– Жанат Орынбайұлы, қаламгердің ой-толғауы қызыл сөздің қынабына ылғи да сығыла сыйып кете қоюы қиын. Жазушы қауымға сырт көз көбіне «кірпияз, күй таңдағыш, әркімнің өзіне ғана тән жазу машығы бар» деп баға беріп жатады... Ал шабытыңыз келген сәтте өзіңіз қалай жазасыз?
– Бабына келмей іс басталмайды... Сөз балқытып, шер толқытқан кісінің қиял-пырағын қомдап, құлашын кең сермеп жорғалатуы, баптануы, шаттануы қилы-қилы-ақ. Әйгілі америкалық жазушы Эрнест Хемингуэй өз бойына лайықтап арнайы жасатып алған үстелде түрегеп тұрып жазған. Ал татардың мықты ақыны Мұса Жәлел отты жырларын фашизмнің тас қапас түрмесінде жатып-ақ, тасқын селдей төгіп-төгіп тастағаны тарихтан мәлім. Өзіміздің төл әдебиетіміздегі қаламгерлердің арасында да жазу сәтіндегі қайталанбас қырларымен дараланатын тұлғалар аз емес. Сірә, күміс қанат шағала шабытты шалқар биікке самғатудың, бап күйттеудің әсері мен аңсары сәйгүліктің аламан бәйгенің алдында делебесі қозып, дес бермейтін құйын-күйіне ұқсап кетсе керек-ті. Айтулы қаламгер Ғабит Мүсірепов өз қолымен мұнтаздай етіп ұшталған оншақты қарындашты алма-кезек ауыстырып отырып жазады екен. Сұңғыла суреткер Мұхтар Мағауин белгілі шығармаларын баяғыда антикварға айналған №11 оқушы қаламұшын сия сауытқа малып жазғанын біреу білсе, көбіміз біле бермеуіміз мүмкін-ау. Марқұм Дүкенбай Досжанның жазу машығы мүлде қызық. Ол өзінің көркем туындыларын кілемнің үстіне етбетінен жата қалып, бұрқыратып төпелеп, төге берген. Сондай-ақ, кейбір жазушылар тек түн баласымен ғана сырласып, ақ қағазға ой-тұнығын қою қараңғылық құшағында көсіле отырып түсіруді сүйген. Ал мен өз дүниелеріме жұмыстан қолым қалт еткенде, сенбі-жексенбі күндері, көбіне еңбек демалыстарында көңіл бөлдім.
– Жазушы Жанат Елшібекті әуелі жұртқа танытқан республикалық басылымдарда жарық көрген мақалалары емес пе еді?
– Иә, журналист пен жазушының өмірі көпшіліктің көз алдында өтетіні рас. Күнделікті немен шұғылданып, нені қаузай жазып жүргеніңді қалт жібермей қадағалап отыратын олардан сырыңды ешқашан жасырып қала алмайсыз. Қолына түскен басылымдағы дүниелеріңді оқып сұрыптайды да жүрегінің түбіндегі аңсарлы сезіммен үндесе алатын дүние ұсынсаң ғана жазғандарыңды жайдары қабылдап, өздері-ақ іздеп тауып оқитын оқырман көбейеді. Әлеуметпен сондай алыс-беріс орнатқан кісі қашанда сол сенім-сертке селкеу түсірмеуге жатпай-тұрмай тер төгеді... Ашығы айтылмаса, алқымыңда ақиқат тұншығады, ал бұл тұрғыда журналистиканың қадір-қасиетін көтеру үшін қазір оған жаңаша көзқараспен қарау керек деп есептеймін. Шіркін-ай, сонау 60-жылдары, тіпті бертіндегі 80-жылдардың өзінде романтиканы сүйетін жастар ғана жан-жақтан журналист болуды армандап Алматыға ат басын бұратын.
Менің жастық шағымның сол кезеңмен тұспа-тұс келгеніне қуанамын. Журналистері емін-еркін жорғалата жазатын «Лениншіл жас» газетінің қабырғасында он жылға жуық табан аудармай жұмыс істедім. Оқу бітірмей тұрғанымда шығармашылық ортаға қабылдаған тұңғыш редакторым – қазақтың қара сөзіне дес бермеген Шерхан Мұртаза ағаның кәсіби мектебінен өтудің өзі бақыт емес пе? Балапан қанаттардың нағыз бапкері атанған Сейдахмет Бердіқұловтың сырбаздық сырына толы дүниелеріне мектепте оқып жүрген шағымнан қанық болғандықтан, ол кісіні өзімнің тырнақалды туындыларымның ұстазы ретінде жоғары бағаладым. Жиырма жылдан соң Шер-ағамызбен «СҚ»-да («Егемен Қазақстан») қайта табыстырған тағдырыма мың да бір шүкір. Ал қатарынан үш жыл бойы «құда» түсе жүріп «Егемен Қазақстанға» қызметке қабылдаған Сапар Байжанов ағамыздың кәсіби шеберлікті шыңдаудағы машық-мақамы мүлде бөлек өнеге-тін.
– Күнделікті газеттің қара жұмысымен айналысып жүргенде жазушы шығармашылықтан қол үзіп қалады деген пікірді жиі естиміз. Ал сіз осыншама мол дүниені қай уақытта жүріп жазып үлгергенсіз?
– Баяғыда «Лениншіл жас» газетінде Оралхан Бөкей мен Марат Қабанбайлардың: «Нағыз жазушы болуды армандайтындар ұзақ уақыт босқа газетте отырып қалмауы керек» деп айтқанына қазір ойланып мән берсек, қаламгерлердің бұл қағиданы қайта-қайта елжірей еске салып отыруларында үлкен гәп бар екен. Қайсыбір қаламгердің болсын бүкіл ғұмырын газеттің қара жұмысы жеп қоятыны, таптаурын тіршілікке бой алдыртатыны рас-ау. Таза әдеби тіл мен газеттік тілді салыстыруға бола ма? Жоқ-ә, әрине. Сондай ішкі қайшылықтарға қарамастан, ой сарынын шаң-тозаңға ұрындырмайтын, Сөз-Ананың ақ сүтіне адалдар қай шығарманы қолға аларда да әркез мәйін тілдің мәресіне жете жығылуға тырысып бақты. Академик Зейнолла Қабдолов ағамыздың: «Әдебиет – ардың ісі» қағидасын қалтарыста қалдырмады. Мәселе көп, аз жазғанда емес, әңгіме аз болса да айтқаның аяқсыз қалмай, алтынға бағаланып, арманға қанат қақтырса, кеудеге үміт жақтырса, сөз сөлінің құдіреті дегеніңіз міне, сол емес пе?
Әдебиеттің ауыр арбасын мен қалай сүйредім, қай тұста тарықтым, қай құзда жабықтым, мұның бүкіл қыр-сыры жазбаларымның тамырындағы бүлкілден білінеді. Тіпті, әдеби сынның өзі шығарманы толықтай зерттеп, талдап тастайды деу қиын. Ол тек туындының көркемдігіне, оқиғаның баяндалуына бойлап, болжамды борышын ақтап шығар-ау, бірақ жазушының соны жазып отырғандағы жүрек қағысын, әрекетті бағысын, уақыттың ағысын айна-қатесіз ашып береді деу қиын. Өйткені, туындыны барлық адамның бірдей қабылдауы шарт емес...
– Осы аралықта қанша кітабыңыз жарық көрді?
– Газеттің күнделікті қарбалас шаруасын атқара жүргенде дүниеге келген рухани сандығымыздың түбіндегі «Студенттік меридиандар», «Сен білесің бе?», «Алтын ұя», «Атамекен», «Қарлығаш», «Жоғалған теңіз», «Зерек», «Шағалалар жылай ма осы?», «Мың бір қызық», «Қош бол, теңіз», «Таным», «Уақыт – сынап», «Тағдыр желі», «Сырлы әлем», «Түсімде көрген кітап», т.б. публицистикалық, танымдық, көркем-әдеби кітаптарды қосқанда, оқырманға олжа жетерлік.
– Сіздің сөзжұмбақтарыңызды шешу энциклопедиялық білімі бар адамның ғана қолынан келеді. Мұнымен қазір де айналысасыз ба? Осы кейінгі ұрпақ «Чайнворд», «Ребус», «Сканворд» сынды өнер түрлерін біле ме екен?
– Осы уақытқа дейінгі кроссвордтарымды санасам 2000-нан асып жығылады. Түрлері жиырма шақты. Олар криптограмма, анаграмма, пиктограмма, шарада, стрелкограмма, сөзтізбек, метаграмма сияқты кісінің психологиялық, логикалық ойлау қабілеті мен сана-сезімін ширататын, шыңдайтын ой-жұмбақтардан тұрады... Біріншіден, адам өзінің біліктілік деңгейін айқындауға, екіншіден, табандылық пен төзімділікке баулып, мидың бұлшық еттерінің буылып қалмауына қажет құрал. Ұзақ жолға сапарлап шыға қалсаңыз көліктерде, вокзалдарда әлі де кроссворд, сканворд жарияланған газеттерге шұқшиған жолаушыларды кезіктіресіз. Демек, халыққа керек.
Рас, қазіргі электрониканың күрт дамыған дәуірінде бәрі баяғы күйінде өзгермей қала береді деу қиын. Екіні екіге көбейткенде қанша болатынын білу үшін ұялы телефонның көмегіне жүгінуге мәжбүр қазіргі ұрпақтың бос уақытын әлеуметтік желі ұрлап жатыр. Дүние жүзінің ғалымдары адамзатқа мұнан келетін сұмдық қауіп-қатерді ескертіп дабыл қағуда-ақ. Уоррен Баффетке ақылды болу үшін не істеу керек деп сұрақ қойғанда, Баффет: «Күніне 500 бет кітап оқу керек», –деген екен. 500 болмаса да жас жеткіншекке күніне бес бет кітап оқыта алып жүрміз бе? Сол шетеліңізде танымдық кітаптар сериялап шығатын көрінеді. Сонау бір жылдарда «Сен білесің бе?», «Зерек», «Мың бір қызық», «Таным» тәрізді тәрбиелік мәні зор кітаптар мектептің негізгі оқулықтарына қосымша әдебиеттер ретінде пайдаланылатын. Өкінішке қарай, сондағы танымдық дүниелерге ол жақтан селт еткен жан табылмағандықтан, кейін ақыры аяқсыз қалды. Өкінішті, әрине... Танымдық жинақтарымды мектеп оқушыларының талай рет табандарынан тозып іздегенін білемін. Дегенмен де, КСРО-дағы тұңғыш алып сөзжұмбақты құрастырушы, Қазақстандағы ең үлкен сканвордтың авторы ретінде бұларды жәй хобби үшін жасағаным жоқ, өмірімнің бөлшегі, өнерім деп бағаладым.
– Көптеген белгілі тұлғалармен, қаламгерлермен сырлас, қызметтес болдыңыз. Сіздің елеулі оқиғаларды қойын дәптеріңізге түртіп жүретініңізді, әріптестеріңіздің сондай тамаша сәттерін шетінен шығармашылығыңызға арқау еткеніңізді білеміз. Жалпы, күнделік жазуыңыздың себебі неде?
– Қара сөздің қасиетін қадірлеген жазушы ағайын қоғамның толғағы мен мұң-мұқтажын, өзекжарды өткір ойларын қойын дәптерлеріне жазып қоймаса, көшкен құмның астында қымбат мұралар көмескі тартып қала береді. Менің «Уақыт – сынап» кітабымдағы жазбалар сондай естеліктер негізінде дүниеге келген болатын. Жүрек қылын шертер, сағыныш-мұң сайын даланың сағымындай көлбеп санаңа қайта оралар шат-шадыман шақтар мен қас-қағымдық үлкенді-кішілі оқиғалар, жадыңда ұзақ жаңғырар әсерлер хақында ой түю қадым заманнан бері келе жатқан ғажайып ғадет. Күнделік өміріңіздің ең маңызды сәттерінің детальдарын жадыңызда жаңғыртады. Кейде бір жыл бұрын дәл осы сәтте, тап сол жерде қандай маңызды оқиға орын алғанын, кіммен әңгімелескеніңді, бұл күні не жазғаныңды, уақыт дидарын есіңізге түсіре алмай қиналасыз... Ойдағыны күнделікті қағазға түсіру арқылы адамның жаны рухтанады. Бұл тіршіліктің ұсақ-түйек күйзелісінен, теріс эмоциялардан қорғайды. Өмірдегі басты мақсатыңыздан ауытқымауға көмектеседі. Күнделіктен жазушылығыма рухани азық таптым. Өзің куә болған жайттарды қаз-қалпында баяндап тізу, я болмаса аптығы басылмай тұрғанда шамырқанған шумақ ойларды тау сілеміндей бедерлеу қандай ғажап! Жақұт жыр әйтеуір бірде ішті жарып шықпай қоймайтыны сияқты ой-тұздық та іңірдің іргесінде іркіліп жата бермейді. Жал-құйрықтай тарап, майдан қыл айырғандай мәнерлеп, болмаса майдаламай маңғаз мақаммен жетелі сөз бен ардалы ойды алқа-қотан көпшіліктің алдына жасқанбай жайып салу үлкен өнер десек те, алдымен ол – ардың ісі-ау!
– Осы тұста күнделігіңіздегі сондай оқиғаның бір әсерлісін баяндап беруіңіздің орайы келіп тұрған тәрізді-ау?
− «Әр ұжым үшін есте қалар ерекше күн болады. Міне, бүгін сондай маңызды да тарихи күн! 18 маусым 1991 жыл. Газет аты өзгерді. 54 жыл бойы «Социалистік Қазақстан» болып шығып келе жатқан газетіміз «Егеменді Қазақстан» деген жаңа атпен жарық көріп отыр. Өмір-бақи «СҚ»-ның шекесінде тұратындай көрінетін девизі – ұрансөзі «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» орнына қорғасыннан құйылған «Егемен болмай – ел болмас!» шақыруы орнады. «Егеменді Қазақстанның» №139 – тұңғыш нөмірінің ұрансөзі айбарлана айғайлап тұр: «Азаттық. Теңдік. Туыстық!» деп жазып қойған естелігім көзіме оттай шалынды.
«...Ел еңсесін көтерген демократия дүмпуі 70 жыл бойы партияның қолшоқпары болып келген сықиған «СҚ»-ға да жеткен. Әсіресе, соны сілкініс, бұлғақ мінез газет басына еменнің қарсы біткен иір бұтағындай Шерхан Мұртаза отырған сәттен айрықша байқалды... Шұбарланып кеткен елді мекен, жер-су атаулары жөнінде жүрексінбей-ақ «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген айдармен мәселені бүйірден қойды. «Ов», «ев» қамытынан құтқарған да, «Алтын-күмістің үстінде отырсаң да, өз қолың өз аузыңа жетпейді» деп дабылдатқан да, «Кіші 37» емес пе?» деп бүкіл елді елең еткізген де – өзіміздің Шерағаң. Газет рейтингін көтерген мұндай материалдарды ондап санауға болады...
Толғағы жеткен проблеманы ұжым назарына алып шыққан бас редакторымыз Шерхан Мұртаза:
– Қашанғы «социалистік» болып жүре береміз. Газетіміздің атын өзгертуіміз керек. Кәне, қайсыңызда қандай ой бар? Ортаға салайық. Ақылдасайық. Мәселен-ки, мен «Азат Қазақстан» атауын ұсынар едім. Әрине, жүрегім сезеді. Саяси Бюро өткізбейді. Сөйтсе де «Торғайдан қорыққан тары екпейді» демекші...
– «Азат Қазақстан». Тамаша екен! Орталық комитетке ұсынып көрейік, – деді тілшілер бөлімінің меңгерушісі Кеңесхан Зәкен бөгелместен.
– «Қазақстан» деп атасақ қалай болар екен, – деді бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл өз пікірін дәлелдеп.
– «Егеменді Қазақстан», немесе «Қазақ елі...».
Тұс-тұстан айтылған ұсыныстар, қолдаулар ортақ арнаға құйылған...», деп жалғасатын естелік газеттің атын өзгертуге атсалысқан тұлғалардың сондағы қайраткерлік бейнесін есімнен ешқашан өшірмейді.
– Өзіңізді әріптестеріңіз кәнігі журналист ретінде құрмет тұтады. Газетте жарық көрген ең алғашқы мақалаңыз есіңізде ме?
– Республикалық «Қазақстан пионері» газетінде (қазіргі «Ұлан») алғашқы хабарым жарық көргенде бойымды алапат бір қуаныш кернеп, жүрегім жарыла қуанғаным-ай. Алтыншы-жетінші сыныпта оқитын кезім-тін. Бар-жоғы он-ақ жолдық «Пионерлерге риза» деп аталатын бұл ақпарат менің сәби көңілімді сол заматта-ақ көкке ұшырып әкетті. Мақала жазуға ең алғаш мені талаптандырған анам болатын. Шағын ауылдық кітапханадан кітап жаздырып оқып жүргенімді аңғарған ол бірде маған үлкен үмітпен: «...Көрген-білген нәрселеріңнің бәрін қағазға түсіріп үйрен. Күнделік жазудан баста. Өзіңнің мектебің, достарың, ауылдың жақсы жаңалықтары туралы жалықпай жаза бер, сонда бірте-бірте қаламың ұшталады, ойың ширығады. Түбі сенен өскенде үлкен жазушы шығады», деп қайрап қойды. Сөйтіп, мен анамның осы сөзінен кейін біржола жазуға көштім. Ауылдағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей, кішкентай достарым мен балықшылар өмірінен өздігімше сыр толғап газетке жолдап тұрдым. Ара-тұра мақалаларым жарқ ете қалады. Осы жазбам арқылы танымал адамға айналып кеткендей еңселенемін. Төбем көкке жеткендей мәз боламын. Көп ұзамай балалар басылымында достық тақырыбына арнап жасаған екі ребусым жарық көрді. Содан бергі өмірлік өзегіме айналған танымдық ойындарымның басын біріктірсем, бұлар 4-5 томды қапысыз толтырады екен-ау. «Қазақстан пионері» газетінің шағын кітапханасын жеңіп алдым. Мені бұл жеңісім қанатымды жаза түсуге талпындырды. Енді ойларым түйдектеліп мөлтек әңгімелерге, суреттемелерге, очерктер мен этюдтерге айналды. «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі», «Жетісу», «Спорт», «Қазақ әдебиеті», «Ара», «Балдырған», «Білім және еңбек», т.б. газет-журналдардан көріне бастадым.
...Ұлан-байтақ даламыздың түкпір-түкпірінен аптасына ондаған хат алатынмын. Өзім қатарлы жастардың хаттарына табанда жауап жазып жіберемін. Тіпті олардан хат кешіксе, жабығатын шіркін жастық дәурен-ай десеңші. Көзімнің қарашығындай сақтаған сол хаттарды жинағанымда екі шабадан толды. Кейін Қостанайдан, ауыл шаруашылығы жұмысынан оралғанымызда жатақхананың жүк қоймасына тапсырып кеткен жерінен сол қазынамды жоғалтып алдым. Бірақ хат кеткенмен, достар қалды. Олардың біразымен студенттік шақты қатар өткізсек, кейбірімен кейін бірге жұмыс істедік. Олар – қарымды қаламгерлер Жақау Дәуренбеков, Ырым Кененбаев, Қайсар Әлім, Дәулет Исабеков, Сәлім Меңдібаев, Әнуар Қырбасов, Мінәжадин Сермағамбетов, т.б.
– Кіндік қаныңыз тамған туған аулыңызға ат басын жиі бұрып тұрасыз ба? Бір эссеңізде: «Жанарымда мөлтілдеген суреттер әуезді ән салып тұрғандай» деп суреттегеніңіз есімізде.
– Туып-өскен Қараталым оттан да ыстық жаныма. «Ұшар басын сеңгір-сеңгір таулардан алып, тыпыршыған асаудай ілгері асыққан ақ көбік жалды толқындары сонау қиырда шалқыған көгілдір Балқашын құшырлана сүйіп барып тыншиды. Күндіз- күміс, түнде алтын боп ағатын ұлан жолында талайдың шөлін басып, талай жердің нәрін ашып, талай-талай құт-берекелі бел-белестерді басып өтеді. Қос жағалауын оқалы тондай көмкерген жыныс тоғай, нілдей тұнған көк-жасыл ну мен толқындардың майда лебімен-ақ дір-дір етер балқұрақтардың сыбдыры құс базарының думанына ұласып, ғажайып күйге бөлері сөзсіз. Үлкен өмірдің жұлынындай, мәңгі тіршіліктің қан тамырындай тартылған Қараталымның лүпілі мен сыңғырлап күлген керім келбетін де жүрек шіркін, жазбай көреді-ау. Иә, мен суретші емеспін. Сөйтсе-дағы қисапсыз бояуға шомылған кіндік қаным тамған туған жерімнің, бұлғақтап өскен, өбектей өнген өлкемнің ажарын сұйылтпай, тамаша картинасын санамда өзімше кескіндеймін» деп толғаппын «Менің Қараталым» эссемде. Қайда жүрсем де осы сурет көз алдымда тұрады. Көкжиекпен астасқан осы бір әсем картинаға көк майсалы көктемде тап болған шығармын, сірә. Атамекен полотносын сұқтана айшықтауым, көңілімнің көркем күмбіріне бөлеуім мұнымен шектелмек емес. Шағаласы шаңқылдаған көгілдір Балқашымның сыңсыған қамысы мен балауса бал құрағы, бүкіл маңайын сырлы үнге бөлеген алуан нақышты бояуы талай әңгімеге арқау етілді.
«Кеудесі Көксу болғанда,
Қаратал мынау сағасы.
Жетісу деп атаған,
Үш Арыстың баласы.
Маған салсаң, Есеке,
Болар деп тұрмын халқымның.
Құт-береке панасы», – деп көмейіне сөздің балы тұнған Балпық би бабамыз жырға қосқан қасиетті Қараталдың бойында, барақатты Балқаштың жағасында туып-өскен маған да аяулы алтын бесігім анамдай асыл, әкемдей асқақ. Атамекенім аталмай кеткен туындым жоқ. Ойыма тамызықты мен де өскен ортамнан, тамырымнан таптым. Ауылдың жұпар ауасы мен кәусар бұлағына ем жете ме, шіркін! Сондықтан туған жерге жиі соғамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»