Фото: istockphoto.com
2023-2025 жылдар аралығында жоба аясында 460 мыңнан астам оқушы орнына арналған 217 мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептердегі орын тапшылығын азайтуға, қолданыстағы білім беру ұйымдарындағы жүктемені төмендетуге және оқушылар үшін заманауи жағдай жасауға мүмкіндік берді. 2026 жылдың мамыр айындағы мәліметке сәйкес, жаңа мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, шамамен 16 мың педагог жұмыс істеп жатыр.
217 мектептің 84-і ауылдық жерлерде салынған, бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға ықпал етеді. Жаңа білім беру нысандарының аумағы стандартты ғимараттармен салыстырғанда 15-20 пайызға үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары.
Сонымен қатар жаңа мектептерге кадрлық резерв қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы 18 өңірдегі 19 педагогикалық жоғары оқу орнымен бірлесіп жас мамандарды іріктеу және сүйемелдеу жұмыстарын атқарып жатыр. Байқауға орташа GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары 2 мыңнан астам үміткер қатысқан.
Жобада балалардың қауіпсіздігіне, инклюзивті орта қалыптастыруға және тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлінген. Мектептер бейнебақылау жүйелерімен, жедел басқару орталықтарына қосылған қауіпсіздік тетіктерімен, дабыл түймелерімен, автоматты есік бұғаттау жүйелерімен және лицензияланған күзетпен жабдықталған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы кабинеттер мен кедергісіз орта жасалып, психолог, логопед және дефектолог мамандары қызмет көрсетеді. Тәрбие жұмысы «Адал азамат» қағидаты негізінде жүргізіледі.
Еске сала кетейік, жуырда «Келешек мектептері» оқушылары арасында футзалдан республикалық турнир өткен болатын.