Аймақтар • 04 Мамыр, 2017

Уақыт талабына– іспен жауап

110 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешевпен тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың, әлеуметтік өмір сүруін жетілдірудің, елді мекендердің әлеуетін арттырудың келелі мәселелері жайлы ой бөліскен едік.

Уақыт талабына– іспен жауап

Уақыт талабына– іспен жауап– Дәурен Бозтайұлы, Елбасы биыл «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жариялап, еліміздің дамуын жо­ғары қарқында қамтамасыз ететін басым бағыттарды айқын­дап берді. Тарихи құжат несімен ерекшеленеді?

– Әлем жұрты секілді қазақ­стандықтар да күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Елбасы атап өткендей, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіс баспалдақтарымен алға қарай ілгерілері даусыз. Қазақстан екі жаңғыру арқылы тұрақты экономикалық өсімдерге қол жеткізіп, үздіксіз даму жолын табандылықпен жалғастырып келеді. «Нұрлы жол» экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында іргелі міндеттер орындалды. Ендігі басты талап – «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген отыз озық елдің қата­рына қосылу. Бұл – орындалатын іс. Өйткені, келешектің іс-қимылдар жоспарын түзе отырып, үшінші жаңғыруға бел шеше кірістік. Жолдауда жеке-жеке тал­данған бес негізгі қағидат шең­берінде экономикалық өсімнің жаңа моделін құру шешімі өткір қойылып отырғандықтан, замана көшіне ілесе отырып, ұлы өзгерістер сапынан көрінудің бірден-бір мүмкіндігі – жаңа индустриялар қалыптастыру, инновацияларды қолдау, оларды өндіріске тезірек енгізу, бір сөзбен айтқанда, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына бетбұрыс жасау маңызды қадам болып саналады. Бүгінгідей жаһан­дық бәсекелестіктің өсуі мен тұрақсыздық жағдайында тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеу бұрын-соңды болмаған бетбұрыс екені талассыз шындық. Жаңа нарық көздерін табу, отандық өнім түрлерін молайту, сапасын жақсарту, аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру, бизнес-ортаны кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау бағыттары бойынша да атқарылатын шаруалар аз емес.

– Олай болса, жүзеге асырыл­ған ауқымды бағдарламалар мен жобалардың кейбіріне тоқтала кетсеңіз?

– Билік басында жүргендер үшін белгіленген тапсырмаларды бұлжытпай орындау – басты міндет. Ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, кәсіби біліктілік таныта білсек, ең басты абырой да, құрмет те осы.

Егіншілік – жетекші сала­лардың бірі. Оның өндірістегі үлесі 76 пайызға жетеғабыл. Былтыр 23254,2 миллион теңгенің өнім­дері өндіріліп, физикалық индекс көлемі 104,2 пайызды құра­ды. Күзгі орақ науқанының қоры­тындысы бойынша бірінші орынды иелендік. Елбасының астық өнді­рісін әртараптандыру туралы тапсырма бергені мәлім. Шаруашылықтар уақыт ағымына орай майлы дақылдарды көптеп өсіруге бет бұрды. Осыдан алты жыл бұрын майлы дақылдар егістігі 5,49 мың гектар болса, өткен жылы 6 есеге дейін молайды. Бұл көрсеткішпен тоқталып қалмақ емеспіз. 1,2 миллиард теңгеге заманауи техника сатып алынды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржы мөлшері де айтарлықтай өсті. 2015 жылы жанар-жағармай, гербицид, тұқым, мал азығы үшін 677 миллион теңге субсидия берілсе, 2016 жылы ол 886 миллион теңге болды.

Бүгінде мал шаруашылығы едәуір басымдыққа ие. Бұл саламен 47 шаруашылық айналы­сады. Олардың арасында «Ас­траханское», «Полтавское», «Лео­нов», «Шаймерденов», тағы басқа шаруашылықтар таңдаулылар қатарында. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша атқарылған істер қыруар. Алайда, ірі қара малының − 56, қой-ешкінің − 90, жылқының − 76,6, шошқаның − 93,9, құстың 96,7 пайызы жеке адамдардың қолында шоғырланғанын ескерсек, малды асылдандыру ісін ұтымды ұйымдастыру, сапалы жем-шөп қорын жасау басты талаптардың бірі екені даусыз.

– Былтыр 3400 тонна сүт сатып алыныпты. Экспортқа 99 тонна ет жіберіліпті. Табындар асыл тұқымды малдармен толық­тырылыпты. Осындай мүм­кін­діктерді одан әрі еселей түсу­дің ішкі-сыртқы резервтері қарас­тырылған ба?

– Аудан тұрғындарына есеп беру кездесуіне сол кездегі облыс басшысы арнайы қатысып, алдымызға бірқатар міндеттер қойды. Олар­дың ішінде ауылшаруашылық өнімдерін қалдықсыз өңдеу жайы­на айрықша назар аударылды. Ауданда қырыққа жуық ұқсату кәсіпорындары мен цехтар жұмыс істегенімен, қазіргі қажеттілік пен сұранысқа қарағанда әлі де аздық етеді. Осы жағы мұқият ес­керіліп, жергілікті және шетелдік қаржыгерлермен әріптестік ынты­мақтастықты одан әрі жалғастыру көзделді. «ИКЕА ТАС ГРУПП» ЖШС-нің қаржысына күніне 120 тонна ұн тартатын диірмен кешені, «Виталмар Астық» фир­­масының демеуімен астық қабыл­дау элеваторы тұрғызылды. «Рос­­тан» серіктестігі май зауытына жаңа жабдықтар орнатты. Смир­нов кентінде 10 мың бас­қа арналған сүт өндіру кешенін ашу жоспарланған. Бұл – еліміз бо­йын­ша ең ірі жобалардың бірі. Кәсіпорын үшін жер телімдері мен бес мың гектар жайылым әзірленді. Бұл инвесторлар Қиялы ауылдық округінде астықты тереңдетіп өңдейтін өндіріс орнын салумен де айналыспақ. «Зенченко және К» командиттік серіктестігі Рублевка елді мекенінде 600 басқа шақталған сүт фермасын салуға қаражат бөлді. «Астраханка» ЖШС-нің «Майлы дақылдарды қалдықсыз өңдеу, сақтау» жобасы мақұлданды. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.

− Айтпақшы, «Сапронат» ЖШС өте тиімді жобаның бірін ауданның білім ошақтарына енгізіп жатқан көрінеді. Осыған тоқтала кетсеңіз?

– «Сапронат» елімізде бірінші болып әлеуметтік нысандарды модульді жылыту қазандықтарына қосу бағдарламасын қолға алып отыр. Қанатқақты жоба біздің ауданнан бастау алды. Былтыр 5 мектеп, биыл 11 мектеп қамтылса, алдағы уақытта барлық білім ошақтарымен қатар мәдениет, аурухана ғимараттары да қамтылатын болады. Басты артықшылығы–үнемділігінде. Мәселен, «Астра­ханка» орта мектебі қысқы мау­сымда 600 тонна көмір жағып келсе, енді жұмсалатын отын шығыны үш есеге дейін азайды. Серіктестік сервистік қызмет орта­лығын ашқаннан кейін мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жоғарыдағы нысандар сенімді басқаруына берілді. Біз тек тариф бойынша есептесіп отырамыз. Ал қазандықтарды сатып алу, орнату, жөндеу секілді жұмыстар –  серіктестіктің мойнында.

– Ауданда қандай мәселелер өзекті саналады?

– Есеп беру кездесулерінде жұрт­шылықты баспана, балабақша, елді мекендерді абаттандыру, кө­шелерге жарық тарту, жол мәсе­лелері қатты толған­дыратыны бай­қалды. Бұл бағыттарда атқа­рылған ша­руалар аз емес. Былтыр 36 пәтерлі 2 үй пай­далануға беріліп,  оған бірінші кезекте жетім балалар, мүгедек жандар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысу­шылар қоныстандырылды. Оның жанынан 5 жекеменшік үй бой көтеріп, аз қамтылған отбасылар кірді. Сөз арасында бұл баспаналар қала­дағыдай жайлы екенін, модульді қазандық арқылы бір орта­лықтан жылытылатынын айта кет­кен жөн. Енді 54 пәтерлі екі үй салу үшін жобалық құжаттар дайын­далуда.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында жеті нысан жөнделді. Елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру шараларына 157 миллион теңге бағытталып, 12 округ түгелдей қамтылды. Облыстық, аудан­дық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге былтыр 450 миллион жұмсалса, биыл қаражат екі есе артық қарастырылды. Астра­ханка – Смирнов – Қиялы, Смирнов – Полтавка – Ивановка бағыттары бо­йынша жолдар жөнделеді. Қиялы – ірі округтердің бірі. Мұнда клуб үйі көптен бері иесіз тұр. Биыл оны жаңартпақ ойымыз бар. 28 елді мекен Булаев топтық су құбырына қосылған. 3 ауыл ұңғымаларды пайдаланады. Ағымдағы жылы Власов және Қиялы елді мекендерінде су тарату желілері жаңғыртылады.

Тоқтап тұрған кәсіпорындар жайлы бірер сөз. Облыс әкімі­нің есепті кездесуінде Тоқшын ауылының тұрғыны Бақыт Әбду­садықов бұрынғы сүт зауытының қаңырап тұрған ғимаратын қайта іске қосу мәселесін көтерді. Орын­ды ұсыныс − цехтарды жаб­дықтауға инвесторлар табылды, ағаш өндейтін цех ретінде қайта жабдықталады деген жауап алынды. 100-150 миллион теңге қаржыны инвесторлар құяды. Бұл өнімге деген мұқтаждық Ре­сей есебінен өтеліп келсе, енді өзімізде шығарылатын болады. Сол сияқты, Қиялы округінде тоқ­­­тап тұрған бұрынғы май және диірмен кәсіпорындарын пайда­лануға берудің жолдарын да қарас­тырудамыз.

Әркез уақыт талабына нақты істермен жауап бере оты­рып, жаңғырту жөніндегі мін­деттерді орындаудың барлық мүмкіндіктерін талмай қарас­тыратын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Аққайың ауданы


Соңғы жаңалықтар