– Мәдіғали аға, Айдар Бекжановтың құрамадан кеткенін естіп жатырмыз. Спортшының айтуынша, бұған басшылардың оның нәтижесіне көңілі толмауы себеп. Осыған байланысты сіздің пікіріңізді естісек...
– Маусым басталғалы оның белі, аяғы ауырып жүрді. Олимпиадаға дайындалуға да оның шамасы келмей тұр. Сондықтан командаға ала алмадық. Бәсеке жоғары, жастар арасында өз кезегін күтіп тұрғандары бар. Бастапқыда айтқанмын: «кім тиісті межеге жете алмаса, сол орнын босатады» деп. Өкше басып келе жатқан дарындарға да кезек беріп, солардың мүмкіндігін тексеру керек.
– Айдардың орнын басуы мүмкін деген спортшылардан кімдерді атай аласыз?
– Қазірдің өзінде 5-6 бала бар «Голландия құрамасымен дайындыққа қашан барамыз» деп асығып жүрген. Мысалы, Мирсаид Жақсыбаевты айтуға болады. Одан бөлек 2022 жылғы Олимпиада ойындарына қатысады деген мақсатпен тағы екі жасты қостық – Еркебұлан Шамұханов пен Галиахметов Әділ. Төртеуі кетті. Қазір Нидерланд құрамасымен бірге велосипед жаттығуларын жүргізіп жатыр. Қалғандарын мен мамырдың басында алып кетемін.
– Өткенде бір сөзіңізде шорт-трек мамандарының аздығын алға тартып едіңіз. Айдардың осы салада бағын сынауына мүмкіндік беруге болушы ма еді?
– Ол бапкер боламын деп ешқашан айтқан емес. Аслан Дауымов қыздар құрамасымен бірге Оңтүстік Кореяға дайындыққа кетеді. Ал Азамат Сұлтанәлиев Голландияға барады. Аслан спорттық карьерасымен қош айтысқалы көмекші ретінде қасыма алдым, Азаматтың да Астанаға келіп жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жыл болды. Бапкер ретінде бәрін басынан бастауы керек. Ал жас мамандардың айлығы тым аз. Күн көру қиын. Оған келіспейді де. Ал әлгі жігіттер спортшы болып жүргенде-ақ бапкер ретінде жұмыс істеу туралы ойларын айтқан.
– Бекжанов бұған дейін де спорттан кетіп, қайта оралыпты. Тағы да солай болуы мүмкін бе?
– Жоқ. Осыған дейін мүмкіндік бердік. Ал қазір жасы келді. Уақыт деген бір орында тұрмайды. Денсаулығы жиі сыр береді. Корей маманы келгенде де жаттығуына көңілі толмады. Тіпті, «ол кетпесе мен жұмыс істемеймін» деп шарт қойды. Сондықтан Айдарды құрамадан шеттеттік. Нидерланд еліне барғанда да ауыртпалыққа шыдай алмады. Ол жақтағы мамандар «денсаулығы жоқ болса, қаржыны басқа спортшыға жұмсау қажет, бұл жігітті де қинамаңыздар» деді. Голландиядағы ауыртпалық сұмдық. Олар кішкентай кезінен велосипедпен кәдімге спортшылар секілді зулайды. Оған біздікілердің мұршасы жетпейді. Біздің қыздарға бұл жаттығу мүлде тура келмейді. Оларды Оңтүстік Кореяға жіберіп жатқанымыз да сондықтан. Егер Нидерландға апарсақ, оқу-жаттығу жиыны басталысымен-ақ дәрігердің алдынан шығатыны анық. Жүрек, буын, аяқ-қол деген шыдамайды. Далаға ақша шашу болатыны анық. Ал ерлер құрамасын біртіндеп бейімдеп жатырмыз. Соның арқасында қаншама медаль алдық, бірнеше жарыстарда кей қашықтықтарда нидерландықтардың өзін басып оздық. Бұл еңбектің нәтижесі. Ал Айдарға мұндай жаттығу ауыр соқты.
– Оның сіздермен, әріптестерімен қарым-қатынасы қалай?
– Өсектің бәріне мән бере берудің қажеті жоқ. Әр балаға құлақ асып, соның сөзіне ере берсең, командалық жұмыс деген құрдымға кетеді. Оның бәрін қайтесіз. Құрамада кімнің қашан, қалай өнер көрсететініне мен жауаптымын, шешімді де қабылдайтын менмін. Оның нәтижелері шынымен де көңілден шықпады. Шамасы жетпейді, әрі қарай қинай бергеннен не шығады.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист