Суретті түсірген – Қайсар ШЕРІМ
Әңгімені бірінен бірі іліп алып, қалжыңды қап-қабымен басынан төккен сияқты. Кезінде монша жаққан бірі ауыл басқармасының арқасын оңдырмай күйдіргенін әңгімелей келіп: «жон терісі ыстықтан жидігенде, арқасы КСРО-ның картасына айналып шыға келді», десе керек. Басқарманы білмеген болып әдейі күйдірді ме, кездейсоқ па, ол жағы басқа әңгіме. Өйткені үлкендердің есебі мен шалдардың саясаты анау-мынауға алдыра бермейді. Құрдасы замандасының әлгі сөзіне және басқа да қалжыңдарына қыран-топан күлкіге қалған да, тамақ іше алмай қайтқан. «Айналып келіп күш алғанда сегіз метрден теуіп құлатады бір немерем. Ана Олимпиада комитетіндегілер қайда қарап жүргенін білмеймін. Біздің ұлды апарса, дайын чемпион» деген бе, не керек, құрдасының ішек-сілесін қатырған.
Әлгі әзілкештердің қай-қайсысы болсын бір-бір кейіпкер. Бәлкім болмай қалған тұлғалар. Біреулер бес жыл оқып, бірнеше жыл сахнада шыңдалса, бұлар туа салған әртістер. Қашаннан халық арасында үзілмей келе жатқан әзілкештер мен сайқымазақтар мектебін жоққа шығармауымыз керек. Оқып, арнайы білім алмаса да ауылдағы елдің алғаш көңілін көтеріп, қиялына қанат бітірген осылар. Тәуелсіздікпен таласа туған біздің буын есейіп, қалаға көшкенше театр тамашалап, тірі әртіс көргені шамалы. Қазір алысты жақындатып, жақынды алыстататын әлеуметтік деген сұмдық үлкенді кішіден, ағаны ініден айыруға тырысып-ақ тұр. Айтқышы мен әзілкеші, атбегісі мен аңшысы, тіпті ақыны мен әншісі бар ғой сол ауылдардың. Орталарына алып шығып, тілін тауып әңгімесін айтуға жетелейтіндер аз, бірақ. Атам қазақтың «ауылдағының аузы сасық...» деген мәтелі айтылған заманынан бері әлі күнге ескірмей келе жатқаны, әрине, олардың емес, оқыған-тоқыған біздің кінәміз шығар мүмкін.
Шаршағандар ауылға тартып тұратын себебі не екен осы?