Театр • 04 Мамыр, 2017

«Классикалық музыканың жаңа жұлдыздары жарқырады»

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

– дейді орыс фортепиано мектебін жаңғыртушы Денис Мацуев

«Классикалық музыканың жаңа жұлдыздары жарқырады»

Байқаудың ең кішкентай қатысушысы алты жасар Елисей Мысин (Ресей) мен Артур Михлин (Қазақстан) «Қазақстан үміті» марапатына лайық деп танылды. Симфониялық оркестрмен өнер көрсетіп үйренген Елисей Астана сахнасын жатырқамады. Салтанатты марапаттау кешінде норвег композиторы Эдуард Григтің «I Dovregubbens Hall» «Тау королінің үңгі­рінде» композициясын орындап, сахнамен қош­тасқысы келмей, көп­шілікті бір күлдірді. Ре­сейдің Ставрополь қала­сы­нан келген Елисей – бү­­­кілресейлік және ха­лық­­аралық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпазы. 

– Төбесінде үлкен ша­ры бар алып баған (сірә «Бәй­терек» болса керек) маған қатты ұнады. Мұнда барлығы жап-жаңа екен. Мен Астанаға тағы да қы­дырып келгім келеді, – дейді алты жасар балақай.

Бәйгеде бақ сынаған 18 жасқа дейінгі – бастауыш, орта және  жоғары музыкалық білім мекеме­лерінде оқитын жас пиа­нистерге байқау шарты бо­йынша қазақстандық ком­­позиторлардың шы­ғар­­масын орындау мін­дет­телген болатын. Осы тұр­ғыда Қазақстан композиторы Н.Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңыз» атты туындысын фортепианода үздік орындағаны үшін Петр Акуловқа (Ре­сей) арнаулы сыйлық тапсырылды. Он жасар талапкер өткен А.Бакулов атындағы II Бүкілресейлік жас пианистер байқауының  I сыйлық иегері. Жалпы, жа­рысқа қатысып жатқан жүлдегерлердің қай-қайсысы да осал емес.

Салтанатты жиында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы көпшілікті фес­тивальдың сәтті аяқта­луымен құттықтады.

– Әлемнің отызға тар­та елінен қатысқан 130-ға жуық баланың әрқай­сысы іріктеу турын­да қа­зақ­стандық компози­тор­лардың шығармаларын орындады. Өз елінің інжу-мар­жандары саналатын жас музыканттардың арқасында ұлтымыздың композиторлары әлемге таныла түсті, – деді министр.

Бір аптаға созылған му­зыкалық байқауда үміт­керлер тамаша өнер көр­сетіп, болашақтарынан үл­кен үміт күтуге бола­тын­ды­ғын дәлелдеді. Жас ерек­шеліктеріне қарай бө­лінген үш топтың үздік­теріне сый­лықтар табыс етілді.

Әлемнің түкпір-түк­пірін­дегі таланттарға қол­­дау білдіру, халық­аралық шығармашылық байланыс­тарды кеңейту мақсатында жас пианис­тердің халық­аралық бай­қауы Астанада 2013 жыл­дан бері өткізіліп келеді. Жобаның көркем­дік же­текшісі – орыс фортепиано мектебін жаңғырту жолында жаңашылдығы мен көркемдік талдаула­рымен ерекшеленетін Де­нис Мацуев. Талантты пиа­нистің бірнеше жылдық гас­трольдік кестесі алдын ала құрылады. Ол бір айда әлемнің жиырмадан астам елінде концерт береді, солардың қа­тарында Аста­на да бар.

– Фестивальдың фантас­тикаға толы әсерін сөзбен айтып жеткізу қиын. Бізбен бірге болған баршаңызға алғысым шексіз. Астана біздің конкурсымыздың ажы­рамас бір бөлігіне айналды. Бүгін Астанада клас­сикалық музыка өне­рінің жаңа жұлдыздары дүниеге келді деп сенімді түрде айта аламын, – деп қатысушылар мен кө­рермен қауымға жылы ле­бізін арнады әлемге әйгілі му­зыкант.


Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»


Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар