Фото: Алматы облысы әкімдігі
Тіпті елді мекенде электр қуаты уақытша өшірілген жағдайда да «Жасыл» технологиялардың арқасында олардың үйі жарықпен және ыстық сумен үздіксіз қамтылады.
Бұл жобаны кәсіпкер Темірхан Жаңабаев екі жыл бұрын қолға алған. Алғашқы кезеңде үй шатырына 24 күн панелі орнатылып, соның нәтижесінде орталық желіден тұтынылатын электр энергиясы 90 пайызға дейін азайтылған. Кәсіпкердің айтуынша, күн панельдерінің қызмет ету мерзімі 25 жылға дейін жетеді. Бастапқы инвестицияны қажет еткенімен, панельдер берік шыңдалған әйнектен жасалған және ауа райының қолайсыз жағдайларына төзімді.
Шығыста жылу жүйесіне күн энергиясы технологиялары енгізіліп жатыр
Қазіргі уақытта шаруашылықта қуаты 670 ватт болатын 42 күн панелі жұмыс істейді. Жалпы өндірілетін қуат көлемі сағатына шамамен 30 киловатты құрайды. Бұдан бөлек, үйде тек күн энергиясымен жұмыс істейтін, сыйымдылығы 250 литрлік су жылытқыш орнатылған. Арнайы жылу сақтау жүйесінің арқасында күндіз қыздырылған су тәулік бойы өз жылуын сақтайды.
Таулы аймақтың етегінде орналасуы да энергия өндіру тиімділігіне оң әсерін тигізіп отыр. Темірхан Жаңабаевтың айтуынша, күн панельдері отбасы үшін қосымша табыс көзіне айналған. Күн сайын шамамен 25 киловатт артық электр энергиясы «Алатау Жарық Компаниясына» сатылып, салынған 5 миллион теңге инвестицияның жартысына жуығы қайтарылған.
Жаз айларында күн сәулесінің молдығына байланысты ай сайынғы табыс 200 мың теңгеге дейін жетсе, қыс мезгілінде бұл көрсеткіш 50-60 мың теңге шамасында болады.
Алдағы жоспарда кәсіпкер бұрын алма бағы болған 1,5 гектар жер теліміне қосымша күн панельдерін орнатуды көздеп отыр. Қолданыстағы заңнама тәулігіне 200 киловаттқа дейін электр энергиясын сатуға мүмкіндік береді, бұл жобаны кеңейтуге жол ашады.
Мұндай бастамалар Еңбекшіқазақ ауданында «жасыл» энергетиканы дамытуға және ауылдық жерлердегі энергия тиімділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.