(Жалғасы.
Басы 62, 70, 76-нөмірлерде)
16.05.2013
Ауылды ойлансаң әрнеңе есіңе түседі. Азғантай ауылдың әр отбасының өзіндік бір ерекшелігі болатын. Соның бірі – етене жақын ағамыз Кенжетайдың әулеті. Өзі аурушаң болды, ерте кетті дүние-
ден. Жеңгеміз Жібек – Қоңырдың қызы, ұзын бойлы, қатқан қара еді. Қайратты, ақынжанды кісі еді. Арқасы болатын. Ілгеріде ауылға бақсы келеді, қобыз шалады, зікір салады. Қобыз шала бастағаннан жұрттың бәрі Жібекке қарайтын. Қобыздың үні бойына тараған сайын Жібек керіліп-созылып, иығын жазып, әупілдеп, ерекше күйге енетін. Бүгіндегі транс дейтініміз сол болу керек. Түрі де бір түрлі еді. Ақын еді. Табан астында суырып салып, төңіректі күлдіріп отыратын. Өлеңдетіп сынауға да шебер еді. Әңгімешіл болатын. Жұпыны, құбатөбел тұрмыс кешті. Балалары да өзі секілді қу тілді болды. Үлкені Махмұт ағамыз әнші еді. «Қыз Жібекті» түгел бір өзі айтып шығатын. «Юран-ай» дейтін әнді мен алғаш сол кісіден естідім. Одан кейінгісі – Тұрар менен үш жастай кіші еді. Адамның мұндай жүйрік, желаяғын көрген емеспін. Жүйрік еді. Бүгіндері ойласам олимпиада чемпионы болатын еді. Онан кейінгісі – Тұрлыбек. Жұрт оны Ләбек деп атап кетті. Кенжесі Оңал дейтін қыз еді, бейшара мешел болатын. Екі қолымен жер тіреп, ескекті қайықшыдай итеріп, құйрығымен жүретін. Бүгінде бұлардың ешқайсысы да жоқ. Тұрарды өзім оқыттым. ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірді. Ләбегі ұста еді. Ауылдағылардың әжетін сол ашып жүретін. Пышақ, балта, күрек, айыр, шаппа-шот, арба – бәрін де жасай беретін. Қорабайдың Жолдасы дейтін ағамыздан кейінгі дүкен ұстаған ұста осы Ләбек еді. Құлағы ауырлау болатын.
Олардың Рәзия дейтін шешесі болатын. Оның кім екенін білмеймін, өз әулеті де, жұрттың бәрі де Рәзия деп атын атайтын. Жынданып кеткен кісі еді. Ешкімге зияны жоқ. Өзімен-өзі күбірлеп сөйлесіп жүретін. Аласа бойлы, мұрын ортасы батыңқы, пұшық қара кемпір болатын. Жүріп келе жатып, біреумен сөйлескендей, кәдімгідей күлетін. Құдайдың құдыреті де, перзентсіз өтті, бейшара. Мен елден оқу іздеп ерте кеттім. Қашан, қалай өлгенін де білмеймін байғұстың.
Жібек жеңгеміздің отбасы ылғи күлкі болатын. Бала кезім. Күз. Бір күні таңертең үйлеріне келсем, бәрі пештің түбінде жұмбақ айтысып отыр екен. Мен кіргенде жұмбақ айту Махмұт ағамыздың кезегі екен:
– Қаралау келген қатыңқы, мұрын ортасы батыңқы – ол кім? – деді.
Ләбек бірден:
– Ол – Рәзия, – деді.
Махмұт:
– Қара есегі жауырлау, оң құлағы
ауырлау – ол кім? – деді.
– Ол мен, – деп, мұның да жауабын Ләбек берді.
Жұмбақ осылай жалғаса берді. Елге белгілі осындай әңгімелері көп болатын.
Жібек жеңгем 103 жасады. Мен алпысқа толғанда 1997 жылы ұзақ әңгіме айтты. Үйіне барып сәлем бергенде, төсекте шүйкедей боп жатыр екен. Арыстандай ақырып жүрген, бойы сырықтай қайран жеңгем-ай, бүгінде үкінің балапанындай болып қалыпсың-ау дедім. Қолымды ұзақ ұстап отырып:
– Шырағым, шырағым, шырағым. Қайнағаның, жеңешемнің көзі, халқымның сөзі, би атасының өзі, бұрынғының бәрі кетіп, қазан болып жатысымыз мынау, бәрін де естіп жатамын, елдің абыройлы азаматтарының санатындасың, аман бол, шырағым, – деп батасын берді.
Мен алпысқа толғандағы Жібектің әңгімесі таспаға жазылып алынды. Менің архивімде.
Қорықтың баласы Нұртаза дейтін ағамыз болды. Сартай, Елемес дейтін ұлдары, Айнаш, Теңгеш дейтін қыздары болды. Сартай 1922 жылғы, менің үлкен ағам Омартаймен құрдас еді. Елемесі ұмытпасам, 1925 жылы туған. Гармонь тартатын. Домбыра ұстағанын көрген емеспін. Кішкентай сандығы болатын. Етпеттеп жатып соның ішіндегі қиссалардан оқитын. Жұрт жиналып тыңдайтын. Тарихқа, әдебиетке деген менің ынта-ықыласымды оятқан сол Елемес жәкем. Үні де сондай жайлы болатын. Баяғы қисса, эпос, дастан мақамымен әдемі айтатын. Соның бір мақамын осыдан екі-үш жыл бұрын айтыскер ақын Еркебұланға үйретіп, диктофонына жаздырып едім. Бүгінде есіме түспей жүр.
«Алпамыс», «Қобыланды», «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек» эпос-дастандарын ең алғаш Елемес жәкемнің аузынан естіген едім. Әсерлі оқитыны соншама, тыңдап отырған жұрт кей тұстарда: «ой, қу дүние-ай», «жалған-ай десейші»,
«қайтсін енді» деп үн қосып, жарыса сөйлеп отыратын.
Бүгінде қисса оқитын да, ертегі, жұмбақ айтатын да адам жоқ.
Біздің үйді ауыл «үлкен үй» деуші еді. Темір бидің шаңырағы. Күнде тіреудің түбінде дастарқан жаюлы болатын. Бүкіл ауылдың әйелдері таңертең үйге келіп, үш рет сәлем қылып, тізе бүгіп, дастарқаннан дәм татып кетуші еді. Дастарқанның тіреудің түбіне жайылатыны – келіндер төрге шықпайды.
Молда Әбдірәсіл жәкем келгенде апам бәйек болып күтетін. Жәкем аруақтарға арнап заулатып құран оқитын. Өте беделді, қасиетті кісі еді. Апам кебісін қойып жататын. Бүгінде Әбдірәсілдей молданы көре алмай жүрмін. Олар Алланың жолындағы, иман үшін жүрген асылдар еді, бүгінгі молдалардың көбі тапқан-таянғаны, жиғаны үшін жүргендер сияқты. Олардың бойынан Әбдірәсіл жәкемнің бойындағыдай қасиетті көре алмаймын.
Менің туған ауылым – Батыс Түрік қағанатының өркен жайған бір аймағы. Бала кезімізде шомылып жүріп, Қапшағайдың жарларынан неше түрлі таңбаларды, кескіндерді, қырдан талай аңыртастарды көретінбіз. Мені түркологияға алып келген құдыреттердің бірі сол болу керек.
19.05.2013
Қазақтың көрнекті жазушысы Әкім Таразидың 80 жылдығына арналған Ұлттық өнер университетінің театр фа-
культеті ұйымдастырған шығармашылық кеш өтті.
Әкім Тарази – тойған қозыдай монтиған, жай басып, жай жүретін, ортаға сыйлы азамат. 1933 жылы қыркүйек айында Алматыда туады. Ата-анасы Әкімнің алты айлығында Шу стансасына көшіп, балалық шағы сонда өтеді. ҚазПИ-ді бітіреді. Көзін ашқаннан қолына қалам ұстайды. Газет-журналдарда ұзақ жылдар қызмет етеді. «Литературная газе-
таның» меншікті тілшісі де болады. Қазақстан кинематографистер одағын басқарады. Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқарады. Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Әкім әдебиетке ұйқысын қандырып келді. Иін қандырып жазатыны содан. Алпысыншы жылдардың басында әдебиетімізге біраз жас таланттар қосылды. Жаңа әдебиетімізді жасаушыларды халық жауы деген сылтаумен қырғаннан кейінгі солардың төлеуі болып әдебиетімізге: Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова секілді лек қосылды.
Әкім Тарази – осы топтың көрнектілерінің бірі. Әдебиеттің үш саласына бірдей қомақты үлес қосты. Ол – про-
заик, драматург, киносценарист. «Бұлтқа салған ұя», «Тасжарған», «Кен», «Жаза», «Шер», «Махаббат жыры», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай» романдары қазақ романын байытты. Романға бергісіз «Құйрықты жұлдыз», «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Көкжиек» секілді повестерді жазды. «Күлмейтін комедиясы», «Жақсы кісісі», «Жолы болғыш жігіті», «Қос боздағы» қазақ драматургиясының табысына айналды. «Тұлпардың ізі», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай» фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорына қосылды.
«Күлмейтін комедия» 1964 жылы қойылды. Сол жылы Әкім Әшімов Әкім Тарази аталды, оның болашақ жары, белгілі қазақ жазушысы Роза Мұқанова дүниеге келді.
Бүгінде екеуі де Өнер университетінде қызмет істейді. Алпамыс атты ұлын, Аружан атты қызын өсіріп жатыр.
Университеттегі кеште Әкімнің пьесаларынан үзінді қойылды, фильмдерінен фрагменттер көрсетілді. Арнаулар айтылды, ән салынды, күй тартылды. Жақсы кеш болды. Соңында мен де тілек айттым.
Кешкісін сол университеттің домбыра кафедрасы ұйымдастырған домбыра кеші өтті. Оған менің шақыруыммен Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Бәйгелді қатысты.
Қазақ күй өнерінің жеті мектебін түгел қамтыған кеш әсерге, тебіреніске толы болды.
Соңында маған сөз берді:
Домбыра. Қазақтың жаны, демеушісі мұңшысы, сырласы, қимасы, айырылмайтын мәңгілік жолдасы, сөйлейтін сөзі, айтатын ойы. Қазақтың жаны домбырасында. Қазақ пен домбыра егіз. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес. Қазақсыз – домбыра, домбырасыз қазақ жетім. Қобыз да дәл солай. Ол – қазақтың ойшылы, абызы, кемеңгері. Қазақтың бүкіл тарихы да, болмыс-бітімі де, арман-тілегі де осы екі асыл егізде – қобыз бен домбырада.
Мен аядай ауылда, сол домбыра қонған Ақтөбеде, Қоңыртөбенің түбінде, Қаратаудың баурайында тудым. Әйтпенбет, Сүгір, Шәмшілда, Мәді, Зиябек, Боранқұл, Төлегендерді тыңдап өстім. Кейде қолыма домбыра алып шертемін. Перзентімдей болған екі күйім – «Толғау» мен «Қосбасар» да сол қасиеттерден дарыған болса керек.
Шіркін, мұңға, тұңғиыққа, сезімге, ойға толы Қаратаудың ерекше шертпесіне, бүкіл жан дүниеңді баурайтын, ішіңді, санаңды түгел билеп алатын, қоңыр қаздың дауысындай Қазанғаптың күйлеріне жететін әуен бар ма екен?!
Қаратау шертпелерін, Қазанғап күйлерін тыңдаған сайын ылғи ерекше сезімдерге бөленіп, дүниеге қайта туғандай боласың. Бұлардан кейінгі менің қымбатым – Нұрғиса Тілендиев күйлері. Бүгінгі домбырашылардан ерекше бағалайтыным – Шәміл Әбілтаев, Секен Тұрысбеков, Жанғали Жүзбаев, Айгүл Үлкенбаева.
Бүгінгі домбыра кешінде осы өнердің өсіп келе жатқан жас перілерінің талантына тәнті болдық. Ұлттық өнер университетінің домбыра кафедрасы, оның меңгерушісі Жанғали Жүзбаев ұйымдастырған осы бір тамаша кеште қазақ күй өнерінің жеті мектебі түгел жарқырап көрінді. Еділ, Абылғазы, Жұмабек, Батырлан, Ақбота секілді домбырашылар бұл өнердің жыл өткен сайын жайдың жасынындай жарқырай беретінінің, қазақ халқымен бірге жасай беретіндігінің куәсі болды.
Домбырам, тастамаймын қайда
барсам,
Жаныма жүре алмаймын байламасам, –
деп Кенен атам айтқандай, домбыра – қазақты ешқашан шаршатпайтын тұлпар, бөлінбейтін бүтініміз, көктегі рухымыз, жердегі тірегіміз, ол – біздің жүрегіміз.
Тыңдаушысыз домбыра жетім. Тыңдаушысы бар домбыра қазақ барда ешқашан жетімсіремейді.
Өкініші, тек бұл жолы да ұлттың тарихымен, рухымен, өнерімен, қобызымен, домбырасымен ісі жоқ, билік орындағылардан ешбір пенде болмады. Олар қазақтан да, домбырадан да бөлінгелі көп болды.