Әзілкештің мәлімдемесі 8 ақпан күні Instagram желісіндегі парақшасында жарияланды. Оның сөзінше, барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс.
«Қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірмеймін. Бұл іспен заңгерлер айналысып жатыр, олар құзырлы органдармен өз деңгейінде жұмыс істейді. Уақыт бәрін өз орнына қояды», деп жазды ол.
Сонымен қатар Нұрлан Сабуров шығармашылық жолына тоқталып, Ресейдің кәсіби қалыптасуындағы орнына ерекше мән берді. Айтуынша, стендаптағы жолы шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбург қаласында басталып, кейін Мәскеуде жалғасқан.
«Осы жылдар ішінде Ресейдің көптеген қаласында болдым, кейбіріне бірнеше мәрте бардым. Барлық жерде мені жылы қабылдады. Шығармашылық дамуға мүмкіндік берген, өнер адамы ретінде қалыптасуыма жол ашқан елге алғысым шексіз. Ресейде де, одан тыс жерлерде де көпұлтты аудиториям қалыптасты», деді ол.
Мәлімдемесінің соңында Нұрлан Сабуров көрермендеріне алғыс айтып, журналистер мен блогерлерге отбасына қатысты тақырыптарды қозғамауды өтінді.
«Журналистерге, блогерлерге және БАҚ өкілдеріне жеке өтінішім бар: отбасымның – жұбайым мен балаларымның, ата-анам мен жақындарымның жеке өміріне құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Баршаңызға амандық тілеймін», деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Сабуровтың Ресей аумағында жалпы құны 60 млн рубльден асатын мүлкі бар екені анықталған. Ол Ресейде тапқан қаражатын делдалдар арқылы «жылыстатты» деген күдікке ілінген.