Үкімет • 05 Мамыр, 2017

Ықпалдастықты арттыруға әлеует зор

121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

3 мамырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түрікменстанда болды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Ықпалдастықты арттыруға әлеует зор

Сапар барысында А.Мамин Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедовпен кездесіп, Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі 9-шы Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының отырысына қатысты.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин үкіметаралық комиссия отыры­сының ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге елеулі серпін берген Түрік­менстан Президентінің 18-19 сәуірдегі Қазақ­станға мемлекеттік сапарынан кейін іле-шала өтіп отырғанын атап өтті.

Тараптар көлік инфрақұрылымы мен ортақ шекараны ескергенде екі ел арасында өзара тиімді ықпалдастықты жолға қою үшін үлкен әлеуеттің бар екенін айта отырып, екіжақты сауданы айтарлықтай өсіру үшін күш-жігерді шоғырландыру қажет екенін атап көрсетті.

2016 жылы сыртқы сауда айналымы 2015 жылмен салыстырғанда 59 пайызға артып, 283,5 млн АҚШ долларын құрады.

Тараптар Түрікменстан Президентінің Қазақ­станға мемлекеттік сапары шеңберін­дегі жоғары деңгейде қол жеткізілген уағда­лас­­тық­тарды жүзеге асыру бойынша, соның ішін­де орта мерзімді перспективада тауар ай­на­­­лы­­мын 1 млрд АҚШ долларына дейін жет­кізу­­де екі­жақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедов өз елінің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді қатысуға ниетті екенін білдірді.

Сол күні Ашғабадта Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Маминнің және Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Б.Аннамередовтің төрағалығымен Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан үкімет­аралық комиссиясының 9-шы отырысы өтті.

Оған қатысушылар бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысын талқылап, ынтымақтастықтың, отын-энергетика секторын, көлік-коммуникация саласын, ауыл шаруашылығын, қоршаған ортаны қорғау, білім беру мен мәдениетті қоса алғанда, басым бағыттарын дамыту бойынша нақты шаралар белгіледі.

Отырыста қазіргі бар келісімшарттық-құқықтық базаны жетілдіру, сауда-экономи­калық байланыстарды ұлғайту, экспорт­тық-импорттық операциялар көлемін арттыру, жеткізілетін тауарлар мен көрсетілетін қызмет­тердің номенклатурасы мен көлемдерін кеңейту есебінен экономикалық ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді.

Қазақстандық компаниялардың Ашғабад – Ауған­стан шекарасы жолы учаскесінің құры­лы­сына қатысуы, 243 шақырымға созы­латын Тур­менабат -Мары темір жолының учас­ке­сін жаң­ғыртуға, сондай-ақ, Фарап қала­сын­дағы рельс дәнекерлеу кәсіпорны мен Сердар қала­сын­­дағы вагон жөндеу зауытын жаң­ғыртуға қаты­суы туралы алдын ала уағда­лас­тықтарға қол жеткізілді.

Оның сыртында тараптар Түрікменстан үшін ғарыш аппараттары құрылысының жобасын және ғарыш саласындағы маман­дарды оқыту, Маңғыстау облысы мен Бал­кан уәлаятында шекаралық сауда аймағын құру, Аралды халықаралық құтқару қоры шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Соңғы жаңалықтар