Медицина • 04 Мамыр, 2017

Ұлттық комиссия мүшесі соғыс ардагерін құттықтады

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Бүгін ҚР Президентi жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшелері Астанадағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерін аралады. Ұлттық комиссия мүшесі, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, генерал Сәуле Айтпаева Ұлы Отан соғысының ардагері Рауза Ширванованың хал-жағдайын біліп, алдағы мерекемен құттықтады.

Ұлттық комиссия мүшесі соғыс ардагерін құттықтады

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның, жалпы, еліміздегі әйелдер қауымының атынан ардагерге алғыс айтып, ізгі тілектерін жеткізген ол арнайы алып келген сыйлықтарын тарту етті. 

Ардақты ардагер бүгінде 95 жаста. Жалғыз қызынан екі немере, екі шөбере көріп отыр.

Ширванова Рауза Ахметовна 1922 жылы 25 тамызда Семей қаласында туған. 1939 жылы орта мектептің 7 сыныбын бітіріп, Семей қаржы-экономикалық техникумына оқуға түседі. Отбасылық жағдайына байланысты 2-курста оқуын тастауға мәжбүр болған. Кейін зертханашы-технологтар курсын бітіріп шығып, 1941 жылдың сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысына жіберіледі. Петропавл қаласында 1942 жылғы ақпанға дейін зертханашы қызметін атқарып, Семейге оралады.

1942 жылғы мамырда Совет Армиясының қатарына шақырылады. 1942 жылдың мамыр айынан 1944 жылдың қыркүйегіне дейін 136-жеке байланыс ротасында телеграф маманы болып борышын өтеген. Кейін Чита қаласындағы Байкал сырты әскери округінің штабына ауыстырылады. Ол жерде 1945 жылдың қарашасына дейін телеграф маманы болып қызмет атқарған. Морзе телеграф аппараттарының маманы 1945 жылы 2 желтоқсанда сержант дәрежесінде елге қайтарылды.

1946 жылы Семей қаласында Мемлекеттік еңбек жинақ кассалары және Мемлекеттік несие басқармасына жұмысқа орналасады. Ол жерден Алматыдағы бас бухгалтерлер курсына жолдама алады. Курсты тәмамдаған соң, 1946 жылы Семей облысы Новопокровка ауданындағы №7105 жинақ кассасына бас бухгалтер болып барады. Ол жерде 1954 жылдың қыркүйегіне дейін қызмет атқарған.

1948 жылы тұрмыс құрған. Күйеуі – Ширванов Рустем Абдулович Украина фронтында минометшілер тобының командирі болған.

Күйеуінің жұмыспен жиі ауыстырылуына орай Рауза Ширванова әр жылдары Қазақстанның бірнеше өңірінде қызмет еткен. Семей облысы Көкпекті ауданы (1955-1957 жж.), Алматы қаласы (1955-1961 жж.), Целиноград облысы Есіл ауданы (1963-1968 жж.).

1970-1980 жылдары ол Целиноград қаласында «Қайрат» ерікті спорт қоғамының бас бухгалтері қызметін атқарған. Жалпы еңбек өтілі 36 жыл 8 ай.

Ұлы Отан соғысының 2 дәрежелі орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Еңбек Ері» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ 7 мерейтойлық медальдің иесі. И.В. Сталиннің алғыс хатын, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың құрмет грамотасын және қалалық Ардагерлер кеңесінің құрмет грамотасын алған.

Айдар ӨРІСБАЕВ,
Фото: Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар