
Бұл жарыста Абылайхан Жүсіповтің шоқтығы бәрінен де биік. Себебі оның ұрысу стилі тым бөлек. Екіншіден, 69 кило – Олимпиадада «қазақтың салмағы» болғалы қашан! Бірақ, жартылай финалдағы жекпе-жегі шыны керек, көпшілік көңілінен шыға қойған жоқ. Төрешіден екі боксшы да ескерту алды. Ал үшінші раундта екі боксшы баспен соқтығысып, соңы Абылайханның қабағы жарылуымен аяқталды. Осылайша кездесу мерзімінен бұрын тоқтатылды. Нәтижесінде төрешілердің бірауыз шешімімен Абылайхан моңғол боксшысы Бямба Тувшинбаттан басым түсті. А.Жүсіповтың келесі қарсыласы қазақ жанкүйерлеріне етене таныс Шахрам Гиясов болмақ. Бұхара қаласының тумасы Гиясов 2016 жылы Рио олимпиадасының финалында біздің Данияр Елеусіновке есе жібергенін естеріңізге сала кетейік.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан».
Ташкенттен