Қазақстан • 05 Мамыр, 2017

Астана жаңа вокзалы 1 маусымда алғашқы жолаушыларды қабылдайды

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада осы айдың соңына дейін жаңа темір жол вокзалы мен әуежайдың жаңа терминалының құрылысын аяқтау көзделген. Олар 1 маусымнан бастап іске қосылмақ. 

Астана жаңа вокзалы 1 маусымда алғашқы жолаушыларды қабылдайды

Бұл туралы Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. 
«Мамыр айының екінші он күндігінде, шамамен 15-і күндері, екі нысанның да құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Он шақты күн ішінде тестілік сынақ жұмыстары жүргізіледі. Вокзалда да, әуежайдың жаңа терминалы да алғашқы жолаушыларды 1 маусым күні қабылдайды деп жоспарлануда, – деді Ж. Қасымбек. – Биыл біз пилоттық режимде елордаға «ашық аспан» жүйесін енгіздік, яғни әлемнің кез-келген жерінен аптасына жиілігі жеті рет, кез-келген әуе компаниясы Астанаға қатынай алады». 
Бұл ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізуге орайластырылған шара, дегенмен, жоба сәтті жүзеге асса, әрі қарай да жалғасын таппақ. 
Сондай-ақ министр жаңа бағыттар мен қосымша жиіліктер туралы айтып берді. 
«Осы айда жаңа төрт бағыт: Варшава, Хельсинки, Будапешт, Бейжің бойынша рейстерді ашу туралы нақты жоспарлар бар», – деді ол. 
Air China алғаш рет Бейжіңнен Астанаға қатынайтын болады. Бұған дейін тек Air Astana ұшқан болатын. 
 

Соңғы жаңалықтар