын, – деді Ерлан Қошанов. – Шешім қабылдаймыз. Қажет болса, орталық органдарға шығамыз.
Аймақ басшысы кооперативке бірігу жайын да айтып өтті. «Бәріңізге мәлім, ауылда кооперативтерді дамыту – Елбасының тікелей тапсырмасы. Кооператив – біріншіден, ауылдық жерде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, екіншіден, жұмыссыздықты азайтуға, үшіншіден, әр ауылға малды талапқа сай сою мен сүт жинауға қажет технологиялық қондырғыларды орнатуға мүмкіндік береді. Сондықтан, әкімдер әр ауылда кооперативтер ашу жұмыстарын ұйымдастыруы керек», деді Ерлан Қошанов.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ