Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

«Алтын микрофон» таланттарды таңдады

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл халықаралық байқау Қостанайда осымен 15-ші рет өткізіліп отыр. Оған биыл 9 бен 21 жас аралығындағы 54 жас талап Қазақстанның облыстарынан, Ресейден қатысты.

«Алтын микрофон»  таланттарды таңдады

Байқауға белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев басшылық жасап, өзге де елдердің белгілі өнер адамдары енген беделді қазылар алқасы төрелік етеді. Оның қатысушыларға талабы да жоғары. Қазылар өнерге талпынған балалардың вокалдық қабілетін, сахнада өзін ұстауын, репертуар байлығын – бәрі-бәрін сүзгіден өткізеді. Үш күн бойы әншілерді тыңдаған қазылар алқасы жиырмаға жуық дарындарды іріктеді. Байқаудың соңғы күні оларды марапаттап, жүлдегерлер Гала-концерт берді. 

– Қазақстан ән өнерінің келе­шегі үшін осы байқаудың маңызы зор деп білемін. Біз таланттарды балапан кезінен байқап, оларды қанаттандырамыз, – деді қазылар алқасының төрағасы Кеңес Дүйсекеев.

Бұл жолы байқаудың бас жүлдесі Қостанай облысының өзінде қалды. Қазылар алқасы­ның қатаң сынынан өткен Бекболат Жазықбаев бас жүл­деге лайық деп табылды. Ол байқауға Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылындағы мектептен қатысты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов оған байқаудың Гран-При жүлдесін және 300 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

– «Алтын микрофон» байқауы талантты әншілердің ұстаханасы сияқты. Жас таланттардың барлығы бірдей жүлде алмаса да, осы бәйгеге қатысқанының өзі оларға қанат бітіреді. Байқаудың бұрынғы жүлдегерлері арасында қазір елімізге, одан сырт жерлерге де танымал өнер иелері аз емес. Олардың қатарында қостанайлық таланттар да бар екенін мақтаныш тұтамыз, – деді Архимед Бегежанұлы.

Он бес жылда «Алтын микрофон» халықаралық ән байқауына 700-ден аса балапан әнші қатысыпты. Олар тек Қазақстаннан ғана емес, алыс және жақын шет елдерден келді. Гала-концертте жүлдегер болған жас әншілердің өнері көрермендерді қуанышқа бөледі.


Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»


ҚОСТАНАЙ

Суретті түсірген

Николай СТАДНИЧЕНКО


Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 10:00

Рухани тәрбие мектебі

Аймақтар • Бүгін, 09:55

«Ауыл аманатының» шапағаты

Қоғам • Бүгін, 09:50

Қарап тұрсам, дүние... Эссе

Таным • Бүгін, 09:45