Парламент депутаттары дәрімен қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін және осы саладағы проблемаларды шешу жолдарын талқыламақ.
Парламенттік тыңдауға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысады деп күтілуде.
Шарада Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың, сондай-ақ дәрілік саясат саласындағы халықаралық сарапшы Франс Стоббелаардың (Нидерланд) тақырыптық баяндамалары тыңдалатын болады.
Сонымен бірге, тыңдауды дайындау жөніндегі арнайы уақытша комиссияның жетекшісі, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев баяндама жасайды.
Парламенттік тыңдауға, сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ірі фармацевтикалық кәсіпорындардың басшылары мен шетелдік сарапшылар, медицина қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Тыңдау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар әзірленеді.