Президент • Бүгін, 12:30

Президент Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін қабылдады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін қабылдады

Фото: Ақорда

Асқарбек Ертаев Президентке ведомство қызметінің биылғы басым бағыттары жөнінде баяндап, халықты жұмыспен қамту жоспары туралы мәлімет берді.

Министр бұл бағытта уақытша шаралардан гөрі тұрақты және сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек ұтқырлығын арттыру және білім беру жүйесі мен нарық сұранысы арасында тығыз байланыс орнату жоспарланып отырғанын айтты. Жастарды, соның ішінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға баса мән беріледі.

Сондай-ақ Асқарбек Ертаев атаулы әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарын да таныстырды.

Министрлік цифрлық бағалау құралдары арқылы қолдау шараларының нақты адресіне жету мүмкіндігін кеңейтуге ниетті. Сонымен қатар көмек алатын әрі еңбекке жарамды азаматтарды міндетті түрде жұмыспен қамти отырып, әлеуметтік келісімшарт тәжірибесін кеңейтуді көздеп отыр.

Министр Президентке зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін сақтау жөнінде де мәлімет берді.

Мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелеріне баса назар аударылды. Министрлік арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру тетігін одан әрі дамытуды, олардың сапа стандарттарын арттыруды, оңалту қызметтері мен техникалық құралдарды қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар инклюзивті жұмыс орындарын ашуға ден қояды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тағайындалды

Сондай-ақ көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары жайында ақпарат берілді.

Көші-қон үдерісін басқару және болжау деңгейін жақсарту, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізу, елдегі еңбек нарығын қорғауға басымдық бере отырып, еңбек көші-қонын реттеуді жетілдіру көзделген.

Мемлекет басшысы Асқарбек Ертаевқа халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын ұлғайту, әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын іске асыру, әлеуметтік қорғауда инклюзивті тәсілдерді дамыту, сондай-ақ цифрлық шешімдерді қолдану арқылы еңбекті қорғау жүйесін нығайту және қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар

Астана қаласының прокуроры ауысты

Тағайындау • Бүгін, 11:35