Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

БҰҰ штаб-пәтерінде тиімді мемлекеттік басқару қағидаттары талқыланды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

​Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов БҰҰ мемлекеттік басқару бойынша Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің мемлекеттік басқару бойынша сарапшыларының 16-шы сессиясына қатысты.

БҰҰ штаб-пәтерінде тиімді мемлекеттік басқару қағидаттары талқыланды

Сессия Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі мемлекеттік басқару рөліне арналды. Сессия барысында әлемнің жетекші сарапшылары институционалды көшбасшылықты дамыту жолдары мен тиімді басқару қағидаттарын талқылады. Сонымен бірге Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру және жергілікті билік органдарына қолдау көрсету мәселелерін қарастырды.

Әлихан Байменов өз сөзінде «тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жолында тиімді мемлекеттік басқару, әріптестік және инклюзивтік ұғымдарының біріктіруші факторлары - құрмет пен түсіністік. Ең алдымен, бұл – азаматтардың құқығы пен абыройын, мүддесі мен мүмкіндіктерін құрметтеу әрі түсіну», - деді.

Сессия барысында тұрақты даму мақсаттарына жету үшін тиімді жұмыс істейтін, жеткілікті қаржылай және адами ресурстарға ие мемлекеттік мекемелер түріндегі елеулі әлеует қажет етілетіндігі айтылды. Қатысушылар тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда мемекеттік мекемелердің аймақтық және аймақаралық әріптестігінің маңыздылығын атап өтті.

Сарапшылар Комитеті сессия қорытындысы бойынша мемлекеттерге тұрақты даму мақсаттарына жетуде мемлекеттік басқаруды жақсартуға қатысты өз кеңестерін даярлады. 

Сапар ауқымында Әлихан Байменов БҰҰ Бас хатшысының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы бойынша Уәкілі Хорхе Чедиек және ЭЫДҰ мемлекеттік басқару мен аумақтық даму бойынша департамент директоры Рольф Альтермен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты дамыту және ортақ бастамаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.


Соңғы жаңалықтар